ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ҚҰЖАТТАРЫ

0 361

IMG_9510

Қазіргі таңда «АЛЖИР­» мемориалды-мұражай кешенінің ұжымы ғылыми-зерттеу жұмыстарының ауқымында Ақмоладағы «АЛЖИР»­ ­лагерінде отырған «Отанын­ сатқандар» әйелдерінің тізімін анықтап, мәліметтер базасын жаса­уда.

Осы орайда Астана қаласы мен Ақмола облысы бойынша заңсыз қуғын-сүргін құрбандарының қауымдастығы мен «Мемориал» Халықаралық қоғамы 2003 жылы Мәскеу қаласының «Звенья» баспасынан шыққан «Узницы АЛЖИРа» кітабы негізге алынып отыр. Онда 1938-1940 жылдары Ақмола және Карлагтың басқа да бөлімшелерінде отырған 7259 әйел туралы қысқаша анықтамалар берілген. Осы кітап бойынша 2007 жылы мұражай аумағында тұрғызылған Зерде қабырғасында жазықсыз зардап шеккен 7270 әйелдің есімдері мәңгіге жазылған.

Зерде қабырғасына 2012 жылы 15 әйелдің есімі қосылды. Олар: Л.В.Головня-Бабицкая, Л.В.Домбровская, Т.П.Ивинг-Афонина, М.Ильясова, Л.А. Крюкова-Русланова, А.М.Ларина-Бухарина, Е.И.Лорберг-Калинина, Е.Д.Найдис, Т.К. Окуневская, Р.М.Плисецкая, Г.И.Руденко, Н.И.Сац, Г.И.Серебрякова, А.В.Тимирева, Т.П.Шугаевская. Бұл қаралы тізім­нің одан әрі жалғасары түсінікті және осы бағытта жұмыс жүргізілуде.

«АЛЖИР» тұтқындары жайлы жаңа деректер үнемі табылуда. Қыр­ғыз Орталық Атқару коми­те­тінің төрағасы Сейітқали Меңдешевтің әйелі Рәзия Меңдешева, ҚАКСР тұңғыш прокуроры Сүлеймен Есқараевтың әйелі Мариям Есқараева, қазақтың тұңғыш режис­сері Жұмат Шаниннің әйелі, алғашқы қазақ актриссаларының бірі – Жанбике Шаниналар туралы материалдар соңғы уақытта келіп түсті.

Мұражай ғылыми қызмет­кер­ле­рінің зерттеулері нәтижесінде Астана қаласындағы көзі тірі жалғыз «АЛЖИР» тұтқыны Анна Ендановамен тығыз байланыс орнатылды. Бүгінде ол кісінің жасы – тоқсан жетіде. Жыл сайын Анна Григорьевнаның туған күні 5 нау­рыз­да мұражай қызметкерлеріне оның үйіне барып, сұхбаттасып, мате­риал­дық көмек көрсету дәстүрге айналды.

Сол сияқты 2012 жылы мұражай қорына «АЛЖИР» тұтқыны А.Н.Медяникованың лагерьде туған қызы Галина Ивановна Медя­ни­ко­ваның туу туралы куәлігі біздің қорымызға тіркелді. Анна Нестеровна Медяникова 1907 жылы Амур облысының Тамбов ауданы Крестово-Воздвиженка селосында туған, ұлты орыс, үй шаруасымен айналысқан. 1937 жылы 5 қарашада «Отанын сатқанның отбасы мүшесі ретінде» Свободный қаласының түрмесіне қамауға алынып, 1938 жылы 8 наурызда Ақмола лагеріне жіберіледі. Лагерьден 1946 жылдың 14 қаңтарында босатылады. А.Н.Медяникова түрмеге қамалғанда, үш баласы болған және қызы Галина Медяникова, туу туралы куәлігіне сәйкес, 1944 жылы 3 қазанда Ақмола лагерінде дүниеге келген. Галина Ивановна қазіргі күнде Қарағанды қаласында тұрады, оның айтқанына сүйенсек, ол анасымен лагерьде 1946 жылдың 14 қаңтарына дейін болған. Сол себептен ол саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылып отыр.

Мұражай қоры 2013 жылы «АЛЖИР»-де отырған ленинград­тық­ әйелдер О.И.Истомина, Е.Е.Крамер, Р.Х.Журбина, Р.И.Муравская, Эсфирь Бенсман­-Кульджанова, Ядвига-Ирена Иоси­фов­на Верженскаялардың архив­тік материалдары мен фото­сурет­те­рімен толықтырылды.

Ольга Игнатьева Истомина КСРО НКВД Ерекше Кеңесінің шеші­мі­мен Отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде 8 жылға бас бостандығынан айырылып, 1943 жылдың 8 қыркүйегінде босатылды. Оның күйеуі Сергей Иванович Истомин тұтқындалғанға дейін Орман халық комиссариатының ағаш өңдеу бас басқармасының басшысы болды. 1938 жылдың 3 ақ­па­нында КСРО Жоғарғы соты­ның әскери коллегиясының шеші­мі­мен революцияға қарсы террор­лық ұйымға қатысқаны үшін тұт­қын­далып, Мәскеу қаласында сол жылғы 25 сәуірде атылды.

Евгения Ефимовна Крамер КСРО НКВД Ерекше Кеңесінің шешімімен Отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде 5 жылға бас бостандығынан айырылып, 1943 жылдың 21 ақпанында босатылды. Оның қүйеуі Яков Исаакович Крамер Қатынас жолдары халық комиссариаты басшысының көмекшісі болды. 1937 жылдың 16 қарашасында оңтроцкисшіл революцияға қарсы террорлық ұйымының мүшесі ретінде тұтқындалып, 1938 жылдың 15 ақпанында ату жазасына кесілген.

«АЛЖИР» тұтқыны Ревекка Хаимовна Журбинаның немересі Алексей Журбин бізге арнайы келіп, мұражай ұжымына әжесі жайлы естелік жазып, ол кісіге қатысты материалдар тапсырды. Немересінің мұражай қорына тапсырған түп­нұсқа материалдарының ішінде Ревекка Хаимовнаның лагерьде отыр­­ғанда, 1941 жылғы 8 наурызда құр­бы­­ла­­рына арнап жазған өлеңдері құнды жәдігер болып табылады. Оның күйеуі Авраам Алексеевич Жур­бин тұтқындалғанға дейін Одесса облыстық тұтынушылар одағы прези­диу­мы­ның төрағасы болады.

Ғылыми қызметкерлердің ізденіс­те­рі­нің нәтижесінде 2013 жылдың шіл­десінде мұражайдың әкімшілік қабатында «Біз куәлік етеміз» тақы­ры­бындағы жаңа экспозиция ашылды. Экспозицияда тоталитаризм дәуірінің Кеңес Одағындағы ең үлкен әйелдер лагері «АЛЖИР»-де қамауда болған Одаққа танымал әнші Лидия Русланова, ақындар мен жазушылардың жұбайлары, оның ішінде: Гүлжамал Майлина, мемлекет қайраткерлерінің жұбайлары: Әзиза Рысқұлова, Дәмеш Жүргенова, Гүләндам Қожанова, Анна Каган, Зұфнұн Нұрмақова, Фатима Османова, Елизавета Сәдуақасоваларға және актриссалар: Рахиль Мессерер-Пли­сецкая, Татьяна Окуневская, Наталья Сац, Лидия Френкель, белгілі жазушы Галина Сереб­ря­ко­ваға қатысты фотосурет­тер, құжат­тар, хаттар, олар тұтынған жеке заттары қойылды.

Әсіресе, «АЛЖИР» мемориалды мұра­жайының аумағында кезіндегі лагерь­дегі барактың шағын үлгіде салынып, жәдігерлермен жабдықталуы елеулі оқиғаға айналды. Осындай барак­тарда 1938-1953 жылдары тұтқын әйелдер тұрды. Әрбір барак шама­мен 200-300 адамға есептелген. Келушілердің назарларына барактың ішіне орналастырылған «АЛЖИР» тұтқындарын балаларынан айыру» диорамасы ұсынылады. Барак пен диораманың авторы – Қазақстан Рес­публикасы Сурет­шілер одағының мүшесі Игорь Баграмов.

Биыл мұражай қорына «АЛЖИР» тұтқыны Мария Владимиров­на Минкинаның лагерьге бара жат­қанда 1938 жылы туыстарына жаз­ған хаты келіп түсті. Хатты осы күн­ге дейін оның қызы Инна Бронш­тейн сақтаған. Бүгінде Инна Беларусь Республи­касының астанасы Минс­кіде тұрады. Беларусь Респуб­ли­­ка­­сының Қазақстандағы бұрынғы елшісі Валерий Брылевтің жұбайы Мария Брылеваның көмегімен құн­ды хат біздің мұражайға да жетті.
Мария Минкина 1937 жылғы 28 қарашада КСРО НКВД Ерекше Кеңесінің шешімімен Отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде 8 жылға бас бостандығынан айы­рыл­ған. 1938 жылғы 24 қаңтарда Орша қала­сы­нан Ақмола лагеріне әкелінді. Оның күйеуі Яков Анатольевич Бронштейн Белорусь жазушылар Одағының жауапты хатшысы болады. Ол халық жауы ретінде айыпталып, 1937 жылы Минск қаласында атылады. Қазір әбден сарғайған хат­ «АЛЖИР» мемориалды-мұра­жай кешенінің экспозициясында ұмытылмас, қаралы қасіретті күн­дер­ді еске алатын, құнды мұра ретінде сақталуда.

Мұражайда жылдан-жылға зерттеу жұмыстары дами түсуде. Атап айтсақ, мұражай қорының материалдары бойынша «алжир» тұтқындары мен олардың балаларының «қор­қы­ныш­ты түстей» атты естелік­тер жинағы баспаға әзірленді. Мұра­жай­дың аумағында «алжир» тұт­қын­дарының рухына арналған қазақстан республикасындағы шетел елшіліктері ескерткіш белгілерін орнатуда.

P.S

Мұражайдың www. аlzhir.kz веб-сайты мен виртуалдық туры ашылды.

Мұражай қызметкерлері ТМД елдерінде тұратын саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен және Қазақстанға жер аударылғандармен бірігіп, тығыз жұмыс атқаруда, жылда ғылыми іссапарлар ұйымдас­тырылып тұрады.

Биыл «АЛЖИР» тұтқыны Т.П.Афо­нина тұрған Астана қала­сын­дағы Есенберлин көшесі, 15-үйде ескерткіш тақта ашуды және 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашар­шы­лық құрбандарын еске алу күні қарсаңында мұражай ұжымы Татьяна Павловнаның үйінде тұрған, оны өмірінің соңғы кезде­рін­де бағып-қаққан, бүгінде сол үйде тұрып жатқан, шәкірті Валентина Алексеевна Быковская­мен кездесу ұйым­дас­ты­руды жоспарлап отырмыз.

Лауренсия Әбдірахманова,
«АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені директорының ғылым жөніндегі орынбасары

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 2 =