«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Құнын берсең, көп күтпейсің

0 64

НЕМЕСЕ ЖҮРГІЗУШІ КУӘЛІГІ ҚАНШАҒА САТЫЛАДЫ?

Өткен айдың аяғында еліміздің Цифрлық даму, ­инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ­министрі Бағдат Мусиннің Нұр-Сұлтан қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барғандығы туралы ақпарат тарады. Онда ­министр жүргізуші куәлігін алуда адамдарға теориялық білімін іс жүзінде толық дәлелдеп, емтихан тапсыруға мүмкіндік берудің орнына сыбайлас жемқорлыққа жол берілетін фактілер кездесетіндігі туралы өз ойын айтқан еді. Сондай-ақ ведомство басшысы алдағы уақытта емтихан тапсырарда биометрикалық идентификация орнату керектігі жөнінде де ой-пікірін білдірді.

4690050

Уақыт оздырып керегі не?

Шынын айтқанда, жүргізуші куәлігінің сатылатындығы жаңалық емес еді. Осыдан он бес, жиырма жыл бұрын да мұндай әңгіме көпшілік арасында қоздап жататын. Ал нарық келгелі ол тіптен күшейіп кетті десек артық айтқандық емес.

Бір алқалы басқосуда елуді еңсерген мақтаншақтау бизнесмен жақында он сегіз жасқа толған қызы мен жиырма жасқа толған ұлының туған күндеріне жүргізуші куәлігімен бірге қымбат автокөлік сыйлағанын айтып, біраз желпініп еді. Мұндайлар енді қаншама. Сол сатып алған куәліктің кесірінен талай адамның өмірі қиылып кетіп жатқанын бұл мес қарын біле ме екен?

Қаланың сыртындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бара қалсаңыз, мемлекеттік нөмір алуға, сатқан, сатып алған көлігін тіркетуге, жүргізуші куәлігі мен сақтандыру полисін алуға келген адамдар ығы-жығы болады да жатады. Міне, солардың арасында жүргізуші куәлігін сату үшін өз клиентін іздеп жүрген делдалдарды да кездестіруге болады. Олар, құнын төлесеңіз, кез келген құжатты әзірлеп беруге дайын екендігін айтады. Ал жүргізуші куәлігіне келгенде көздері жайнап кететінін байқайсыз. Өйткені осы «еңбегі» үшін олар 180-200 мың теңгеге дейін сұрайды.

«Еш қиналмайсыз. Оқудың да қажеті жоқ. Ал автомектептен анықтамаңыз болса, онда сізге жүргізуші куәлігі сәл арзандау түседі. Уәде беремін, екі-үш күннің ішінде көлік руліне отыратын боласыз» деп сендіріп қояды.

Егер күмілжіп, күмәніңізді білдірсеңіз: «Өзіңіз білесіз, бірақ еш қиналмай бір-екі сағаттың ішінде жүргізуші куәлігін алып кеткен жақсы емес пе. Менікі тек ескерту ғой. Жаныңызды қинап, уақыт оздырып қайтесіз, күн сайын емтихан тапсырғандардың 80-85 пайызы теориядан да, тәжірибеден де тапсыра алмай қалып жатыр» деп қосып қояды.

«Қазақстанда жүргізуші куәлігін сатып алу заңсыз. Ресми құжаттарды сату немесе сатып алуға жауапкершілік қарас­тырылған. Мұндай жағдайда кінәлі адам 120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді немесе 30 тәулікке де­йін қамауға алынып, қоғамдық жұмыстарға тартылады» деп оған қалай айтып түсіндіресің?!

Қазақстанда жүргізуші куәлігін сатып алу заңсыз. Ресми құжаттарды сату немесе сатып алуға жауапкершілік қарастырылған. Мұндай жағдайда кінәлі адам 120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді немесе 30 тәулікке дейін қамауға алынып, қоғамдық жұмыс­тарға тартылады

Қарапайым дағдысы жоқ

Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында Сағадат Нұрмағамбетов көшесінде ірі жол апаты болды. Салдарынан балалар зардап шекті. Екі жеткіншектің денсаулығына елеулі зиян келіп, қалғандары ауруханада емделіп шықты. Міне, осы оқиғадан кейін жүргізушілердің кәсіби біліктілігі жөнінде үлкен мәселе көтерілді. Өйткені сол жолғы жол апатына себепші болған «Ауди» автокөлігінің жиырма екі жасар жүргізушісінің тәжірибесі өз алдына, қарапайым көлік жүргізу дағдысы болмай шықты. Осыдан кейін әлеуметтік желіде оқымай, емтихан тапсырмай, жүргізуші куәлігін алатындарды көпшілік қатты талқыға салды.

Осындайлардың кесірінен жыл сайын елімізде жол апатынан 3 мыңнан астам адам қаза табады екен. Тек 2002-2012 жылдар аралығында ғана Қазақстанда жол апатынан 32 мың адам көз жұмған. 2013 жылы елімізде көлік апатынан 2600, ал 2014 жылы 3233 адам о дүниелік болған.

«Менің көршім бар. Үш баласына да жүргізуші куәлігін сатып алып берді. Оны және өзі мақтаныш етіп айтып жүреді. Міне, сол көршімнің үлкен баласына қосарланған тұтас жолақты қиып өту, бағдаршамның қызыл шамынан өтіп кету деген күнделікті әдетіне айналған. Бірнеше рет байқаған соң ескерту жасап едім: «Ішің күйсе, тұз жала. Шебер қай жерде де шебер ғой» деп ыржиып күледі. Ал осындайларға қалай көлік жүргізуге мүмкіндік беріп жүр?» деп күйінеді Тоқсанбай Кенжебаев есімді желі қолданушысы.

Осындай куәлікті сатып алған кейбір жүргізушілердің надандығы мен жауапсыздығы, жол ережесінен еш хабары жоғы кез келген жерде көзге ұрып тұрады.

Жол бойындағы автотұрақта тұрған машиналардың алдына көлігін қаңтарып кететіндер бар. Тіпті кейбіреулері екі машина сыятын жерге көліктерін көлденең қойып кетеді. Ал ол басқа жүргізушілерге қатты кедергі келтіретіні олардың қаперіне кіріп те шықпайды.

Енді бір желі қолданушысы қарапайым жол ережесін сақтамайтындардың кесірінен өзінің қатты зардап шеккенін айтып, мұндай жемқорлыққа баратындарды қатаң түрде жазалау керектігін айтады.

«2020 жылы Ақжол көшесінің бойында көпе-көрнеу жол ережесін бұзған «Мерседес» маркалы автокөліктің бозөкпе жүргізушісінің кесірінен мүгедек болып қалдым. Алдымда келе жатқан ол, бұрылатын еш белгі берместен, машинасын оң жаққа бұрып қалды. Мен оған соғылмайын деп қашқанымда, көше бойында тұрған бағанаға соғылып машинам зақымданды, өзімнің денсаулығыма елеулі зиян келді. Ал ол болса белгілі бір мөлшерде айыппұл төледі де, ештеңе болмағандай жөніне кетті» деп күйінеді ол.

Міне, осындай жауапсыз жүргізушілердің жол бойындағы іс-әрекетін сынаған, пікір білдірген, өз ұсынысын айтқан посттарды әлеуметтік желіден көптеп кездестіруге болады. Осындай қоғамдық жұртшылық өкілдерінің жан айқайын жауапты адамдар оқып, тиісті қорытынды шығарса ғой дейміз.

Көмектескім келеді, бірақ…

Қаланың сыртында орналасқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келдік. Аптаның аяғы болған соң ба, мұндағы кезек күткен адамнан аяқ алып жүргісіз екен. Анықтама қызметінен емтихан тапсырып, жүргізуші куәлігін алатын бөлмені сұрадық. Қызметші қыз жақсылап тұрып түсіндіріп берді.

Рас, бізге емтихан тапсыру емес, емтихан тапсыруға келген адамдардың ой-пікірі керек еді. Оларды әңгімеге тартып, өзімізді мазалаған көкейіміздегі бірнеше сауалды қояйық деп едік. Ең бірінші жолыққан азаматқа ілтипат білдірдік.

– Жүргізуші куәлігін алуға келдіңіз бе?

– Иә, өткен жылы жол ережесін бұзып, сот бір жылға жүргізуші куәлігінен айырған еді. Енді соны емтихан тапсырып қайтадан алуға келіп тұрмын.

– Есіміңіз кім?

– Есімім Ерболат.

– Ерболат, бұл сіздің бірінші рет келуіңіз бе?

– Жоқ, үш рет келіп, емтиханнан өте алмай, енді, міне, барынша өзім дайындалып, төртінші рет келуім. Бүгін тапсыра алмасам, жол ережесін қайталап оқып, 10-15 күннен кейін қайтадан келемін. Сөйтіп, қашан тапсырғанша келе беремін. Өйткені менің жүргізуші куәлігін сатып алатын ақшам жоқ. Олар, әне, 180-200 мың теңге сұрап тұр. Кеше бір жігіт он жетінші рет келіп әрең дегенде тапсырды емтиханды. Мүмкін, ол билеттің барлық сұрағына жауапты жаттап та алған шығар. Әйтеуір кеше емтиханнан өтіп, жүргізуші куәлігін алып кетті.

Содан кейін біз де Ерболат айтқан жүргізуші куәлігін сау­далап жүрген топқа қарай жақындай түстік.

– Жігіттер, жүргізуші куәлігін алуға емтиханнан өте алмай шаршадым. Енді көмектесетін адам іздеп жүрмін, – деп едім. Алғашында ешкім де лып етіп ілтипат білдірген жоқ. Шамалы уақыт өткеннен кейін бір жігіт келіп: «Аға, сіз өзіңізге алайын деп пе едіңіз, әлде?..».

– Иә, өзіме алайын деп едім.

– Қалай айырылып қалдыңыз жүргізуші куәлігінен? Емтихан тапсырып көрдіңіз бе? – деп бірнеше сауал тастады да, телефонындағы «200 000 теңге» деп жазылған жазуды көрсетті.

– Мен зейнеткер едім, маған тым көптеу екен, 50 000 теңгенің айналасында көмектесе алмайсың ба? – дедім жорта.

– Аға, түсінемін, көмектесер едім, бірақ… болмайды ғой, – деп, бұрылып жүре берді.

Бұл – бүгіннің өзіміз көзбен көрген нақты шындығы. Жең ұшынан жалғасу немесе сыбайлас жемқорлық деген осы емес пе? Бұған құзырлы органдар қандай уәж айтар екен?..

 

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды