Құқық қорғау саласының жұмысы қауырт

0 26

Елордада блокбекеттер алынғанмен, карантин режимі жалғасуда. Карантин кезінде құқық қорғау орындары қалай жұмыс істеп жатқанын білу үшін алдымен Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментіне хабарласқанымызда олардың жұмысы қашанғыдай қауырт қарбаласқа толы екенін байқадық.

Полиция қалғымайды

– Құқық қорғау органдары, соның ішінде полицейлер карантин кезінде өте нәтижелі еңбек етті. Айталық, карантин режимі кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласының периметрі бойынша орналасқан блокбекеттер арқылы 800 мың азамат пен 292 мың көлік жүріп өткен болса, оның ішінде 236 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 172-сі қамауға алынып, 63 адамға айыппұл салынды, блокбекеттерде пара берудің екі әрекеті тоқтатылды. Сондай-ақ жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Toyota Camry автокөлігінен пневматикалық газ балонды тапанша мен 2 пышақ табылған, жалпы осы кезеңде елорда бойынша қылмыс саны айтарлықтай азайған. Қазіргі уақытта блокбекеттерде кезекшілікке тартылған полицияның барлық жеке құрамы алынып тасталды, шекаралар ашық, дегенмен біздің жұмысымыз бұрынғыдан да көбеймесе, азайған жоқ. Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарына қаладағы карантин режимі сақталатынын, маска киіп жүру, қашықтықты сақтау, қолды антисептикпен өңдеу керектігін ескертеді, – деп жауап берді Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сақ болуды ескертеді

Есіл ауданы төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері күн сайын адамдардың рұқсатсыз шомылатын орындарын анықтау мақсатында рейдке шығады. Есіл өзенінің жағасында, «Тельман» кентінің Қарасу өзені бойында және «Нұра-Есіл» каналында тұрғындармен кездесіп, судағы жүріс-тұрыс қағидаларын түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, жадынамалар мен буклеттер таратады.

Алдын алу шаралары жалғасады

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Алматы аудандық пробация қызметінің инспекторлары Алматы аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторларымен бірге Нұр-Сұлтан қаласы бо­йынша есепке алынған тұлғалардың нақты тұрғылықты жері бойынша тексеру жүргізіп жатыр. 25 мамыр-8 мау­сым аралығында «Учетчик» жедел алдын алу іс-шаралары жүреді, 25 мамырда басталған «Участок» жедел алдын алу іс шарасы 25 шілдеге дейін жалғасады. Аталған профилактикалық іс-шараның міндеті – пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған тұлғалардың тұрғылықты мекенжайларын, жұмыс орны бойынша тексеру, олармен тәрбиелік-профилактикалық әңгіме-сұхбат жүргізу, пробация қызметі бақылауынан жалтарып жүрген сотталғандарды анықтау. Профилактикалық іс-шара аясында Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының пробация қызметі мен Алматы аудандық ПБ жергілікті полиция қызметі №8 учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе отырып «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық» кодексінің 492-бабы бойынша тексеру жүргізіп, 9 сотталғанға ескерту беріліп, 2 сотталғанға айыппұл салынды. COVID-19 коронавирусына байланысты карантин уақытында қауіпсіздік пен сақтандыру шараларын мұқият сақтау жөнінде ескертілді.

Сот істері қашықтан жүргізіледі

Нұр-Сұлтан қаласының соттары карантин басталған кезден бастап азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында цифр­лық технологияларды қолдана отырып, «TrueConf», «WhatsApp», «Skype», «Сот кабинеті» ақпараттық сервисінің мобильді қосымшалары арқылы істерді қараған болатын. Қашықтан жұмыс істеу жалғасуда, Нұр-Сұлтан қалалық соттары карантин уақытында талап арыздарды қабылдауды сот кабинеті (http://office.sud.kz) және соттың электрондық поштасы 010229@sud.kz арқылы жүзеге асырады, яғни сот төрағасы азаматтарды онлайн режимде қабылдайды.
Мысалы, 1 маусымда Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр аудандық сотында онлайн режимде кездесу өтті. Іс-шараға сот төрағасы Нұрбол Шамиев, Заң консультанттары қауымдастығы мен палатасының өкілдері, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы адвокаттар алқасының өкілдері қатысып, қатысушылар арасында сындарлы пікір алмасу өтті және карантин жағдайында азаматтық істерді қарау тәртібі туралы түсініктер берілді.

ANTIKOR.LIVE – ОНЛАЙН РЕЖИМДЕ

Карантин кезінде 61 тікелей эфир, «Adal kómek» жобасы аясында 35 тікелей эфир ұйымдас­тырылған. Ақпараттық ағартушылық штабының жетекшісі мен мүшелерінің қатысуымен 42 тікелей эфир, 38 семинар- тренингтер, 70 кездесу өткен. Мысалы, 19 мамырда «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев және елорда әкімі Алтай Көлгінов онлайн режимде кездессе, «Астана – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі, елорда әкімінің кеңесшісі, қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
25 мамырда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Президенттің көмекшісі Тамара Дүйсеноваға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы таныстырылды. Іс-шараға агенттік төрағасы Алик Шпекбаев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + 7 =