«Құлагер» ағылшынша жырланды

0 86

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына орай айтулы ақынның ағылшынға аударылған «Құлагер» поэмасының таныстырылымы болды.

Ұлттық ән өнерінің дүлдүлі Ақан сері атамыз­дың шашасына шаң тимеген Құлагері жа­йындағы оқиғаны бала күнімізден санамызға сіңіріп өстік. Ілияс ақын оны көркем шығармаға айналдырып, мәңгі өлмейтін құнды мұра етті. Енді, міне, «Құлагер» поэмасының ағылшынға тәржімаланған алғашқы аудармасы шетелдік оқырманға Ұлттық аударма бюросы арқылы халықаралық басылым ретінде жол тартып отыр. Бұған дейін бұл шығарма 2016 жылы неміс тіліне аударылған. Ал орысша нұсқасы 1958 жылы жасалған. Поэманы ағылшынға тәржімалаған – Белинда Кук. Ол бұған дейін орыстың көрнекті ақындары Борис Пастернак, Марина Цветаева, О.Мандельштамды аударған.
– Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын қазақ өмірінің энциклопедиясы деп айтуға болады. Классикалық шығарманы аудару жұмысы осыдан он жыл бұрын басталды. Біз алдымен ақын және аудармашы Ричард Мак Кейнге шықтық. Ол бізге өзінің шәкірті Белинда Кукты ұсынды. Сөйтіп аудармашымен жұмыс басталды. Қазақ тілі өте бай. Біз алдымен ол кісіге түсінікті болуы үшін поэманың жолма-жол аудармасын жасадық. Кеңесшілер жұмыс істеді. Белинда Кук Қазақстанға келіп, Ақан серінің басына, Бурабайға, Зерендіге барды. Халқымыздың тарихымен, дәстүрімен танысты. Соның бәрі ол кісіге шабыт беріп, аударманың сәтті шығуына әсері тиді, – деді Ілияс Жансүгіров атындағы қордың президенті Жанар Жандосова.
Кітаптың иллюстрациясын көрнекті қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің немересі, дарынды жас суретші Дәурен Қастеев жасаған.
Таныстырылым барысында аудармашы Белинда Кук тікелей эфир арқылы айтулы шығарманың мазмұны мен мәні туралы салмақты пікірін айтты. Сондай-ақ Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, профессор Әділ Ахметов және тағы басқа азаматтар да әлемдік оқырманға жол тартқан поэма туралы өз ойларын білдірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды