Қуғын-сүргін құрбандары толық ақталар күн жақын

0 46

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес қазір елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі 11 өңірлік комиссия жұмыс жүргізіп жатыр. Құрамында ғалымдар, көрнекті қоғам қайраткерлері және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері бар өңірлік комиссияларды облыстардағы әкімдердің орынбасарлары басқарады. Соның ішінде әкім орынбасары Бақтияр Мәкен жетекішілік ететін Нұр-Сұлтан қаласындағы өңірлік комиссияның кезекті отырысында осы жұмысты ұйымдастыру, құрамын нақты бекіту, қаржыландыру, комиссия мүшелерінің жабық және арнайы архивтерде жұмыс істеуге рұқсат алу мәселелері талқыланды.Ғалымдардың айтуынша, елімізде 100 мыңдай адам қуғын-сүргінге ұшыраған, бірақ аталған комиссия жұмысының нәтижесінде бұл цифр он мыңдап өсіп кетуі мүмкін. Басты мақсат – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру. Осы бағытта Ақмола өңірінде жұмыс істеп, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған боздақтарды ақтап алу үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің 2021 жылғы 26 қаңтардағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия құру туралы» №506-241 қаулысына сәйкес өңірлік комиссия құрылған болатын. Комиссия жұмысын атқаруға жергілікті бюджеттен 7 млн теңге қарастырылған. Кешегі отырыста ғылыми қызметкерлер екі топқа бөлініп, жетекшілер тағайындалды. Алдағы уақытта өткізетін дөңгелек үстелдер мен конференциялар мерзімі мен бағыты анықталды.
– Жыл басында комиссия жұмысы басталып, бұған дейін бірнеше рет кездестік. Кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыс жоспары да жасалған. Бірақ осы тұста бір мәселе туындады. Біз өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың деректерін іздейін деп отырмыз. Тіпті бұл құрбандардың ішінде Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар да қамтылады. Ал енді архивтердің көбі Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің ведомстволық басқаруында. Өйткені түрлі себептермен құрбандар туралы мәліметтер өте құпия түрде сақталады. Сонымен қатар репрессияға ұшырағандардың санын анықтау да оңай шаруа емес. Себебі біраз құжаттар жойылып кеткен, – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мемлекеттік тарих институты директорының орынбасары, комиссия мүшесі Бүркітбай Аяған.
Оның айтуынша, саяси қуғын-сүргін құрбандарының 20-30 пайызы ғана сотталғандар. Қалғандары сол кездегі Ішкі істер ұлттық комитетінің бұйрықтарымен абақтыға жабылған немесе атылған. Мысалы, Сәкен Сейфуллин мен Тұрар Рысқұловтың әйелдері сотталмаған, бір-екі адам отырып алып олардың тағдырын шешіп, түрмеге тоғытқан, яғни айыбы сот шешімімен дәлелденбеген. Құрбандардың көбі АЛЖИР сияқты түрмеде отырған, жартысы құрылыс комбинаттары, темір жол стансаларындағы өте қауіпті, ауыр жұмыстарға жегілген. Бұл да олар туралы деректерді іздеп, табуда қиындық келтіреді.
Комиссия мүшелері осы істі үйлестіруші қалалық Ішкі істер басқармасы өкілдерінен мемлекеттік архивтермен қоса Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ішкі істер министрлігі архивтеріне кіріп, зерттеу жүргізуге рұқсат алып беруді сұрады. Елордадағы мемлекеттік архивте, негізінен, 1991 жылдан бергі деректер қалып, оған дейінгі құжаттар Ақмола облыстық архивіне жіберілгендіктен, ғылыми қызметкерлердің Көкшетауға іссапарын ұйымдастыру керек. Әлі де ақталмаған азаматтар санаттарының жаңа есімдерін анықтау үшін тұрақты жұмыс істейтін экспедициялар ұйымдастыру мүмкіндігін пысықтау, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды жаппай жерлеу карталарын жасау көзделіп отыр. Осылайша қуғын-сүргінге ұшырап, ақталмаған құрбандар мен зардап шеккендердің дерекқоры құрылады. Жылдың соңында ақталған құрбандарды еске алу кітабы жарық көреді.
Комиссия құрамындағы Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік архивінің ғылыми зерттеу бөлімінің басшысы Ғазиза Исахан, Мемлекеттік тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетова, Еуразия ұлттық университетітінің доценті Күлпәш Ілиясова бірнеше кезеңге бөлініп жасалатын жұмыстардың ретін ойластырды. Бұдан кейін олар қаладағы мемлекеттік, ҰҚК, ІІМ және Бас прокуратурадағы ведомстволық архивтерде тұрақты жұмысын бастайды.
Жыл басында құрылғанда Нұр-Сұлтан қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясы мүшелігіне 19 адам бекітілген еді. Осы жылы 8 сәуірде өткен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның екінші отырысының шешімімен өңірлік құрамдарды ғалымдар мен сарапшылардың өкілдік етуін кеңейте отырып қайта қарастыру тапсырылды. Сол отырыс шешіміне сәйкес өңірлік комиссиялардың мүшелерін және олардың жұмыс топтарын Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтарының құрылымына ұқсас етіп жұмыстың нақты тақырыптық бағыттарына сай бөлу міндеттелді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − fourteen =