Құлақтан кіріп, бойды алды

0 108

Қазақ ұлттық өнер университетінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Дәстүрлі ән» кафедрасы студенттерінің «Көзімнің қарасы» концерті өтті. Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Марат Нүкеев жетекшілік ететін «Сырлы саз» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен кеште ұлы ақынның және еліміздің танымал композиторлардың әндері шырқалды.

Өзгеге көңілім тоярсың,
Өлеңді қайтып қоярсың.
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың.
Немесе:
Құлақтан кіріп, бойды алар
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй. Бұл – артына біршама музыкалық мұра қалдырған хакімнің баршамыз­ға белгілі өз сөздері. Талантты жастар баршылық екен. Олар осы кеш бағдарламасына кірген әндерді беріле шырқап, Абайдың жүрегіне терең бойлауға тырыс­ты. «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, қалам қас» сынды ақынның туындылары, ойшылдың өзі айтқандай, «жүректі тербеп, шымырлап бойға жайылады». Осындай тамаша шығармалармен қатар Нұрғиса Тілендиевтің, Шәмші Қалдаяқов­тың, Жақсыгелді Сейіловтің әндерін тыңдап, бір демалып қалдық. Бір айта кетерлігі, жастарды осы концертке Марат Нүкеевпен қатар «Дәстүрлі ән» кафедрасының аға оқытушысы Гүлнәр Абдолла дайындады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 1 =