«ҚҰЛАНСАЗ» ҚҰЛАҚ ҚҰРЫШЫМЫЗДЫ ҚАНДЫРАДЫ

0 130

Елордада 14 қыркүйек күні еліміздің өңірлерінің дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңкесі басталып, 3 қарашаға дейін созылады. Жәрмеңкеге келетін халық арзандатылған бағамен азық-түлік сатып алумен бірге, аймақтар өнерпаздарының өнерін тамашалай алады. Ол жөнінде жәрмеңкенің мәдени бағдарламасына жауапты Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Самат Тергембаевтан толығырақ анықтап білдік.

«Ел іші – өнер кеніші» демекші, жәрмеңкенің аясында қала әкімдігінің алдындағы алаңда облыстардан келетін өнерпаздардың концерті өтеді. Ол үшін алдағы күндері сахна құрылады. Әнші, биші, күйшілерді дыбыс аппаратурасымен қамтамасыз ету де жергілікті Мәдениет басқармасының мойнында. Сонымен бірге түрлі қолөнер шеберлерінің көрмелерін өткізу де жоспарланып отыр.

Астана халқы жәрмеңкеде Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының қай өнерпаздарын көре алады дегенге келсек, олардың арасында жеке орындаушылармен қатар өнер ұжымдары да болмақ.

Облыстар есімдері ел аузына ілігіп жүрген өнерпаздарды жібереміз деп уәде берген екен. Атап айтар болсақ, Алматы облысынан фольклорлық-этнографиялық «Құлансаз» ансамблі келеді.

35 жылдық тарихы бар бұл ұжымның бастауында әндері қазақ арасына кең танымал көрнекті композитор Әсет Бейсеуов тұр. Украинаның, Түркіменстанның, Ресей мен Моңғолияның төрінде ән салып, би билеген, 1983 жылы халықтық ансамбль атағын иеленген «Құлансаз» 10-15 жыл жұмыс істеп, қайта құру кезеңінде тарап кетті. «Мәдени мұра» бағдарламасы себепші болып және Алматы облысының бұрынғы әкімі Серік Үмбетовтың ұсынысымен ұжым жұмысы қайта жанданды. Оның аяққа қайта тұруы үшін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреаты Ержан Қосбармақов пен сатирик Толымбек Әлімбекұлы көп еңбектенді. Кезінде айтулы әнші Ұлжан Айнақұлова өнер көрсеткен ансамбль құрамында қазірде 67 адам бар.

«Құлансаз» – репертуары бай ұжым. Онда Жамбыл, Кенен әндерінен бастап, бүгінгі композиторлардың әндері, олардан бөлек Сүгір Әлиұлының, Нұрғиса Тілендиевтің күйлері, Моцарт секілді әлем классиктерінің шығармалары кездеседі.

Осыдан үш жыл бұрын жеке концертпен елордаға келіп, астаналықтарды өнерімен тамсандырған ұжым былтыр Нью-Йорк, Вашингтон, Лос-Анжелес қалаларына барып, алпауыт АҚШ көрермендеріне таңдай қақтырған. Осы жолғы келісінде де ұжымның өнеріне елордалықтар тәнті болады дегенге сенімдіміз.
Сөз өнерінде ғана емес, ән өнерінде де өзіндік із қалдырған әрідегі Абайды, Шәкәрімді, берідегі Тұрсынғазы Рахимовты тудырған Шығыс Қазақстан өлкесі қазір де дарынды ұл-қыздарынан кенде емес. Астанада өтетін жәрмеңкеде соған куә боламыз. Ендеше, жәрмеңкеге келіп, әсем ән мен тәтті күй тыңдап қайтыңыздар, ағайын!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 5 =