«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Құндылық кітапта қалды

0 217

Астанадағы №54 мектеп-лицейінде жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевпен оқушылардың емен-жарқын кездесуі өтті.

Кеш шымылдығы жазушының «Бас» драмасымен ашылды. Оқушылар қал-қадерінше философиялық терең иірімдері бар қойылымды сәтті алып шыққан. Жеткіншектер өнеріне риза болған қаламгер шынайы жазылған шығарма жайында сөз қозғады.

«Кезінде бұл туындыны қоюға тыйым салынған. Мұның ішінде қылышын сермеп, айқайлап жүрген Махамбет жоқ. 17 жыл бойы Алматының жертөлесінен әзер тауып алып, қайта жерлеген бабамыздың басы бар. Ащы шындық айтылған. Бұл қойылымды Махамбет атындағы Атырау облыстық драма театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры қойды. Үшінші мәрте сіздер қойып отырсыздар» деді ол.

Жалпы, жазушымен жүздесу еркін форматта өрілді. Көркем сөз зергері өз өмір жолынан жиналғандарға тамаша әңгімелер өрбітті. Тұғырлы тұлғалар туралы жып-жылы естеліктер айтты.

«1981 жылы Атыраудан Алматыға келдім. Ол кезде жазуға құштар жанның мақсаты Алматыға жету болатын. Жазушылар одағы әулиенің үйіндей еді. «Қазақ әдебиеті» газетіне жұмысқа тұрдым. Одаққа күнде тойға баратындай сықиып барамыз. Өйткені «Алтын жұлдызын» тағып, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов келеді. Қолына кішкентай жонып алған таяғы бар, Қарқалыдан трамваймен Ғабиден Мұстафин жетеді. Ақбас бурадай желкілдеп Тахауи Ахтанов шығады. Алдына келгенді теуіп, артына келгенді тістеп, әлемге аты кеткен классиктің бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов жүреді. Өңкей империялық тілде сөйлейтіндердің қоршауында жүретін Олжас ағамыз тұрады. Қоңырау таққан құба нардай Әбіш аға келе жатады. Поэзия падишасы Фариза апамды көрем. Көрдіңіз бе, қандай тұлғалар! Солардың әрбір шығармасы ұлттың қазынасына айналды. Тірлікте солардың аз-кем ілтипатына бөленгенімізге, кейде сапарлас, кейде сырлас, дәмдес болғанымызға өзімізді бүгін бақытты санаймыз» деп алдыңғы толқын ағалары туралы ақтарылып сөйледі.

Шара барысында оқушылар кеш иесіне сұрақтарын қойды. Бір жеткіншек суреткерден «Кітап оқудың мәні қандай?» деп сұрады. Прозашы балаға парасатты жауап берді.

«Заман аунап кетті. Қазір ғаламтор, әлеуметтік желі деген шықты. Белгілі дәрежеде оның пайдасы болар. Жоққа шығаруға болмайды. Бірақ сонда адамдар бір-біріне хат жазып, бір-бірін мақтап, бір-біріне ренішті сөздерін айтып, кесе бас фотоларын салып жатады. Бұл маған жарға жазып кеткен жазу секілді әсер қалдырады. Ал бар құндылық кітапта қалды. Бірақ түбі соған келеміз» деді Рахымжан аға. Кеш иесімен бірге келген Маржан Ершу мен Бауыржан Қарағызұлы да әдебиет, кітап туралы өз ойларын ортаға салды.

Шараны аталған мектеп-лицейінің директоры Ғалияш Қуанышбекқызы қорытындылап, Атыраудан әдейі оқушылармен кездесуге келген Рахымжан Отарбаевқа ризашылығын білдірді.

Мерей  ДІЛДӘБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды