ҚҰНДЫ ҚҰЖАТТАР ҚОЛ ЖЕТІМДІ 

0 81

Халықаралық архивтер апталығында бас шаһардың мемлекеттік архиві «Архивтер мен қоғам: уақыт сынағы» атты онлайн дөңгелек үстел өткізді.

Жыл сайынғы 8-14 маусымда өтетін халықаралық архивтер апталығында әлемнің мыңдаған архивтерімен бірге Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві белсенділік танытты. Дөңгелек үстелге архив мамандарымен қатар, Ш.Уәлиханов атындағы институтының, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары қатысып, қоғамдық сананы жаңғыртудағы архивтердің рөлі, архив саласының жағдайы мен мәселелері, архив мамандарының уақыт сынағына дайындығы архив құжаттарын цифрландыру тәжірибелері талқыланды.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры Ғалия Алпыспаева әлеуметтік жадты сақтаудағы архивтің рөліне тоқталса, тарих ғылымдарының кандитаты Қанат Есенов тәуелсіз Қазақстан тарихына қатысты Ұлттық архив деректеріне шолу жасады. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі Сәбит Шілдебай Қазақстанда архив ісі саласындағы саясатқа өз көзқарасын білдірді.
Жиынға қатысушылар архив саласын дамыту мақсатында архив мамандарын даярлау, архив қызметкерлерінің жалақысын көтеру, архивтерде ғылыми-зерттеу қызметін жандандыру, жұмысқа тарихшы-ғалымдарды тарту, архив құжаттарын құпия­сыздандыру мен шет елдердің архив мекемелерімен байланысты нығайтып, ақпараттық технологияларды игеру мәселелерін көтерді.
Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік архивінің директоры Мейрам Бектембаев Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен архив ісінің барлық бағыттары бойынша жоспарлы түрде жұмыс жүргізіліп отырғанын айтты. Оның айтуынша, елордадағы тарихшы ғалымдардың қатысуымен архив жанынан ғылыми-әдістемелік кеңесі құрылды.
Елорда архивінің стратегиялық жоспарына сәйкес, өткен жылдан бері 3 миллион парақ цифрланып, аса құнды құжаттар тізімі архив сайтында жарияланды. Алдағы уақытта латын, араб әріптерімен жазылған құжаттарды жарыққа шығару жоспарланып отыр.

Ғазиза ИСАХАН,
Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік архивінің ғылыми-зерттеу
бөлімінің басшысы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 1 =