ҚҰЛТЕМIР «ЖЕККЕН» ЖЕТКIНШЕК

0 310

ERA_9156

Осыдан тоқсан төрт жыл бұрын чех жазушысы Карел Чапек өзінің «Р.У.Р» пьесасының кейіпкерін ешбір қолданыста болмаған «робот» сөзімен атаған еді. Жазушының ғажайып ой еркіндігінің жемісі болған сол роботтар уақыт өте келе ғылымның жетістігі болады деп кім ойлаған ол кезде? Ал, қазір темір техниканың өзі темір құрастыратын заманға жеттік. Әлемнің бірқатар елдері бұл саладан оқ бойы озық тұрса да, біз де қол қусырып отырғанымыз жоқ. Мемлекетіміз білім саласына инновациялық технологияларды енгізуге күш салуда. Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде робот техникасы бо­йынша үйірме бар. Осыған орай біз инновациялық ізденіс жолына түскен жас өнертапқыштардың жұмысымен танысып қайттық.

Келе салып, оқушылардың қызу еңбегінің үстінен түстік. Сірә, өздері жасаған роботтардың іске жарамдылығын тексеріп жатқан шығар. Мәнісін сұрадық, «мен айтайыншы, мен айтайыншы» дегендей, істің бабын білмейтін бізге түсіндіруге  құлшына кірісе кетті:

– Құлтемірді құрастырып алған соң, оған арнаулы бағдарлама жүктедік. Оның міндеті – траектория бойынша жүру. Яғни, өзіңіз көріп тұрғаныңыздай, ақ маттың үстінде сызылған қара жолақтар роботтың жол бағыты. Ақ түсті көрсе, бірінші сенсоры оңға, екіншісі солға бұрылады. Осылайша көлік сияқты жүреді, – дейді. Бір мезетте әп-әдемі жүріп келе жатқан робот бағытынан шатасып, айнала бастады. Біз түсінбей қалдық. Іле екінші оқушы:

– Бағдарламада қателік кетсе, тепе-теңдіктен айрылып, күтпеген нәтиже көрсетеді. Дәл осылай, – деп күлімсіреді.

– Демек, істен шығуы да мүмкін ғой. Бұл қауіпті ғой, – деппін мен.

– Иә. Бірақ бұл жаңадан үйренушілерге арналған кішігірім ғана робот  қой. Ал, дәл осының көлемін кәдімгі көлік сияқты ұл­ғайтып жасаса, жан-жағын жайпап, материалдықпен қоса, физикалық шығын әкелер еді, – деп бір бала қорқынышымызды одан әрі үдете түсті.

– Сондықтан, бұл іс дәлдікті талап етеді. Сосын бағдарламаның орнына  тұрып, логика қосу керек, – деп орыс қыз қазақша жауап берді. Сөйлемі дұп-дұрыс құрылмаса да, маған қарап қазақша үн қатқаны үшін іштей риза болып қалдым.

«Алты оқушының жасы әртүрлі сияқты. Шамасы, араларында жоғары сыныптың да, орта сыныптың да оқушылары бар-ау» деп ойладым. Таныстық. Шынымен де, Светлана мен Ұланқасен – 10-сыныпта, Азамат пен Данияр – 9-сыныпта, Әзім 8-сыныпта оқиды екен.  Ал, ең кенжесі Сұлтан болып шықты, ол 7-сыныпта оқиды. Алтауы да жақында ғана Астанада өткен республикалық робот техникасы олимпиадасына қатысқан.  «Жүлделі орын алмағанымызға ренжіген жоқпыз. Өйткені, үйірменің ашылғанына небары жарты жыл болды. Алар асуымыз алда ғой» деп, шәкірттерінің күшіне сенетіндігін аңғартты үйірме жетекшісі Қымбат Дүйсембаева. Ал, балалар болса бірауыздан бұл олимпиада арқылы көп тәжірибе жинағандарын айтып жатты. «Оралдың оқушылары робот техникасымен екі-үш жылдан бері айналысып келеді. Олардың роботтары біздікімен салыстырғанда едәуір күрделі болды. Ал, біздің роботтар қарапайым. Себебі – бәрі де сол «траекториядан» бастайды» дейді Ұланқасен. Жіберген қателерін түсінген олар «алдағы уақытта олқылықтарды жөндейміз» дейді. Ендігі мақсаттары – келесі жылы Сочи қаласында өтетін әлемдік «World Robot» олимпиадасына «Спутник» санаты бойынша қатысуға жолдама алу.

Оқушылар маған француздық  «Aldebaran nao» құлтемірін көрсетті. Ол робот «Мектебімізге қош келдіңіз!» деп сөйлеп, менімен қол беріп амандас­ты. Сондай-ақ, балалар оған «Қара жорға» мен «Макарена» билерін үйретіпті. Музыка ырғағына сай ұқыпты қимылдайды.

– Негізінен, роботты белгілі бір әрекетке бағдарламалау оңай. Ал, егер кешенді операцияға үйреткіміз келсе, 2-3 күн уақыт кетуі де мүмкін. Би қозғалысын жасату үшін музыканы қосып, соған сәйкес роботтың дене мүшелерін бүгіп, қажетті позицияға қойып отырдық. Онысын бағдарламада сақтадық. Адам да солай үйренеді ғой – хореограф көрсетсе, бишілер қайталайды, – деді оқушылар.

Светлана роботтардың пайдасы зор екенін айтты. Оның ойынша, құлтемірлерді мұғалімдердің көмекшісі етіп, білім саласында тиімді қолдануға болады. «Сондай-ақ, оқу бағдарламасында қам­тылатын шығармаларды жаздырып қоятын болсақ, сабақ барысында құлтемірлер ол мәтінді оқушыларға дауыстап оқып береді. Осылайша, шәкірттердің оқуға деген қызығушылығын одан әрі арттыруға болар еді» деген ойымен бөлісті ол.

Бәрінен бұрын Әзімнің сөзі көңілімізге майдай жақты:

– Бізде түрлі фантастикалық фильмдер мен шығармалардың әсерінен құлтемірдің бейнесі адамға ұқсайды деген қате түсінік қалыптасып кеткен. Жүргізуші көлік кептелісі туралы сұраған жағдайда нақты жауап беретін дыбыстық жүйе секілді болуы да мүмкін.  Тамақ жасап, үй жинап, кір жуатын роботтар да бар. Оларды кез келген үйдің бұрышынан көретін күн де алыс емес. Алайда, құлтемірді адамға қиынға соғатын процестерге ғана пайдаланған дұрыс деп есептеймін.

«Валли» фильмінде роботтар қаптап, қоқыс шашылып, адамдар денсаулығынан айрылып, еріншектікке салынып, өмірдің тәттілігін сезінуден қалды емес пе?! Әрине, жоғары технологияны дамыту керек. Бірақ, оған тәуелді болған жарамас. Өзіміздің қолымыздан келетін үйреншікті істерді құлтемірге тапсырып, қол қусырып отыруға болмайтын шығар деп ойладым.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + twenty =