«Құлпынай» бүлдіршіндерінің қуанышы

0 118

 Бүгінде Қазақстан халқы тілдерінің ХІV фестивалі аясында еліміздің түкпір-түкпірінде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Астанадағы №40 «Құлпынай» балабақшасының ұжымы да бұл шарадан тыс қалмады. Мектеп­ке дейінгі балалар мекемесінде өткен «Ана тілім – бал тілім» атты ертеңгілік соның айқын айғағындай.

Сарыарқа ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен тіл мерекесіне «Еркетай» тобының тәрбиеленушілері тегіс жиналды. Қазақтың ұлттық киімдерін киіп алған балақайларға үкілі тақия, оюлы желетке мен кең етек, бүрмелі көйлек сондай жарасып тұр.

Мерекелік шараға жиналған қонақтар мен ата-аналар болса кішкентай әртістердің орындауындағы «Тілегіміз – бейбіт күн» әні мен мың бұралған биші қыздардың өнеріне тәнті болды. Ал, шараны ұйымдастырушылар балалардың бойында ана тіліне деген сүйіспеншілік сезімдерінің қалыптасуы мен мемлекеттік тілдің дамуына қосқан үлестері үшін мектепке дейінгі мекеме меңгерушісі мен тәрбиешілерді аудан әкімінің атынан алғыс хаттармен марапаттап, балаларға сыйлықтар үлестірді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 3 =