Құқық саласын реформалау – өмір талабы

0 92

Тәуелсіздік алғаннан бері, еліміздің игілігі үшін қабылданған заңдардың арқасында мемлекетіміз көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Қоғам дамыған сайын қоғамның даму белгісін айқындайтын, оның бағдарын белгілейтін заңдар да жетілдіру үстінде.

Сот жүйесі де өз өкілеттігін адам мен адамзаттың құқығын, бостан­дығын қорғайтын, Қазақстан Республикасының біртұтас экономикалық және құқық кеңістігі жолында жүзеге асыратын – биліктің дербес, тәуелсіз тармағы ретінде шешуші қадамдар жасауда.
Биылғы жылдың 10 маусымында мемлекет басшысы «ҚР соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Елбасы және Президент тарапынан бізге қойылған ең басты міндет – сот жүйесіне деген халықтың сенімін арттыру. Оған қол жеткізудің тиімді жолдарының бірі – сот процесін адамдарға ыңғайлы, тиімді, түсінікті, соттарды артық, қажетсіз функциялардан арылту мәселесі болып отыр.

Процессуалдық  заңнаманың  новеллалары

Жаңартылған кодекс барлық заманауи негізгі институттарды сақтап қана қоймай, сонымен қатар қазақстандық құқықтық тәжірибені әлемдік озық стандарттарға жеткізетін өзгерістерді енгізді. Біріншіден: дауларды реттеудің соттан бөлек тетіктерін жетілдіру және одан әрі дамыту мақсатында «Дауларды соттан тыс реттеу» атты жаңа тарау енгізіліп, дауды сотқа дейін реттеу міндеттелді. Бұл дегеніміз – екі тарапты сотқа дейін бітімге келтіру. Жаңа заңда орын алған бұл жаңалық судьялар мен медиаторлар үшін ғана емес, сондай-ақ дау тараптары үшін де өте тиімді. Сол үшін өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында татуластыру орталығы ашылды. Онда отставкадағы 2 судья және 5 қызметкер жұмыс жасап, осындай дауларды сотқа жеткізбей шешеді. Осы орайда, медиация тәр­тібі екі тарапты татулас­тыру арқылы істі қысқарту судьялардың жұмысын жеңілдететіндігін айта кету қажет. Сот медиациясының артықшылығы – азаматтық істер шеңберінде арыздың бөлек, дауға тікелей байланысты өзекті мәселелерді бітімгершілік рәсімін қолдану арқылы шешуге болатындығында. Осы жылдың 22 маусымынан бастап азаматтық іс қаралатын соттарда 12 судья осы жұмыспен айналысады. Олар іс қараудан босатылады. Бұл санаттағы судьялар тәжірибелі, қос тілді де жақсы біледі. Олар: Г.Рахметова (Нұр-Сұлтан қалалық соты), А.Кәрімова, Б.Сатбаев (МАЭС), А.Тағажаева, М.Хожабергенов (Алматы аудандық соты), Л.Мұздыбаева, С.Спандиярова (Байқоңыр аудандық соты), Г.Шарапатова, Г.Тас­тыбаева (Сарыарқа аудандық соты), Ж.Көмекова, М.Давлетова (Есіл аудандық соты), Қ.Әлқожаев (кәмелеттік жасқа толмағандар соты).

Татуласу рәсімдерінің мүмкіндігі артты

Енді процестік заңнама аясында арызданушылардың татуласу рәсімдерін қолдану мүмкіндіктері артады, Германия, Сингапур елдерінің медиация саласындағы тәжірибесіне негізделіп, тараптардың өтінішхаты негізінде медиацияны іс жүргізуінде іс жатқан судья өткізуі мүмкіндігі қарастырылған. 2018 жылдың 28 сәуірінен бастау алған бұл жоба алғашында іске қосылған Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотында ғана емес, басқа да аудандық соттарда өзінің тиімділігін көрсетті. 7 сотта татуластырушы-судья кабинеттері ашылды. Келіссөздер жүргізу үшін барынша қолайлы атмосфера мен ыңғайлы жағдайлар жасалды. Қашықтықта сотқа келмей татуластыру рәсімін жүргізу үшін арнайы техникалар орнатылып ақпараттық технологиялар қолданылады. Медиация рәсімі жүргізілген 1 716 істің ішінде татуластырушы-судья 1 059 іс бойынша татуластыру рәсімдерін қолданған. Ал экономикалық сотта татуластырушы-судья медияция жүргізген 453 істің ішінен 340 іс бойынша 75% тараптар татуласты.
Азаматтық істер бойынша тараптар бірінші саты сотында ғана бітімге келіп жатқан жоқ, апелляциялық сатыда да бітімге келіп, даулардың шешіліп жатқаны аз емес. Өзгерістерге байланысты апелляциялық және кассациялық саты соттарында істерді сотта қарау­ға дайындау барысында да татуластыру рәсімдерін жүргізіледі. Үшіншіден: азаматтық процестік заңнамаға соттар жұмысының заманауи форматтарына көшу, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту, судьяларды қажеті жоқ жүктемеден арылту, сот отырысына қатысатын аудармашы мен сот приставының мәртебесін бекіту, азаматтардың ыңғайы үшін тараптардың жазбаша келі­сімімен дауларды «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотына» беру мүмкіндігі, сонымен қатар, азаматтық сот жүргізу ісінде ақпараттық технологияларды қолдану мүмкіндігін кеңейту, жалпы айтқанда, азаматтарға қолайлы, халыққа қызмет ететін нормалармен өзгертіліп, толықтырулар енгізілді. Сонымен қатар, аудармашының процессуалдық тұлға ретінде маңыздылығын және оның құқықтық жағдайын күшейту мақсатында аудармашының құқықтары мен міндеттерін заңмен реттелді. Төртіншіден: жаңа заң азаматтық процестерді жүргізуді формализмнен тазартады, демек, қарапайым істің шеңберінде қажеттілігі мен маңыздылығы жоқ аралық сот ұйғарымдарын (оңайлатылған іс жүргізуден жалпы талап қою ісін жүргізуге көшу туралы, талап қоюды оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қабылдау туралы, сот отырысы күнін тағайындау туралы, іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы және т.б.) шығару алынып тасталды.

Сот процесіне қашықтықтан  қатысу тиімді

Сонымен бірге тараптардың келісімімен азаматтық істі соттылығы бойынша бір соттың іс жүргізуінен алып, басқа сотқа беру туралы ұйғарымы дереу орындалуға жататын болды. Бұрынғыдай ұйғарым түпкілікті нысанда дайындалғаннан кейін он жұмыс күнін күтпей-ақ, тиісті сотқа істі жолдау тараптардың уақыттарын, істің қаралу мерзімін үнемдейді. Жазбаша түрде ұйғарым шығаруды талап ететін норманың алынып тасталуы сот өндірісін жеңіл­­детіп, хаттамада ғана көрсетіліп, судьяның артық ұйғарым шығарып отыру жүктемесінен арылтады. Оның үстіне қазіргі кезде соттарға хат алмасу 100 пайыз автоматты түрде қабылданып жатыр. Яғни талап-арыздар да, арыздар да, сотқа келіп жатқан істер қазір 100 пайыз автоматты түрде қабылданып және «Төрелік» ақпараттық жүйесіне енгізіліп жатыр. Осы негізде электрондық хаттаманы, процеске қашықтықтан қатысуды және электрондық гаджеттерді пайдалану бекітілді.
Сотқа жүгінуші азаматтар бұрынғыдай соттың табалдырығын тоздырмай, кез келген өзіне ыңғайлы уақытта электронды интернет жүйесі арқылы өз істерінің қай сатыға келгенін, оларды қарау тәртібімен, азаматтық істер бойынша жүргізілген аудио-бейне жазбалармен танысуға және сотқа келмей-ақ өз арыз-шағымдарын тіркеуге мүмкіндіктері бар.
Сот процестеріне қашық­тықта, яғни әлемнің кез келген жерінен интернет арқылы қатысу. Мысалы, 2019 жылы осындай істер­дің 7 мыңын біз осындай қашықтықта қарадық. Бір ғана мысал, кеше ғана өзім төрағалық етіп, апелляция­лық тәртіпте Ресей Федерациясында отырған талапкердің талабы бойынша іс қаралып, ол сол Ресей Федерациясының Мәскеу қаласынан тікелей бізге байланысқа шығып, мобильдік байланыспен біз осы процесті қарадық. Сондай-ақ артық сот рәсімдері мен шығындары қысқартылды. Атап айтқанда, процестік мерзімді ұзарту және қалпына келтіру, шешімдегі қате жазулар мен арифметикалық қателерді түзету, шешімді түсіндіру және шешімді орындауды кейінге қалдыру, мерзімін ұзарту туралы арыздарды тараптарды шақырмай-ақ қарап, шешу мүмкіндігі аталған заң аясында толықтырылды.

Судья шешімін  түсіндіру  міндеттеледі

Келесі мәселе – соттардың шешім шығарған кезде сот процесі біткеннен кейін шешім қабылдауға кеңесу бөлмесіне кетуі. Мемлекеттік емес ұйымдардың, бизнес саласындағы көп азаматтардың сотқа деген пікірі: судья жалғыз өзі кеңесу бөлмесіне кеткенде кіммен ақылдасады, кіммен кеңеседі, неге сот кеңесу бөлмесіне кетеді деген мәселелер жиі туындайтын. Осы мақсатта заңға өгерістер мен толықтырулар енгізіліп арнаулы бөлме ретіндегі кеңесу бөлмесі ұғымы алынып тасталды, алайда шешім қабылданғанда құпия сөзсіз сақталуы қажет. Ол заңдылық, бізде судья шешім қабылдаған кезде оның құпиялығы міндетті түрде сақталады және кеңес құпиясының сақталуын жоймайды. Оған қоса, жоба бойынша судьялардың қабылдаған шешімдерін, құқықтық салдарын, яғни судьяның нақты осы іс бойынша неге мұндай шешімге келгендігін тараптарға процестен кейін түсіндіруді міндеттеу ескерілген.
Қорыта келе айтарым, тәуелсіз, егеменді Қазақстан мемлекеті қазір құқықтық реформаларды жасауда, бұл – өмір талабы. Қоғамдағы өзгерістерге байланысты, жаңаша бетбұрыстар өзіміз­дің ұлттық мүддемізге лайықты мемлекеттік саясатпен жүзеге асырылғаны жөн. Бұл дегеніміз – халқымыздың діліне сай, әрі етене жақын, ұзақ ғасырлар бойы қанымызға сіңген, адамгершілік пен имандылыққа толы заңдарын ұмытпай, ескеру, қоғам кәдесіне жарату деген сөз. Сонда ғана қабылданған заңдардың орындалуы да жеңіл тартады, олар халық көңілінен шығып, құрметтеледі. Заңға енгізілген өзгерістер сот процесін неғұрлым қарапайым, тиімді және адамдар үшін түсінікті етуге мүмкіндік береді деп сенеміз.

Тлектес БӘРПІБАЕВ,
Нұр-Сұлтан қалалық  сотының төрағасы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 1 =