Құран, Хадис және Абайдың шығармашылығы

0 42

Осы өмірде Жаратушы жалғыз Иеміз Алла тағала мен оның кәләмі қасиетті Құран Кәрім ғана мәңгілік болса, Пайғамбарлардың сардары, Алланың нәбиі, досы әрі құлы, ақырғы Пайғамбар, Мұхаммад Мұстафа (с.ғ.с.) хадистерінен басқа заманақырға дейін сақталатын ешбір жаратылыс жоқ.


Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, ойшылдардың ойшылы Абай хакімнің халық қамын жеген, адам тәрбиесіне арналған өлеңдерін оқығанда, Құран аяттары мен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерін оқып отырғандай сезінесің. Абай бабамыз алдымен айтар ойыңды саралап, жүйеле, оның мән-мағынасына назар сал, айтар сөздің мағынасы күнделікті күйбең тіршілік; от жақ, су әкел, мал жайла емес. Жалпы адамзатты толғандыратын, естіні ойландыратын, дұрыс жолға сілтейтін салиқалы ой болса айт, ол үшін айтар ойды жүректің елегінен өткізіп, өзің тұшынсаң ғана айтуды өсиеттейді. «Мүминун» с.77-а: «Ол (Аллаһ) Сендер үшін есту (құлақ), көру (көз), сезу (жүрек) қабілетін жаратты», «Ахқаф» с.26-а: «Сондай-ақ оларға есту, көру және ойлау қабілетін берген едік» аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.): «Байқаңдар, расында денеде бір түйір ет бар, егер ол түзелсе, дене мүшелерінің барлығы түзеледі, ал егер ол бұзылса, дене мүшелерінің барлығы бұзылады, ол – жүрек». «Әр затты кір шалғаны тәрізді жүректі де кір шалады. Оны тәубамен, кешірім тілеумен тазалап отырыңыздар», «Жүрегінде зәредей иманы болған адам тозақтан шығады» (Тирмизи), «Жүрегінде тозаңның салмағындай тәкаппарлық болған кісі жәннатқа кірмейді» (Муслим), «Жүрегінде зәредей иманы болған адам тозақтан шығады» (Тирмизи), «Мүминнің тілі жүрегінің түбінде болады. Егер бір нәрсені айтқысы келсе, оны жүрегімен тексеріп көреді, кейін тілмен айтады. Екі жүзді адамның тілі жүрегінің бергі жағында болады. Егер сөзді айтқысы келсе, айта салады, оны тексеріп көрмейді» (Жұма уағызы 2015 ж. 434-б.). хадистері тұрады. Енді бір пара аят пен хадистен мағлұмат алғаннан соң, Абайдың шығармасына назар аударайық:
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағына жетіп қайырған,
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл.
Ет жүрексіз еріннің айтпа сөзін,
Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін.
Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма?
Шымылдық, боп көрсетпес шынның жүзін.
Міне, Абай жүректің қасиетін Алланың кәләмі аят пен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерін жақсы білгендіктен тыңдарманға қысқа да нұсқа қылып уағыздаумен қоса, ақын және жазушыға жол көрсеткен.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» деп сұрағанда, сахабалардың: «Алла мен Оның елшісі жақсы біледі» дегендеріне, Алла елшісі: «Араларыңыздағы біреуіңіздің ұнамайтын сөздермен өз бауыры (мұсылман) жайлы сырттан айтуы» (Муслим Бирр 70). «Ұят иманнан, кімнің иманы болмаса, оның ұяты жоқ» дегендей тағы да басқа аяттар мен хадистерде көрсетілген күнәлі іске халықтың көпшілігінің жақындығын, оның соңының неге соқтыратындығын ойланбайтын ғапылдығын бабамыз төмендегі жыр жолдарымен аңғартқан:
Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ
Күлкішіл кердең наданның.
Тасыса өсек,
Ысқырса кесек,
Құмардан әбден шыққаны.
Қасиетті Құран Кәрімнің: «Али Имран» с. 57, 134- а: «Алла залымдарды жақсы көрмейді», «(Кек алуға шамасы жете тұрып) ашу-ызасын баса алатындар, (қастандық еткен қаралаған) адамдарды кешіре білетіндер. Алла жақсы іс істегендерді ұнатады», «Хужурат» с.13-а: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық» (деп адамзатты Адам ата (ғ.с.) таратқандығын білдіруі, жер жүзінде өмір сүретін бүкіл пенде ұлтына, сеніміне, түсіне, тіліне қарамай, түбі бір туыс, бауыр екен білдірген). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мүміндер анығында (дін) ынтымағындағы жандар. Ағайын арасының бұзылмауын ойлаңдар. Аллаһтың рақымы түссін десеңдер, одан қорқыңдар» (Тирмизи). «Кішілерімізге мейірімділік танытып, үлкендеріміздің қадір-қасиетін білмеген адам бізден емес» (Тирмизи, Бирр,15
Біріңді, қазақ, бірің дос
Көрмесең істің бәрі бос.
Малыңды жауға,
Басыңды дауға
Қор қылма, қорға, татулас, – деп қазақты өзара татулыққа, кешірімшілдік пен бірлікке шақырады.
«Фурқан» с. 67-а: «Олар (яғни Аллаһтың шынайы құлдары) қаражат жұмсағанда ысырап та етпейді, сараңдық та қылмайды, екеуінің ортасын ұстанады», «Мәйда» с.2-а: «Ізгілік пен тақуалықта ынтымақтасыңдар, күнә мен дұшпандықта ынтымақтаспаңдар», «Қалам» с.11-а: «Жамандағыш, өсек тасығышқа да мойынұсынба» аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ішіңдер, жеңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер. Олар: өзіне бағындыра білген құмарлық және адамның өз-өзін мақтан тұтуы» (ат-Табарани). «Мақталуды, мадақталуды жақсы көру адамды соқыр, әрі керең етеді. Кейін ол өз айыптарын, кемшіліктерін көрмей, өзіне қатысты айтылған дұрыс сөздерді, насихаттарды естімейтін болады» (Абдулла ибн Масғуд (р.а), «Екі нәрсе адамды құрдымға алып барады: үміттің үзілуі және мақтаныштық», «Жалғаннан сақ болыңдар. Жалғандық адамды күнәға, күнә жаһаннамға апарады» (Бухари), «Сіздерге ғайбатты (өсек) ескертемін, шындығында ғайбат зинадан да бетер» (Ғазали, Ихия үшінші том, 318-б.). «Үнемшілдік еткен жоқшылық көрмейді» (Ахмад), «Кімде-кім үнемшіл болса, Алла тағала оны бай етеді. Кімде-кім ысырапшыл болса, Алла тағала оны кедей етеді» (Ихия улум әд дин). «Алла Тағала сіздің көпірме, бос сөз сөйлегеніңізге, дін атынан ұсақ-түйек сауал қойғаныңызға, байлықты орынсыз жұмсағаныңызға наразы» (ҚМДБ «Желмая» ғылыми аударма орталығы. 1001 хадис. Алматы 1991 ж. 29-б.) деген хадистерді Абайша айтсақ,
Тілеуің, өмірің алдында,
Оған қайғы жесеңіз,
Бес нәрседен қашық бол,
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ
Бес дұшпанын білсеңіз!
«Нәжім» с.39, 40, 41-а: «Әр адам өз еңбегінің ғана нәтижесіне қол жеткізеді. Оның еңбегінің нәтижесі алда көрінеді (қиямет күні). Содан соң (қиямет күні) оған сыйлығы, не жазасы толық беріледі» аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.): «Өзгелерге мейірім таныта алмаған адамға Алла тағала да қайырымдылық жасамайды», «Адал табыс табуға шыққан адам жиһадта жүрген кісі тәрізді» ­«Бирр 16 Әбу Дауд, Әдеб,58).
Ибн Адия, Ибн Омардан риуаят еткен). «Сендерге Алланың дәрежені көтеретін амалды айтайын ба?». Сонда сахабалар: «Әрине!» деді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Сенен алыстағандарға сен жақында, саған бермегендерге сен бер, саған зұлымдық жасағандарды кешір» (Әбу Дәуіт, Әдеп, 3). «Құлшылық он түрлі нәрседен құралады. Бұл он нәрсенің тоғызы адал ырзық іздеуде (Дәйлами)» десе, Абай:
Адам болам десеңіз.
Бес нәрсеге асық бол,
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой-
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,
Малың болса, сыйламай тұра алмас ел.
Қаруыңның барында қайрат қылмай,
Қаңғып өткен өмірдің бәрі де –жел.
Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,
Еңбек қылмас еріншек адам болмас.
Есек к…н жусаңда мал тауып кел,
Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас, – деп адами асыл қасиеттер, ислами құндылықтар мен ізгілікті ойларды түсінікті тілмен түйіндейді.
«Зүмәр» с. 9-а: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» Пайғамбар Мұса (а. с.) ілім үйрену үшін Қызырдың ізіне ерген. Бұл туралы Құранның «Кәһф» с. 66-а: «Мұса: Өзіңе үйретілген ілімнен маған да үйретуің үшін қасыңа ерсем бола ма? деді». Пайғамбар (с.ғ.с.): Құдси хадисте: «Мен ілімді аштыққа жасырдым, адамдар қарын тоқтықтан іздейді оны қайдан тапсын», (Бахарул Әнуар). «Әй Әбу Зар «Тәңертең үйіңнен шығып, Құраннан бір аят үйренуің сен үшін 100 ракағат нәпіл намаз оқығаннан да қайырлы. Сол секілді тәңертең үйіңнен шығып, ілімнен бір бөлім үйренуің сен үшін мың ракағат нәпіл намаз оқудан қайырлы. (Ибн Мажа Муқаддима 16). «Бала-шағасын адалынан асырауға тырысып жүрген жан Алла жолында күресушімен тең. Ар-ұятын сақтап, адал дүниені іздегендер шейіттерге деңгейлес» (Табарани) десе,
Дүние де өзі, мал да өзі
Ғылымға көңіл бөлсеңіз.
Қызмет қылып мал таппай,
Ғылым оқып ой таппай,
Адам-бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Менімен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі – ол баяғы.
Құр үйінде жатады.
Ел қыдырып ас ішіп,
Еркек арын сатады.
Бала-шаға, ұрғашы
Үйде жаурап жатады» – деп бабамыз отбасының отағасы Алладан кейінгі асыраушысы екенін ескертіп, үй иесі отбасының жағдайын ойлап, адал жолмен еңбек етіп, мал табудың орнына, ел қыдырып, тамақ аңдып, елге жексұрын болып өз тамағын ғана күйттеп, отбасының жағдайын ойламайтын жалқауларды сынаған.
«Ықылас» сүресі: «(Мұхаммед) Айт: Ол Алла Ахад (Жалғыз). Алла-Самад (мұқтажсыз, ал барлық жаратылыс Оған мұқтаж). Ол тумады да туылмады. Әрі Оған ешкім тең емес». Пайғамбар (с.ғ.с.), Құдси хадис; «Абыройды бағыну мен тақуалыққа жасырдым, адамдар оны басшылықтың табалдырығынан іздейді, оны қайдан тапсын; Рақатты жұмаққа жасырдым, адамдар оны дүниеден іздейді, оны қайдан тапсын» (Бихарул Әнуар) десе, Абай:
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ, өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек.
Әнғам с.12 а: «Сондай өздеріне кесір тигізгендер; олар сенбейді» десе, Пайғамбар (с.ғ.с.): «Нәпсісін жамандықтардан арылтқан адам жарылқанады, ал жамандыққа салып жіберген адам зиянға ұшырайды» (Шәме 9-10). «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан тақуалығынан (адамгершілігінен) басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Аллаһтың алдында ең мәртебелілерің тақуалы (адамгершілігі мол) болғандарың» (С.Сейтбеков. «Дін насихат» Алматы-2014 ж. 53-б.). Нәпсіні еркіне босатпай, тұрақты түрде шариғат аясынан шығармай тәрбиелеу аса қажеттілік. Нәпсі тәрбиесінде білімнің, мінездің және қанағаттың орны өзгеше екенін мына өлең жолдары арқылы ұлы ойшыл халықтың санасына жеткізуді көздеген.

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас,
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөзі айрылмас.
Замана, шаруа, мінез күнде өзгереді,
Оларға кез-кезімен нәби келді.
Қағида шариғаты өзгерсе де,
Тағриф алла еш жерде өзгермейді.
Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес,
Әһли кітап бұл сөзді бекер демес.
Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен
Бос сөзбенен қастаспай түзу келмес. «Хұжурат с. 10, 13-а: «Шын мәнінде мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар», «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден, (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың».
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім мені әкесінен, анасынан, баласынан және бүкіл адамдардан артық жақсы көрмейінше, кәміл иман еткен болып саналмайды» (Бухари, Иман 8) бүкіл адамзатты оның ішінде діндес бауырларын шын сүймеген пенденің иманы кәміл болмайтындығын Абай бабамыз:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және хақ жолы осы деп біл» деумен.
Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс, шумағындағы «Бастапқы үшті бекітпей сөйлемі, Алланы, оның Пайғамбарын және бүкіл адамзатты оның ішінде діндес бауырларын шын сүймеген пенденің иманы кәміл болмайтындығын, ал иманы кәміл еместердің жасаған тағат-ғибадаттарының ешқандай мән-мағынасы жоқтығын білгізген. Алдымен сенімді күшейтіп, Алла мен Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) адам баласын өзінің жаны мен тәнінің, отбасының мүшелерінен артық көретін дәрежеге жеткізбей жасалған ғибадаттың жалғандығын насихаттаған. Абай хакімнің иманыңды бекітпей жасаған құлшылықтың пайдасыз екендігін айтқан жолдарын, кейбір пенделер Абай айтқан «Алланы мойындасам болды, ғибадаттар: руза, намаз, зекет, хажды орындау қажет емес» деп түсініп, оларды орындау міндет емес деп ойлайды. Олар бабамыздың осы өлеңінің жалғасы мына шумағының мән-мағынасына көңіл бөлмеген, не өлеңді аяғына дейін оқымаған.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менімен, менен бұрынғы пайғамбарлардың мысалы: Бір адам әдемі, көркем үй салып, бұрыштарының бірінде бір кірпіш қаланбай қалған сияқты. Адамдар сол үйді айналып, таңғалып, «әттең, шіркін-ай, бұған бір кірпіш қаланғанда ғой» дейді. Мен – сол кірпішпін және соңғы пайғамбармын» деген хадисін
Әсемпаз болма әрнеге
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сенде бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан! – деген шумақпен пендеге Пайғамбар (с.ғ.с.) секілді сен де өмірде өз орныңды тауып, басқаға пайдаңды тигізгенің дұрыс деп уағыздайды.
«Бақара» с.34-а: «Біз періштелерге, Адамға (а.с.) сәжде етуді әмір еткенімізде, олар сәжде етті. Тек Ібіліс қана бас тартты, тәкаппарланды және кәпірлерден болды» «Ағраф» с.12-а: (Аллаһ Ібілістен): «мен әмір еткенде, сені сәжде етуден не тыйды?» деп сұрағанда. Ол: «Мен одан артықпын. Мені оттан жаратып, оны балшықтан жараттың» деп паңданғандықтан лағнетке ұшырады «Лұқман» с.18-а: «Адамдарға паңданып қырын қарама және тәкаппарланып жүрме. Шынында Алла дандайсыған мақтаншақтарды сүймейді» аяттары мен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Даңқ – Аллаһтың киімі. Тәккәпарлық шапаны. Аллаһ айтады: «Кімде-кім Мені мен осы нәрседе таласса оны азаптаймын». Тағы да Аллаһ айтады: «Менмендік – шапаным, Ұлылық – киімім. Кімде-кім осы екеуінің біреуіне байланысты Менімен таласса, оны тозаққа лақтырамын» (Әбу Сағид Әл-Худри мен Әбу Хурайрадан) Ал, Абай бабамыз:
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес.
Осынша ақымақ болғаным
Көрінгене қызықтым.
Ғаділеті жүректің,
Әділетін бұзыппын.
Кешікпей-ақ тосқанға, – деп адам тәрбиесін күшейтуге, зиянды қылықтардан арылуға шақырады.
Қорыта айтқанда, ұлы ойшыл, дана Абай – Құран аяттары мен пайғамбар (с.а.а) хадистерін өзінің өлеңдері арқылы көпшілікке түсінікті тілмен жеткізе білген данышпан.

Ауданбай АХМЕТЖАНҰЛЫ, зейнеткер

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − one =