Құндылықтар қайнары

0 17

Жолдаумен танысқан тұстан-ақ айқын аңғарылғаны, жер-жаҺанға қауіп төндірген – індеттің алыс-жақынға жылдам тарап, кең өріс алғаны зардап-зияны да өлшеусіз екендігіне ерекше мән беріледі. Пандемияға қарсы күрес жалғасып жатқандығына жіті назар аударылады. Адамзат өмірі мен денсаулығына орасан зиян келтіргені, адам өлімі орын алғандығы бірқатар мысал-дерек, талдау, салыстырулар арқылы кеңінен көрсетіледі. Індет ілмегі мен пандемия қарсылық жолында бірлік пен ынтымақты арттырып, отан мен отбасына адалдық пен сүйіспеншілікті, патриоттық рухты күшейтіп, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтып, сақтық шараларына сергек қарау қажеттілігі кең орын алады. «Сақтансаң – сақтаймын!» халық қағидатына зор маңыз беріледі.

Бұдан басқа Ұлт жоспары, Бес институттық реформа мәні, мемлекеттік басқару, кадр саясаты, жұмыс орны мен халық табысы негізгі назарға алынады. Адами капитал, Жер кодексі, шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығын бәсекеге қабілетті экономикаға негіздеу, қаржы нарығын реттеу, баспана мен отбасылық-демог­рафиялық ахуалды жақсарту сынды басым бағыттарға көңіл бөлініп, оны жүзеге асыру тетіктері, шешуші факторлары ортақ мақсат пен міндеттер қатарына жатқызылады. Бұл бағыттағы ұстаным: «Экономикалық реформалар азаматтардың табысын арттырып, тұрмыс сапасының жоғары стандартын қамтамасыз еткенде ғана өзін-өзі ақтап, қолдауға ие болады» деп тиянақты тұжырым жасалады.
Жолдаудың «Қолжетімді әрі сапалы білім» атты бөлігінде – мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшкендігі, оны ұйымдастыру мен жүзеге асыру бағытындағы орын алған кемшіліктерге мән беріледі. Анығында: «…әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ…Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар біріңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет» деген нақты міндеттер қойылады. Жасыратыны жоқ, БАҚ жүйесінде, әлеуметтік желілерде күлкілі Һәм көңілсіз көріністер орын алғанын, мың сан әңгіме қалың көпшіліктің аузында жүргенін теріске шығару қиын. Жарық пен интернеттің жоқтығы, байланыс жүйесінің тым әлсіздігі мен нашарлығы – қашықтан оқуға, сапалы білім алу ісіне кері әсерін тигізіп келеді. Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру саласындағы алшақтық әлі де сақталып келеді. Бұл ретте маңыздысы: «…Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек» деген тұжырым қонымды. Ақиқаты осылай болғанымен, қолданыстағы білім платформалары көпшіліктің, әсіресе орта және жоғары мектеп ұжымының, оқушылар мен студенттердің көңілінен шығып жатқан жоқ. Қолжетімді құрылғылар мен байланыс құралдары әлсіз де сапасыз. Киберқауіпсіздік пен компьютерлік сауаттылық та жығылғанға жұдырық болып тұр. Бастысы, алыс-жақындағы білім алушыларға жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету ісі дұрыс жолға қойылса, білім беру ресурстарын пайдалану барысында ұялы байланысқа кең өріс ашылса қашықтан оқыту форматы жүзеге асары анық.
Ғылым саласын дамытуға қатысты бірқатар жайттар айтылып, осының негізінде халықаралық тәжірибеге, жаңа тәсіл, тың көзқарастарға маңыз беріледі. Әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында – 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізуге – 1000 грант бөлу ісі тапсырылып, осының нәтижесінде ұлттық ғылымның әлеуетін арттыру, маңызын көтеру жайы қозғалады.
Сонымен бірге денсаулық саласын дамыту, дәрігер мамандығын материалдық тұрғыдан нығайту, медициналық инфрақұрылымды арттыру, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық туризм мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын дайындау, «әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы, «жұртқа жақын полиция» қағидаты, әділ сот төрелігі, қоғамдық кеңестердің орны мен ролі, цифрландыру жүйесін жүзеге асыру бағытында маңызды ойлар айтылады.
«Ұлттың жаңа болмысы» атты бөлікте маңызды фактор ретіндегі басты ұстаным – ұлт сапасын арттыруға көп көңіл бөлінеді. Бұл бағытта – жаңарған ұлт – жаңғырған елдің жаңалық, жетістігін танытатыны назарға алынады. Өмір ағыны қоғамдық құбылыстармен бірге адамды да жаңа бағыт, тың өзгеріс­терге бастайтыны, оның өзі үлгі тұтарлық сапалы қасиет­терге мол болу қажеттілігі алға тартылады. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген қағидалы көзқарастары негізгі назарға алынады. Бұл ретте терең білім, ерен еңбек, кәсіби дағды, тәртіп пен жауапкершілік, әділдік принциптері еске алынады. Ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру, ұлт сапасын арттыру, жат әдеттерден арылу – ел болашағының басты мұраты екендігі көрсетіледі. Керісінше даңғазалық пен ысырапшылдық, жауапсыздық пен немқұрайдылық, бөспелік пен мақтаншақтық – қоғамның дамуын тежеп, кері әсер ететіні көкейкесті мәселе ретінде кеңінен қозғалады. Түйінді тұста: «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауап­ты адам» деген тиянақты тұжырым жасалады. Бұдан байқалатыны, ұлт сапасы – адам мен оның өмірі, еңбегі мен ұнамды қасиеттері, тарих пен дәстүрге адалдығы, кеше мен бүгін сабақтастығын жүйелі жалғастыру болып табылады. Ұлт мұраты мен мерейін асқақтататын құндылықтар қайнары да осыған саяды.

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 5 =