ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАЛУЫМЕН ҚЫМБАТ

0 75

Көркем ЖҰМАШКИНА, қала тұрғыны:

– Жылда жаздың соңында Ата заңымызды ұлықтау шаралары өтіп жатады. Жай күні көпшіліктің Конституцияға деген ілтипатын байқамайтындықтан, бізге бұл күнді атап өту, құр әншейін еліміздің басты құжатының бар екенін еске түсіру үшін ғана керек сияқты әсер қалдырады. Ата заңы – мемлекеттің бекемдігі мен халық бостандығын, қоғамның ұдайы жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін еліміздің ең басты құжаты. Кон­ституциямызда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» дей келіп, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқылары мен бостандықтары екені көрсетілген. Алайда, күнделікті өмірде адам өміріне қол сұғу, құқын бұзу әдеттегі көрініс сияқты әсер қалдырып жата­тыны жасырын емес. Құқығы табанға тапталып, оны қорғау үшін әділеттілік іздеп шарқ ұрғандар, тіпті, сол әділетке жете алмай, тауы шағылып жататындар да жоқ емес.

Сонымен бірге, Ата заңымызда республика азаматтары жер және тұрғын үй иеленуге құқылы болғанымен, мемлекет өз тұрғындарын жер телімі және баспанамен қамтамасыз етуде қауқарсыздық танытып келеді. Қазір елдің бәрінің басты мәселесі – баспаналы болу. Жай күнде ұлан-ғайыр жеріміз бар, асты-үсті қазынаға толы жерұйық мекенде өмір сүреміз деп масаттанамыз. Алайда, аядай жерге зар болып, өз жерінде тентіреп жүргендер көп. Сондықтан, республика азаматтары заманға лайықты ғұмыр кешуі үшін олардың қажеттіліктерін Конституциямызбен қорғауға тиіс деп ойлаймын. Сонда ғана еліміз әлеуетті әрі әділетті қоғам құра алады.

Алмат БАЙШОЛАҚОВ, Астана қаласы прокурорының орынбасары:

– 2012 жылдың 30 тамызы күні мемлекетіміздің құқықтық жүйесінің негізі болып табылатын Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 17 жыл толады. Бұл күн – мемлекеттік мереке. Елорда прокуратурасы Конституцияны басшылыққа ала отырып, заңдылықтың сақталуын қадағалау арқылы құқықтық тәртіпті нығайту, адам құқыларының қорғалуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар қадағалау шараларын жүзеге асырды. Әсіресе, азаматтардың еңбек құқықтарын, тұрғын үй құрылысына қатысушы үлескерлердің құқығын қорғауға, бюджет қаржысының мақсатты пайдалануына, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен басқа да қылмыс түрлерімен күресті күшейтуге және азаматтардың конституциялық құқыларын қорғауға баса назар аударады.

Бұған дәлел ретінде үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында әлеуметтік-экономикалық саладағы прокурорлық қадағалау нәтижесінде 20 мыңға жуық адамның конституциялық құқыларының қорғалғанын айтсақ жеткілікті деп ойлаймын. Соңғы жылдары жұмыскерлердің еңбекақы алу құқыларын қамтамасыз ету прокура­тура органдарының қызметіндегі аса маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Биылдың өзінде қала прокуратурасы жалақы бойын­ша азаматтардың алдындағы берешекті 100 млн теңгеден 34,5 млн теңгеге дейін азаюына ықпал етті, бұл үшін кейбір жосықсыз жұмыс берушілерге пәрменді шаралар қолдануға да тура келді.

Мысалы, Сарыарқа ауданының прокуратурасы қала кәсіпорындарында азаматтардың еңбек құқыларының сақталуы, оның ішінде жұмысшыларға жалақыны уақытында төлеу жайына мониторинг жасау барысында «Межрегионкомплект–Астана» ЖШС-нің 2011 жылдан бері 21 жұмысшыға 5 814 829 теңге берешегі барын анықтады.

Аудан прокуратурасы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің жалақыны айына кемінде бір рет, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірмей төлеуді көздеген 134-бабын бұзу фактісі бойынша Астана қаласының Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізді. Ұсынысты қарау нәтижесінде ЖШС Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 87-бабы 3-тармағында көзделген (жұмыс берушінің жалақыны толық әрі еңбек заңдарында белгіленген мерзімде төлемеуі) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Еңбекті қорғау саласында 1 қылмыстық іс, 26 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды, жұмыс берушілерге заң бұзушылықты жою туралы 15 ұсыныс, уәкілетті органның атына 3 ұсыныс енгізілді, 8 құрылыс объектісіндегі 14 учаске тоқтатылды (қазіргі күні уақытша тоқтатуға себеп болған кемшіліктер жойылды).

Балалардың конституциялық құқын қорғау саласында да бірқатар жұмыстар атқарылды.

2012 жылдың 1-тоқсанында Астананың прокуратура органдары Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі «Балапан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда заңдылықтың сақталу мәселесі бойынша тексеру ұйымдастырылды.

Прокуратура органдары білім беру туралы заң талаптарының орындалуына, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқатына, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің өрт қауіпсіздігіне және қаржылық-шаруашылық қызметіне басты назар аударды.

Нәтижесінде 4899 баланың Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабында көзделген денсаулығын сақтауға конституциялық құқылары қорғалды.

Прокуратура органдары мемлекетті қалыптастыру мен нығайту ісіне өз үлесін қоса отырып, алдағы уақытта да Конституцияның әлеуетін, мемлекеттің құқықтық саясатының негізгі бағыттарын іске асыру жұмыстарын жалғастыра бермек.

Жансая ОМАРБЕКОВА, жас маман:

– Әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға тиіс, басқа адамдардың құқыларын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi деген нормалар да өз құқыңды қорғаумен бірге, өзгенің де құқығына құрметпен қарауға шақырады. Конституциямыз адам құқығын осылайша әспеттегенімен, өкінішке қарай, елімізде адам құқылары тиісінше қорғала бермейді. Сарапшылардың пікірінше, адам құқылары көбінесе құқық қорғау органдары мен түзеу мекемелерінде аяққа тапталады екен. Адам құқын бұзуға болмайтындығы туралы айтылғанмен, іс жүзінде басқаша жағдай орын алатыны рас. Мысалы, өзім жұмысқа орналасар кезде жұмыс берушілер «тәжірибесі жоқ» деп қабылдамай қойғаны бар. Сондай-ақ, олар «егделеніп қалды» деп жасы елуге таянғандарды да қабылдамайтын көрінеді. Құқығын жынысына және жасына қарай шектеу фактілері кездесіп жатады. Шын мәнінде, мұндай шектеулердің бәрі адам құқын бұзу деп есептеледі.

Осы себептен де, халықаралық ұйымдардың берген бағасы бойынша Қазақстан адам құқыларын сақтауда әлемдегі алғашқы жүз мемлекеттің құрамына да кірмейді екен. Демек, тек экономика бойынша ғана дамыған елу елдің қатарына кіруді мақсат етіп қоймай, адам еркіне де құрметпен қарайтын әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына кіруді межелеуіміз қажет.

Сауалдаманы жүргізген Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × four =