…құны көк тиын

0 18

Таяуда Ұлттық арнаның «Ашық алаң» бағдарламасына қатыстым. Тақырып өзекті: отбасылық құндылықтар, ажырасу, алимент төлеу… Ерлі-зайыптылық өмірге қатысты басқа да тақырыптарды асыға-аптыға желіп өттік. Теледидардың ар жағында отырғандар не ұққанын, қандай түйін түйгенін білмедім. Өз басым мұндай аса маңызды тақырыптарға байыптырақ қарау керек, шоу жасаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.Телевизия саласында рейтинг деген керек шығар, бірақ телевизордың алдына белгілі бір хабарды көрем деп жайғасқан адам одан өзін мазалаған сұрақтарға берілетін жауаптарды, ақыл-кеңес­терді, үлгі-өнегені күтеді. Сондықтан көрерменге телеарналар арасындағы рейтинг үшін жарыстың құны көк тиын. Оған хабардың танымдық, тәрбиелік жағы маңыздырақ.
Біз қатысқан бағдарламада отбасылық құндылықты дәріптейтін, ерлі-зайыптылық қатынастардың тазалығын қадірлейтін жандарға жағымсыз тақырыптың бірі – «азаматтық неке» мәселесі де сөз болды.
Ең алдымен мұның «неке» деген сөз қосыла айтылатындықтан көп адамды шатастырып жүрген мәселе екенін айтқым келеді. Сол жерде де «неке» деген қасиетті ұғымды былғамау керектігін ашып айттым. Ол хабарды көрген бар, көрмеген бар, сондықтан осы шатасудың қайдан шыққаны туралы және кейбір адамдардың оған неге мүдделі екендігі туралы да өз ойымды айта кеткім келеді.
Ең алдымен «азаматтық неке» деген терминнің қайдан шыққанына тоқталайық. Көп нәрсе бізге Ресейден келеді ғой. Онда Қазан төңкерісінен кейін отбасын құрған атеистер некелерін шіркеуде қидырмай, азаматтық билік органдарында тіркеп, анықтама алатын болған. Сондықтан ондай неке «азаматтық неке» деп аталды.
Брокгауз бен Ефронның «Кіші энциклопедиялық сөздігінде» бұл туралы «шіркеу мен мемлекет арасындағы күрес Еуропа елдерінің көпшілігінде діни мекемелердің қатысуынсыз, мемлекеттік билік органдары тіркейтін некенің азаматтық түрін қалыптастырды» делінеді. Ал «неке» деген сөзге «отбасын құру және ұрпағын жалғас­тыру мақсатында құрылған еркек пен әйелдің тұрақты одағы; белгілі бір нысандар бойынша құрылған кезде ғана заңмен қорғалады және жауапкершіліктер жүктеледі» деп түсініктеме беріледі.
Қазіргі кездегі саяси лексиконда «азаматтық неке» деген тіркес түрлі елдер арасындағы немесе белгілі бір мемлекеттегі билік тармақтарының арасындағы тұрақсыз, солқылдақ қатынастарды бейнелеу үшін қолданылып жүр. Бұл қоғамда «азаматтық неке» дегеннің қызығарлықтай ештеңесі жоқ екенін ұғу бар екенін білдірсе керек.
Бірқатар елдерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны да көңілге қонады. Мысалы, Ресейде бұл тақырыпта ғылыми-танымдық мақалалар, кітаптар жазылып, жастарға дұрыс ұғым беруге талап жасалуда. «Вступая в брак, вы берете на себя некие обязательства в отношении партнера, точно так же, как партнер берет обязательства в отношении вас. Причем делается это перед значимой инстанцией – перед Богом (в церкви), перед законом (в ЗАГСе), да и перед людьми… А то, что сегодня часто называют гражданским браком – вообще не брак. Именно потому, что в таком союзе никто, как правило, не берет особых обязательств в отношении того, с кем живет» дейді белгілі психоаналитик Н.Нарицын «Свадьба – развод и наоборот» атты кітабында.
Біздің елдегі «азаматтық неке» деп айтылатын байланыстардың да ар жағында қасиетті ештеңе жоқ. Бұл – бар болғаны еркек пен әйелдің ашыналығын, көңілдестік жігін жатқызып, жеңілдетіп айту ғана. Ал еркек пен әйелдің дәстүрлі түрде немесе мешітте тіркелмеген қарым-қатынасы – күнәлі қарым-қатынас, атам қазақ ондай қатынастан туған баланы (кешірім өтінемін) «ойнастан туған» деп айтқан. Және мұндай кемсітуші теңеу оның сыртынан өмір бойы айтылатынын қай-қайсымыз да оқығанбыз, естігенбіз. Халық ауыз әдебиетіндегі «Ойнастан туған ұл болмас/Сатып алмай құл болмас» деген жолдар бекер айтылмаған болар?!
Қазір дамыған елдерде жастарды мұндай жеңіл жүрістен сақтандыру мықтап қолға алынған. Ақылды, ойлы ұрпақ тәрбиелеуде көбіміз мысалға келтіретін Израильде бұл туралы: «Не регистрируя брак, стороны ставят себя в неравное положение. Мужчина получает явное преимущество во владении, пользовании и распоряжении имуществом, нажитым в период совместной жизни. И если такая семья распадается, то женщина оказывается в трудном положении. По закону она может претендовать лишь на ту часть имущества, которую ей продал или подарил (причем, официально) ее сожитель» деп жазады Г.Курзинер «Домашний адвокат» атты кітабында.
Бізде де солай. Заңды некеде тұрса «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Респуб­ликасының кодексіне сәйкес, ажырасқан ата-аналар (қай-қайсысы да!) баласын тәрбиелеп-бағуға қатысар еді. Қай-қайсысы да балаларына материалдық көмек көрсету үшін алимент төлеуге мәжбүр болар еді. Ал «азаматтық некеде» бүгін бірге тұрдың, ертең «шу, қарақұйрық» деп тайып тұруыңа болады. Содан кейін екінші біреумен… үшіншімен «азаматтық неке» құрып, ұшып-қонып жүре береді. Ешқандай міндет, жауапкершілік жоқ! Ал бұлай ету кімге тиімді екенін өздеріңіз де білесіздер…

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
жазушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды