©2020 Астана Ақшамы
Құқықтық сауат сабағы
Жақында Астана қаласы Балалар құқығын қорғау департаменті мектеп омбудсмендеріне арналған «Мектептегі оқушылардың құқықтық өзара қарым-қатынастары» атты семинар-тренинг өткізді.
Мақсаты – мектеп омбуд- смендеріне жанжалды жағдайларды шешудің жолдарын түсіндіру, балалардың құқықтық білімдерін кеңейту.
Департамент директоры Рысты Жұмабекова Елбасы Жолдауында айтылғандай, елімізде әрбір сәбидің құқығы қорғалуы тиіс екенін алға тартты.
Семинарға келген Астана қаласы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және халыққа заң көмегін көрсету бөлімінің бас маманы Ж.Сәрсембаева, «Медиаторлар одағы» қоғамдық бірлестігінің психологы А.Төлеуханова, Астана қаласы Білім басқармасының кәмелетке толмағандар құқығын қорғау бөлімінің бас маманы А.Жұбаев құқықтық тәрбие бойынша өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, мектеп омбудсмендеріне департамент басшысы салтанатты түрде куәлік табыстады. №38 мектеп-лицейдің оқушысы Нұрқабыл Алмат мектеп омбудсмендері атынан сөз сөйлеп, өз лауазымына лайықты жұмыс атқаратынына сенім білдірді.
Семинардың тәжірибелік бөлімінде «Демеу» орталығының психологтары Т.Станислав пен О.Журавлева «Жанжал және оны шешудің жолдары» атты тренинг өткізді. Тренинг барысында балалар бірліктің арқасында кез келген жағдайдан шығу және оған мәжбүр адамға көмек көрсету жолдарын талқылады. Жиын соңында мектеп омбудсмендеріне және олардың жетекшілеріне арнап әдістемелік көмек ретінде ақпараттық мазмұндағы материалдар таратылды.
Лариса ТЕМІРЛИНА,
Астана қаласы Балалар құқығын қорғау департаментінің бас маманы