«Құр терім тұр қаудырап, сүйегім қалды саудырап…»

немесе Торғай жеріндегі ашаршылық Күдері ақын шығармасында

0 720

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев егемендіктің отыз жылдығына орай жариялаған
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді» деп жазды. Біз бүгін Президент мақаласы аясында белгілі тарихшы-ғалым Құрманғали Даркеновтің қасіретті жылдардың қаралы көрінісін құнды деректермен зерделеген ойлы дүниесін ұсынып отырмыз.

Артында қалған мол әдеби мұрасы мен шығармалары толық жиналмаған Күдері ақын жөнінде Торғай жеріндегі сөз қадірін түсінген көнекөз қариялар мен өткеннің мұрасын жинап, сақтап жүргендер ғана азды-көпті, үзік-үзік өлеңдерін біледі. Кезінде:

Белгілі Орта жүздің ақынымын,
Әбдірахман, Оспан қожа
жақынымын,
Досымның осы күнде бірі де жоқ
Айрылған серігінен
пақырыңмын.

Қалаулы қариялардан
бата алып ем,
Білімді жақсылардан хат
алып ем,
Сөз бастап талай шешен
ортасында,
Торғайдың Күдері ақыны
атанып ем.

Адамын көрдім Омбы,
Орынбордың,
Мәнісін білдім талай биік,
зордың.
Ақыны, шешені бар,
жақсысы бар,
Бәрімен таныс болып кеңес құрдым, – деп басталатын өлеңдерін артында қалдырған Күдері ақын мұрасына үңіле түссек терең мағына бар.
Келтірілген өлеңінде арғынның Жылқайдар руындағы өз заманында қолы ашық жомарттығымен аты шыққан, Сарықопа, Майқарау болыстарында ұзақ жылдар болыстық билікте болған, Мекке, Мединеге барып қажы атанған туысқаны Иманқұлдың Әбдірахманы мен Торғай жерінде ислам дінін таратқан, шығу тегі қожа болғанымен, Жылқайдарға бір тармағындай ағайын-туыс болып сіңісіп кеткен елге сыйлы Оспан қожаны жақыным деп әрі айбар тұтып айтып отырғаны белгілі. Қадірлі екі туысынан айрылып өзі ғана қалған Күдері ақынның «айрылған серігінен пақырыңмын» дегені аумалы-төкпелі заманда тәркілеу мен аштық салдарынан базарлы тұрмыстың сәні де, мәні де кетіп өз басындағы халді баяндауы еді. Сөз тапқыр шешендігімен, кесіп айтар өткірлігімен Батпаққара, Нау­рызым, Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау жерінде Торғайдың ақын Күдерісі болып танылып, сыртқа да белгілі болып Омбы, Орынборда айтысты ма деп те ойлаймыз. Оған жоғарыда келтірілген «Адамын көрдім Омбы, Орынбордың…» деген өлең жолдары куә. Егер Омбы, Орынборда болмаса, айтыспаса кейін бір айтыста немесе сөз қағыстырғанда сөз терген, сөз аңдыған ақындардың өзіне қарсы айтуы мүмкін болғандықтан, болмағанды болды деп айтпасы да анық еді.
Төменде беріліп отырған шығармасында 1930-32 жылдардағы қазақ халқы басына түскен аштық зардабын өз басынан өткізіп, көзімен көріп, көңілге түйгенін Күдері ақын өлеңмен өреді. Өлең жолдарындағы бір адамның басынан өткені, тағдыры, ой-арманы, тілегі, қасіреті арқылы сол жылдардағы қазақ басына түскен ауыр жағдайды түйсінуге, жанайқайын түсінуге болғандай. Аштық алқымға алған жылдары туған жерін тастап Торғай елінен Қостанай, Ақтөбеге, көршілес Ресей аумағына, темір жол бойына шұбырған халықтың қайғы-қасіретін өз көзімен көрген ақын бүкпесіз ащы шындықты жазады. Ақын шығармасы – әдеби көркем туынды ғана емес, 30-32 жылдардағы аштықты, Торғай елі қасіретін кейінгі ұрпаққа жеткізген тарихи дерек.
Өзі де аштықтың, зұлмат сая­саттың құрбаны болған Күдері ақынның артында жиналмаған мол әдеби, тарихи мұрасы, ел аузында үзік-үзік өлең жолдары қалды.
Ақын Күдері Жолдыбайұлы шығармасында көзімен көргенін баяндап сол жылдары қызмет басында жүрген туысы, жанашыр бауыры, аталас інісі Дәрке қажының ұлы Тұрмағамбетке арнап, сәлемін жолдаған. Бізге ақын өлеңіндегі елдің басынан өткізген ауыр қасіретін өлең жолдарымен өріп, баяндайтын өткеннің тарихи белгісіндей болып бүгінге жеткен ақиқаты қымбат. Ақын өлеңінің әр жолын тебіренбей, селт етпей оқу мүмкін емес. Ендеше ақын өлеңін тыңдалық:

Ақын Күдері Жолдыбайұлының інісі Тұрмағанбет
Дәркеұлына сәлемі

Көзімнің нұры шырағым,
Жетіп өлем панаңа.
Іш бауырым қан болды,
Оқ тиіп жүрек қабына.
Енді үміт жоқ бөтеннен,
Болар деп тірек тағы да,
Қолымыз жетпей босқа өлдік,
Бір тамшы сүт ағына.
Қойдан бетер қырылдық,
Тигендей індет табына.
Туған бала жат болды,
Қайрылмайтын сағына.
Туды ма деп ойлаймын,
Аз күнгі дүние бағыма.
Бір көрініп кетпедің,
Байсұлтан, Мәрдан орнына.
Қираған балта сабына,
Сүйеніш болар бір өзің,
Қарасам істің нағына.
Іздеп бір мені келерсің,
Жақындықтың бағына.
Ер түрімнен айрылдым,
Қанатымнан қайрылдым,
Келген шақта құдай-ау,
Өлетұғын шағыма,
Қосылмас түрім көрінді,
Қожабике тамына.
Елден топырақ бұйырмай,
Кірмейтін жерге айналдым,
Қарға адым жер мұң болды,
Қазыққа ажал байландым.
Құр терім тұр қаудырап,
Сүйегім қалды саудырап,
Аштықтан басқа дертім жоқ,
Талықсып тұрмын маужырап.
Баладан пайда болмады,
Құр басым қалды жаудырап.
Келсең көрмей кетпессің
Құлағанда үстіме,
атпайтын еді-ау таң бірақ,
атаның көңілі балада,
Артымда жалғыз бау құрақ.
Жаратпасаң төресің,
Ендес бауыр болғанмен
Әркімде шыбын жан бірақ,
Мен не дейін ендесім,
Бауыр деп іздеп келмесең,
Қол ұшыңды бермесең,
Алмасаң ата сәлемін,
Төрелігіңді жеңбесең.
Құдайдан не деп тілейін
Шығарда үш мың салып ең,
Кеткеніме налып ең,
Ағыке дейтін інің жоқ
Өкінішпен қалып ең.
Түзік деп кімге ерерсің,
Үзік деп кімге сенерсің,
Іздеп бір тапсаң демерсің,
Төлеңгіт емес төресің,
Бауырыңды жатқа тастама,
Сәлемім жетсе келерсің.
Енді маған келгенде
Көрсетпесең өзің біл,
Бас қамының елесін.
Асылдан қалған тұяқсың,
Бетеге емес қияқсың,
Жасы мен кәрі бас шұлғып,
Сөзіңе тоқтар, би-ақсың.
Сенен бөтен бұрылып
Зарды кімге айтамыз,
Балапандай асырап,
Бас көтеріп шалқыңыз,
Барша жұртқа қадірлі
Қымбат болсын нарқыңыз.
Күрмеуі қысқа ғұмырда
Қиындық көрмей қалқыңыз.
Қарашығы көзіңнің,
Жат болмасын жалқыңыз,
Жетсе хабар ендесім,
Аузыма келіп су тамыз.
Аша алмай жабық түндікті,
Өлімге қазақ көндікті,
Кімнен келген қасірет
Сұрайтын адам жоқ тіпті.
Жүрмін қаңғып әр үйде,
Таусылды тұзым фаниде,
Өліктің исі аңқиды,
Бей-жай боп тұрмын бір күйде.
Болар ма мұндай тақырлық
Күнім бір туды пақырлық,
Сәлемім осы ақырлық
Бір келі май бермесең,
Ата аруағын шақырдық.

Күдері ақын өлеңінің терең иірімдеріне, қалтарыстарына үңілгенде тарих тұңғиығына тасталып, ұзақ жылдар тұмшаланған, айтылмаған ақиқатты көреміз. Әрбір өлең жолында халықтың қиналысы, жанайқайы ақын аузымен айтылып отыр. Күдері Жолдыбайұлының осы өлеңінің құндылығы және басқа ақындар шығармасынан ерекшелігі сонда, ақын оқығанын немесе біреуден естігенін жазып отырған жоқ, өз басынан өткенді, көрген қиыншылығын, халық басындағы қасіретті жазып отыр. Аштықтан жүре алмай шыбындай қырылып, жол бойында шашылып жатқан қазақтар халін «Қолымыз жетпей босқа өлдік, Бір тамшы сүт ағына. Қойдан бетер қырылдық, Тигендей індет табына» деген жолдармен баяндайды. Жаны ауырып ашынған, түңілген, ажал апанындағы ақын «Жүрмін қаңғып әр үйде, Таусылды тұзым фаниде, Өліктің исі аңқиды, Бей-жай боп тұрмын бір күйде» деп бүкпесіз шындықты жазады. Ақын еңбегінің құндылығы сонда, ақынның ашаршылық ақиқатын жазған шығармасының әр жолын мұрағат деректері және аштық жылдары дабыл көтерген қазақ қайраткерлері еңбектері дәлелдейді.
Тұрар Рысқұловтың И.В.­Сталинге жазған екінші хатында мынадай деректер бар. «…Қазір Ақтөбе облысында жүрген Қызыл крестің москвалық отрядының мәлімдемесінде Торғай секілді аудандарда қазақтарды ашаршылық пен пен індеттің жайлап алғандығы айтылады. Аш адамдар қоқысқа төгілген ас қалдықтарын, шөптің тамырларын қорек қылған, ұсақ кемірушілерді ұстап жеген. Аштар осы жерлердегі иттер мен мысықтарды түгел жеп бітірген, олардың күркелерінің айналасында жеріне жеткізе қайнатылған иттің, мысықтың, ұсақ кемірушілердің сүйек-саяқтары үюлі жатқан көрінеді. Кейбір аштардың кісі өлігін жегені туралы да хабарлар бар. Отрядтың осы мәлімдемесінде аудан орталығы Торғайдағы 2500 тұрғынның 728-інің шешекпен ауырғаны және олардың көпшілігінің қаза тапқаны атап көрсетілген. …ауданның 25 мың адам тұратын ауылдарында егу жұмыстарын небары екі адам ғана жүргізген. Торғай ауданындағы шешек індеті жайында Ақтөбе облысының орталығындағылар білмеген. Ал Қазақстан Денсаулық сақтау Халық Комиссариаты мұндай аудандарды есепке алмаған, соның салдарынан осы уақыт ішінде шешекпен ауырғандар саны 2400-ге жеткен. Жергілікті органдардың мәліметі бойынша, Торғай (қазіргі Жангелдин ауданы) және Батпаққара (қазіргі Амангелді ауданы) аудандарындағы халықтың 20-30 проценті тегіс қазаға ұшыраған және қалған тұрғындарының көпшілігі көшіп кеткен». Міне, елдің ауыр халін Т.Рысқұлов осылай жазады.
Ел өткенін білетін көзі ашық, көкірегі ояу көне көздердің айтуы бойынша ауылдардан аудан орталығы Торғайға, ауданнан Ақтөбе, Қостанайға шұбырған халықтың көпшілігі аштық пен індеттен қырылған. Әсіресе, балалар шетінеген. Тағы да Т.Рысқұловтың Сталинге жазған хатына сілтеме жасасақ, Торғайдағы қазақ балаларының жағдайы туралы мынадай дерек келтірілген. «Балалар аса ауыр халде қалып отыр. Ата-анасынан ажырап қалған 4 жасқа дейінгі балалар бірі қалмай түгел қазаға ұшырады. Балалар үйлері мен т.б. мекемелерден төрт жастан жоғары жадап-жүдеген балаларды көруге тура келді. Төрт жастан төмендегілер ата-аналарымен бірге жүргенімен, өте азған. Балалар үйлеріндегі сәбилердің түгел іші өтіп ауырады. 100-150 орындық балалар үйлерінен әдетте күніне 1-2, кейде 3 балаға дейін өледі және бұлардың орны жаңадан қабылданғандар есебінен тез-ақ толықтырылып тұрады. Балалардың түгел қырылып кету қаупі төніп тұр».
Т.Рысқұлов елден шалғайда Москвада қызметте болғандықтан, ел ішіндегі ауыр жағдайдың бірін білсе де, бірін білмеді. Голощекин мен оның төңірегіндегілер оған ел жайы жөнінде ақпарат жеткізбеуге тырысқан. Естігенінің өзі, білгені осы болды. Ал көзбен көргендер жазуынша, ашаршылық пен індет жайлаған ел жағдайы бұдан да ауыр болды.
Сібір өлкелік партия комитетінің бірінші секретары Роберт Индрикович Эйхе: «Қазақстан қиындыққа ұшырап Сібірге шұбырып көшіп келіп жатыр… Аш-жалаңаш қазақтар Новосибирск көшелеріне сыймай кетті. Бұл не? – деп Сталинге хабарлайды. Сталин Голощекиннен «Қазақстанда не болып жатыр?» деп сұрағанда, ол «Қазақтар ертеден көшпелі халық, олар қысы-жазы көшіп жүреді, бұған таңданатын ештеңе жоқ» деп жауап берген екен». Халық шыбындай қырылып жатқанда қазақ елі басшысының жауабы осы болды.
Мұрағат деректеріне сүйенсек, мал басы осы аштық жылдары күрт кеміді. 1932 жылы Батпаққара ауданында бүкіл малдың – 4,1%, Торғай ауданында 7% ғана қалған. Тіршілік көзі малдан айрылу Торғай елі халқын ашаршылыққа ұшыратты. Аштық пен індет жайлаған халық босқыншылыққа душар болып, азып-тозған, ілбіп облыс орталығына, қалаларға, теміржол бойындағы елді мекендерге, Ресей жеріне босқан халық шұбырған тобырға айналды. Бірақ, көпшілігі жете алмай жол бойында ауру мен аштықтан өлді. Жеткендердің өздері де, көпшілігі індеттен, аурудан көз жұмды. Торғай мен Батпаққара аудандарының халқының бір бөлігі Сыр елінде жағдай жақсырақ деген хабармен, қазіргі Қызылорда бойына қарай шұбырып, одан әрі Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан территориясына өтті. Кейін олардың біразын елге қайтарып алып келгенімен бірқатары сол жақты мекендеп тұрып қалды. Оңтүстіктің үш облысында осылай Торғай жерінен ашаршылық зардабынан ығысқан арғын және қыпшақ рулары біржола тұрақтап қалып қойды. Одан әрі Өзбекстан жерінде тоқшылық деген хабар негізінде Өзбекстан жеріне де өтіп кетті. Халқы көшіп, тоз-тоз болған елде, кәмпескіленген мал да, ауқаттылардан тәркіленген мал да және әртүрлі салықтар есебінен жиналған мал да сойылып Ресейге жөнелтілді, жіберілмегендері қырылды осылай. Торғай елі ақ тақырда таяқ ұстап қалды. 30-шы жылдардың аштығын терең зерттеген ғалым Т.Омарбеков Батпаққара, Торғай аудандары қараған Ақтөбе облысында 1932 жылдың соңында 1930 жылғы малдың 2,7% қалғанын жазған.
Қазақ Өлкелік комитетінің өкілі Нишанбаев Торғай және Батпаққара аудандары қазақтарының жағдайы жөнінде сыртқа босып кеткендерін есепке алмағанда «… толық емес мәліметтер бойынша Торғай ауданында 2025 адамның аштықтан өлгенін, 8500 адам аштық жағдайында екенін, …Батпаққара ауданы бойынша аштан өлгендер жөнінде нақты мәліметтерді білмейтіндігін, аштық жағдайында 8000-нан астам адам бар» деп жазған.
20-шы жылдардың басында да Қазақстанның көп жерін шарпыған аштық салқыны Торғай еліне тигені белгілі. Осы кезеңде қазақ зиялылары халықты аман сақтау мақсатында ел ішінен Семейде мал жинап Ж.Аймауытов бас болып Торғай еліне әкеліп мал таратты. Мұның арты Ж.Аймауытовты жиналған малды А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың т.б. Торғай алашордашыларының жақын-жуықтарына таратты, таратқандарынан қолхат алмады деп айыптаумен, дау-дамайға ұласқаны да белгілі. Ж.Аймауытов «Аштарға не берсем де, ешқайсынан қолхат алмадым. Хат білмейтін, аштан көзі қарайып, өлейін деп отырған адамнан қолхат сұрауды қолайсыз көрдім» деп ақиқатын айтып ақталған еді.
Ал 30-жылдардың басында, Торғай елі тағы да аштықққа душар болып, халық аштықтан қырылып, тірі қалғаны босып, жан сауғалағанда елге шығып, елдің жайына қараған жан болған жоқ. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен заман болды. Бұл кезде Ж.Аймауытов 1930 жылдың 1 сәуірінде жалған жаламен айыпталып атылып кетті. Қырағы кеңестік идеологтар ­А.Байтұрсынов, М.Дулатов секілді қазақ зиялыларын да бас көтертпей кінәлаумен, айыптаумен болды. А.Байтұрсыновты жардың шетіне тақаған Ғ.Тоғжановтың «Байтұрсынов және байтұрсыновшылдық» дегені де осы кезде жарық көрді. Ел басындағылар ел ішін жайлаған аштықты ауыздықтап халықты аман сақтау орнына, ел қамын жеген қазақтың сүт бетіне шыққан қаймақтарын сылып алып, қуғын- сүргінге ұшыратты. Қазақтың ұлтжанды зиялылары айыпталып, Ресейдің Орталық-қаратопырақты облысына, Карелияға, Словакияға әкімшілік жолмен бес жылдан он екі жылға дейін мерзімге жер аударылды. Үкімет те адам шығыны емес, мал шығыны жөнінде айтып ауыл шаруашылығын дамыту туралы мәселе қараумен, босқындарды қайтару, қайта қоныстандырумен ғана шектелді. Аштық Күдері ақын суреттегендей Торғай елін тоз-тоз қылды.
Ашаршылық тұзағынан Күдері ақын да (1860-1931) құтылмады. 1931 жылы Семиозердің, Бекбау поселкасының маңында Қызылқұм деген жерде 71 жасында дүниеден өтеді. Дәркенің Тұрмағанбеті сол жылы, сол жаққа іздеп барып ақынға жолығады. Әр сөзін өлеңмен өрнек­теген Күдері ақын ел басындағы ауыр халді, өзінің де қартайғанын, енді елге қайта жете алмайтынын, ата-бабаның Қожабике зиратына қойылмайтынын өкінішпен айтады. Сонда:
Тұрмағанбет шырағым,
Көлге біткен құрағым
Жетпіс жасқа келгенде,
Қызылқұм болды тұрағым.
Бас қамы қылып босып жүр
Әркім жанның қамына,
Қосылмас түрім көрінді
Қожабике тамына, – деп ел ішіндегі жағдайды назалана баяндайды. Өзінің туып-өскен жеріндегі ата-баба зираты Қожабикеден топырақ бұйырмайтынын өлеңмен жеткізді.
Білетіндердің айтуынша, жасы келген, әрі сырқат Күдері ақын сол жолы елге алып кеткісі келгенімен, інісі Тұрмағанбетке ермей қалып қояды. Бір жағынан, ішкі жаққа кіре тартып кеткен баласы ­Нәбиді күтсе керек. Ашаршылыққа ұшыраған халыққа көмек көрсету мақсатында шығарылған облыстық комиссияның құрамында болған інісі Тұрмағанбет Дәркеұлымен қазіргі Әулиекөл ауданындағы Ноғайкөл елді мекенінде қоштасады. Бұл Күдері ақынды ағайын-туыстарының соңғы көруі еді.
Күдері ақын өлеңдері сөз қадірін түсініп бағалаған, үлкендер аузында жүргенімен көзден таса болып, уақыт шаңына көміліп ұмытыла бастады. Торғай ақындарының, оның ішінде Күдері ақынның да өлеңдерін ерекше шабытпен жатқа айтатын, жиған-тергені бар от ауызды, орақ тілді сөз зергері ­С.Кенжеахметов дүниеден өтті. Білетін, әр сөзін, өлеңдерін саф алтындай құндап айтып жүретін үлкендер қатары сиреді, ал кейінгілер мектеп оқулығына енген Күдері ақынның «Амангелдінің Торғайды алуы» дастанынан басқасын білмеді десек те болады. Солай болғанымен, жоғарыдағы өлең жолдары 1930-32 жылдары аштық зардабынан елін тастап босып кеткен әр қазақтың басынан өткен қасіретті, ащы ақиқатты жеткізгендігі хақ. Өлеңнің әр шумағын, әр жолын жай сыдыртып оқу мүмкін емес, жан жарасының беті ашылып жаныңды ауыртады, терең ойға жетелейді.
Торғай уезінде ұзақ жыл Майқарау, Сарықопа болысының правителі болған, өзі де ақындықтан құр алақан емес Иманқұлдың Әбдірахманы туысы, жақыны, сыйласы Күдері ақынды құрмет тұтып, оның өткірлігіне, батылдығына, өлеңдерінің салмағына риза болып:
Саф алтыным, сом құйма
бауырым-ай,
Әр сөзіңнің салмағы, ауырын-ай,
Қараша емес, ханы да бас иетін
Жат түгіл досқа қимас тәуірім-ай, – деген екен. Бұл өлең шумағы Күдері ақынның азаматтық тұлғасын, ақындық келбетін ашып тұрғандай.
Тарих ақиқатына назар аудару – өткенді білу, жадты жаңғырту, асылды қастерлеу. Мұрасы ел аузында сақталған ақиқатты алмас қылыштай кесіп айтатын Торғай елінің Күдері ақыны да – құрметке лайық тұлға. Өз замандастары бағалағандай, Күдері ақын – Торғайдың тәуірі, саф алтын, сом құймасы.

Құрманғали ДАРКЕНОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің профессоры

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − 8 =