«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қуғын-сүргін қай халықты қынадай қырды?

2 2  283

взять займы круглосуточно онлайн

Соңғы кездері әлеуметтік желілер парақшаларында «кешегі кеңестік кезеңде жүргізілген сталиндік қуғын-сүргін заманында қазақтар мыңдап қырылса, көрші өзбектер мен қырғыз­дардан оншақты адам ғана құрбандыққа ұшырады, қазақтар өзіне-өзі жау болды, бірін-бірі көрсетті» деген сыңайдағы жазба баяндар белгілі бір ғылыми дәйектеме ретінде жарияланатын болып жүр. Бірден айтып қояйық, бұл – ешқандай шындыққа сәйкес келмейтін, ешбір тарихи дерекпен дәлелденбеген жалған да жауапсыз мәлімдеме. Мұндай тұжырымды сол кезде Одақты жаппай жайлаған зұлматтан, қызыл қырғыннан шынайы, дәйекті хабары жоқ адам ғана айта алады.

Сөзіміз дәйекті болуы үшін Өзбекстанда репрессия жаңа басталған 1937 жылғы 30 қыркүйек күні ғана 10 700 адамның қамауға алынып, олардың 3 613-­і көп ұзамай атылып кеткенін, 1 қазанға қарай лагерьлерде отырған өзбектер санының 21 579-ға жеткенін, ал 12 желтоқсан күні 3 644 адамның қолына кісен салынып, барлығы дерлік лагерьлерге айдалғанын, осы жылдары жалпы мөлшері 6 мыңға таяу адамның шейіт болып кеткенін айтсақ жетіп жатыр. Мұның бәрі Ташкентте 2005-2008 жылдары «Шахидлар хотираси» («Шейіттерді еске алу») қайырымдылық қорының қолдауымен жарыққа шыққан авторлар ұжымының «Репрессия: 1937-1938 гг. Документы и материалы» деп аталатын 4 томдық жинағында егжей-тегжейлі жазылған. Бұған репрессия жаңа басталған қыркүйекте Орталық Комитеттің хатшысы А.А.Андреевтің Өзбекстанды, қазан айында Тәжікстанды арнайы аралап, олардағы көптеген партия кадрларын талқандағаны да белгілі бір салқынын тигізбей қалған жоқ.
Рас, Қазақстанда репрессия жылдарында атылған адамдар саны бұдан сәл көптеу, ол 8 мыңға жуықтайды. Бірақ бұлар, кейбіреулердің айтып жүргеніндей, жергілікті жұрт бір-бірін ұстап бере бергеннен орын алмады. Оның бәрі Мәскеуден жоспарлы тәртіппен берілген тапсырма (разнарядка) бойынша жүзеге асырылды. Мұны өз бетінше өзгертуге Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) жергілікті органдарының шамасы келмеген.

Бұл жердегі басты әңгіме Кеңес Одағында 1937 жылдың тамызынан 1938 жылдың қарашасына дейін аса қауырт қарқынмен жүргізіліп, тарихта «Үлкен террор» деген ат алған ең басты қуғын-сүргін жылдары жайлы болып отыр. Кеңес Одағы халықтарының қай-қайсысы үшін де оңайға соқпаған бұл нәубет большевиктердің 1917 жылдың қарашасында төңкеріс жасап, билікті тартып алғанынан кейін бастап кетіп, 1953 жылдың көктемінде Иосиф Сталин өлгеннен кейін ғана біржола тоқтата алған репрессия­сы кезеңінің шыңы болды.
Ал іс жүзінде заңды түрдегі сая­си репрессия өзінің бастауын 1927 жылдан алады. Бұл кезде елдің ішіндегі әртүрлі ереуілдер мен бас көтерулер, кулактар тарапынан орын алып тұратын зиянкестік әрекеттер күшейіп тұр еді. Партия отырыстарының бірінде Иосиф Сталин «империа­лизмнің барлық сарқыншақтары мен ақ гвардияшылар қозғалысының жақтастарын құрту қажет» екенін мәлімдеді. Ақыр соңында сол жылы 7 маусым күні Польшада КСРО-ның саяси өкілі Войковтың өлтірілуі мемлекет басшысы үшін таптырмас желеу болды.
Нәтижесінде кеңес билігінің күшімен нағыз террор басталды. Мысалы, 10 маусым күні түнде империямен байланысы бар 20 адам атылды. Олардың бәрі дворян әулеттерінің мүшелері еді. Маусым айында барлығы 9 мың адам қамауға алынып, оларға мемлекетке сатқындық жасады, империализммен ауыз жаласты деген жалпылама, бірақ дәлелденуі қиын айыптар тағылды. Сосын таптық күрес зиянкестер мен саботаж жасаушыларды аулауға бағыт ұстады. 1928 жылы қуғын-сүргіннің қылышы Донбасс шахтерлерін жалмап түсті. Кеніш басшылығы түгелдей, сондай-ақ, 53 инженер жаңа мемлекетке шпиондық әрекет жасап жүр деген айыппен қамалып, көрсетілім іспеттес сот үдерісі жүргізілді.
Репрессияның келесі толқыны 1934 жылы Сергей Киров жұмбақ жағдайда атып өлтірілгеннен кейін күрт көтерілді. Келесі жылы осы желеумен 114 456 адам қамалып, олардың 1 229-­ы­ құрбандыққа шалынды. 1936 жылы жазалаушы машинаның қыспағы сәл төмендеп, 88 873 адамның тұтқындалуымен және 1 118 адамның жер жастануымен аяқталды. Бұдан кейін жоғарыда айтылған «Үлкен террорға» кезек келді. Ол БКП (б) Орталық Комитетінің 1937 жылғы 23 ақпан – 5 наурыз аралығында өткен пленумында И.Сталиннің 3 наурыз күні жасаған «Партия жұмысындағы кемшіліктер және троцкийшілер мен басқа да екіжүзділерді жою шаралары туралы» негізгі баяндамасынан кейін кеңге қанат жайды. Пленумда партия көсемі өзінің таптық күрестің күшейіп келе жатқаны жайындағы белгілі тезисін қайталай отырып, «…біз ілгері жылжыған сайын, табысқа көбірек жеткен сайын күйретілген қанаушы таптың қалдықтары қаттырақ ызалана түсіп, күрестің мейлінше өткірірек түріне көшеді, Кеңес мемлекетіне мейлінше зиянын тигізеді, құрып бара жатқандар ретінде күрестің ең өлермен құралдарына жабыса түседі» деп мәлімдеді. Осы ретте Сталин өзі атап көрсеткен «зиянкестердің принципсіз және идеясыз бандыларын, бірқатар барлау органдарына жалданып жұмыс жасаушы диверсанттар, тыңшылар, кісі өлтірушілерге» айналған троцкийшілерді кеңес елінің басты жауы деп жариялап, болашақ күрестің қандай ұранмен жүргізілетінін ашып айтты.
Бұл іс жүзінде НКВД органдары алдына «халық жауларымен» күресті қалай жүргізу керек екенін білдірген нақты нұсқау еді. Пленумның 5 наурыздағы қорытынды жиынында сөйлеген сөзінде Сталин 1927 жылғы партиялық пікірталас нәтижесіне сүйене келіп, тіпті «жаулардың» нақты санын да көрсетіп берді. Ол 30 мың троцкийшілерден, зиновьевшілерден және басқа да «оңшыл есалаңдардан» құралды. Пленумға дейін-ақ «халық жауларының» 18 мыңы ұсталып қойған еді, енді «небәрі» 12 мыңын темір тордың арғы жағына жөнелту қалған еді.
Пленум НКВД халық комиссары Николай Ежовтың 3 наурызда жасаған «Жапон-неміс-троцкийшіл агенттері жасаған зиянкестіктің, диверсиялардың және тыңшылықтың сабақтары» атты баяндамасы бойынша қарар қабылдап, «БКП (б) Орталық Комитетінің троцкийшілер мен басқа да екіжүзділердің антикеңестік, диверсиялық-зиянкестік, тыңшылық және террорлық бандыларын талқандау жөніндегі шараларын» мақұлдады.
Пленумның барысында және ол аяқталғаннан кейін бүкіл елдің көлемінде сенімсіз саналған кісілерді жаппай қамауға алу үдерісі лап ете түсті. Осылайша 14-29 мамыр күндері Қызыл Армияның Михаил Тухачевский, Иона Якир, Иероним Уборевич секілді жоғары командалық құрамының өкілдері тұтқындалып, ажал құшты. 15 наурызда Саяси бюроның бұрынғы мүшесі, Коминтерн мүшесі, «Известия» газетінің редакторы Николай Бухарин атылды.
Бұл қайғылы тағдыр пленумға қатысушылардың өздерін де айналып кете қойған жоқ. Сол партиялық жиында 72 адам сөйлеген еді. Солардың 52-сі дереу құлып астына қамалып, ату жазасын алды, тағы 2 адам өз-өздеріне қол жұмсап, өмірмен қоштасты. Ал бұлардың бәрі де пленумда Сталиннің пікірін қолдап, «халық жауларын» жоюға қол көтерген болатын.
Пленум өткеннен кейін БКП (б) ОК Саяси бюросы репрессияны күшейте түсуге арналған бірнеше қаулы қабылдады. Олардың арасында 1937 жылғы 23 мамырдағы «НКВД мәселелері», 8 маусымдағы «Троцкийшілер мен оңшылдар отбасыларын үйден шығару» бар. Бұл қаулылар НКВД органдарына троцкийшілер мен фашизмнің басқа да агенттерін анықтап талқандау және олардың титтей де бір антикеңестік әрекеттерін басу ісінде шексіз өкілеттіктер берді. Мұнда басты билік партия қызметкеріне емес, нарком адамына жүктелді. Елде жаппай жайлаған саяси елірме күшейді. Жан-жақта аяқ астынан пайда болған «халық жаулары» табылып, әшкереленіп жатты.
1937 жылғы 2 шілдеде Саяси бюроның «Антикеңестік элементтер туралы» қаулысы бұл дүрбелеңнің отына бұрынғыдан бетер май құя түсті. Осы қау­лымен БКП (б) ОК «облыстық және өлкелік партия ұйымдарының барлық хатшылары мен НКВД-ның облыстық, өлкелік және республикалық өкілдеріне отандарына оралған кулактар мен қылмыскерлердің арасындағы мейлінше қаскөйлерін жедел тұтқындап, олардың істерін әкімшілік тәртібінен өткізу арқылы «үштіктің» шешімімен ату, ал қалған белсенділігі төмен, бірақ бәрібір жау элементтері болып табылатындарын НКВД-ның тапсырмасымен қайта қарап, аудандарға жіберу үшін есеп алу» ұсынылды.
Сот органы ретіндегі «үштіктер» ОГПУ-дің 1929 жылғы 29 қазандағы циркулярымен құрылған болатын. Оларға істерді тергеуге және сот отырыс­тарына дейін алдын ала қарау тапсырылды. Ал 1937 жылдың 5 шілдесінен бастап, бұл топ өзі өлім жазасын тағайындай беретін құқыққа ие болды. «Үштіктің» құрамына НКВД-ның облыстық немесе өлкелік басшылары, облыстық немесе өлкелік прокурорлар, өлкелік немесе облыстық партия комитеттерінің хатшылары кірді. «Үштіктің» дербес құрамын ОК Саяси бюросы бекітті. Бюро отырыстарында қамауға алынып, атылатын «халық жауларының» нақты цифрлары бекітіліп тұрды.
КСРО Ішкі істер халық комиссары Н.И.Ежов 1937 жылғы 30 шілдеде өзінің БКП (б) ОК Саяси бюросының қаулысын жергілікті жерлерде қалай жүзеге асыру керектігі жөніндегі № 00447 санды әйгілі шұғыл бұйрығын берді. Онда «антикеңестік элементтерді» репрессияға ұшырату тәртібі, мерзімі, ауқымы белгіленді.
Қуғын-сүргінге түскендердің бәрі алған жазалары бойынша екі түрлі дәрежеге жатқызылды. Олардың бірінші дәрежедегілерін «үштік» атуға жіберсе, екінші дәрежедегілерін 8 жылдан 10 жылға дейін лагерьлерге айдады. Репрессияға тап болғандар «бұрынғы кулактар», «көтерілісшілерден, фашистерден, терроршылар мен қарақшылық құрылымдардан тұратын әлеу­меттік-қауіпті элементтер», «бұрынғы ақтар, жандармдар, шенеуніктер, жазалаушылар, бандиттер, қарақшылар сыбайластары», «мейлінше жаулық ниеттегі казактар мен ақ гвардияшылардың қалдықтары», «сектанттық белсенділер» деп аталатын топтардан құралды. НКВД-ның жазалаушы семсері «құлып астына алынып, түрмелерде, лагерьлерде, еңбек кенттері мен колонияларда отырып шыққандарымен» «тұрған жерлерінде антикеңестік бүлдіргіш әрекеттерінен бас тартпай жүрген» осындай көп санды жауларды қайда жүргендеріне қарамастан жойып жіберуге тиіс.
Сталиннің белгілеп беруімен НКВД орталық штабы аймақтарға жіберген нұсқауда үлкен әкімшілік-құрылымдық бөлік болып табылатын Ресей Федерациясы, Украина және Қазақстан республикаларының әрбір облысы үшін бөлінген мөлшер жеке атап көрсетілді. Мұнда Ресейдің үлес салмағы зор болғаны анық, ал құрамында 8 облыстан бар Украина мен Қазақстанның құрбандыққа байланған адамдары саны бір-бірінен біраз алшақ шықты.

Айталық, Украинада 7 800 бірінші, 20 500 адам екінші топқа жатқызылып, барлығы 28 300 адамды құраса, Қазақстанның еншісіне ату үшін – 2 500, лагерьге жіберу үшін – 5 000, жалпы 7 500 адам тиді. Осы үлес­те Өзбекстанға 750 адам атуға, 4 000 адам соттауға берілді. Ал Тәжікстан мен Түрікменстанның әрбіріне сыбағаға 500-ден адам ату, тәжіктерге – 1 800, түрікмендерге 2 000 адамды түрмеге отырғызу ұсынылды. Армяндар да 500 адамды атуға тиіс болса, 1 000 адамды қапасқа қамауға міндеттелді. Қырғызстанға 250 адамды ату мен 500 адамды айдауға жіберу жазылды. Бұлардан Грузия, Белоруссия және Әзербайжан республикаларына таңылған мөлшер айтарлықтай көп еді.

Атап айтқанда, қанды қасапта грузиндер мен белорус­тар – 2 000, әзербайжандар 1 500 отандастарын жер жастандыруы керек-тін. Сол сияқты Белоруссия­да – 10 000, Әзербайжанда – 3 750, ал Грузия­да 3 000 адам 8-10 жылдан жаза алуға тиісті болды.
Кеңестік-большевиктік репрессия машинасы қырғынды 5 тамызда бастап кетуге тиіс болды. Бұл операция кесте бойынша 10 тамызда Өзбек, Түрікмен, Тәжік және Қырғыз КСР-ларын, 15 тамызда Қиыр Шығысты, Краснояр өлкесі мен Шығыс-Сібір аумағындағы облыстарды шарпуға кірісті. Бұйрықта әрбір республикада, өлке мен облыста бірінші және екінші категорияға жататындардың нақтылы сандары атап көрсетілді. Сонда бүкіл ел бойынша «жоспарлы тәртіппен» 268 950 адамды қуғын-сүргінге ұшырату міндеті алға қойылды. Соның ішінде бірінші категория бойынша 10 000 адамды НКВД лагерьлерінде ату көзделді. Бірақ бұл цифрлардың өзі де нақты меже бола қойған жоқ, олар тек бағдар үшін ғана берілді. Бірақ НКВД-ның республикалық наркомдары мен өлкелік, облыстық басшылары белгіленген мөлшерді «өз беттерінше көбейтуге» ерікті болмады, оларға тек «цифрларды азайтуға» және «бірінші дәрежемен репрессияланғандарды – екінші, ал екінші топтағыларды бірінші қатарға қарай ауыстырып алуға» ғана рұқсат етілді.
Осы мақаланы дайындау барысында біздің қолымызға сондай себеппен Н.И.Ежовтан атылуға жататындар санын арттыруды сұраған Омбы облыстық НКВД басқармасының бастығы Г.Ф.Горбачтың шифрлы жеделхаты түсіп қалды. 1937 жылғы 14 тамызда жолданған сол құжатта әлгі жендет 13 тамызда бірінші категория бойынша 5 444 адамды қамауға алынғанын айта келіп, бұлардың «болжамды» мөлшерін 8 000 кісіге дейін ұлғайтуды сұрайды. Ал аталмыш сұраныс Сталинге көрсетілгенде ол оған «Ежов жолдасқа, Лимитті 8 мыңға дейін көбейту үшін. И.Сталин» деп қолын қойып береді.
«Жоспарлы тапсырмадағы» атуға жіберілетіндер санын бұлайша ұлғайту Краснояр өлкелік НКВД басқармасының сұранысы бойынша да жасалады. Мұндағы құжатта белгіленген цифрдың «тіпті түкке тұрғысыз», бар-жоғы 750 адам екені атап көрсетіліп, оның легін күрт көтеру өтініледі. Тамыздың 20-сы күні бұл кемшілікті «түзеткен» И.В.Сталин мен В.И.Молотов «лимитті» бірден 6 600 адамға дейін жеткізіп берген. Осылайша 1937 жылы репрессияға ұшырағандар саны ұлғайтылып, екі есеге дейін жеткізілген. Сол жылғы 8 қыркүйекте Н.И.Ежов Сталинге жазған арнайы мәліметінде тамыз айында 146 225 адамның қамауға алынғанын, яғни бес айлық жоспардың 54,37 пайызға орындалғанын баяндайды. Осы кезде «үштіктер» 31 530 адамды ату жазасына бұйырып, 13 669 адамды түрмелер мен лагерьлерге жөнелтеді. Бұлар тергеу істерінің бәрін сырттай және жеделдетілген тәртіппен қарайды. Мәселен, тап осылайша Краснодар өлкесінде 20 қараша күні ғана 1 252 қылмыстық іс қаралады.

Егер осы күні «үштік» осынша істі 24 сағат бойы үзіліссіз қарап шықты деп есептер болсақ, оның әр іске небәрі 1 минут 15 секунд қана уақыт жұмсағанын байқай аламыз. Ал арасында демалып отыруы ықтимал екенін ескерсек, бұл мерзімнің бұдан да қысқарып кететінін пайымдау қиын емес. Осы «үштік» 1938 жылғы 1 қарашада қараған 619 өлім жазасының әрбіріне бар-жоғы 2,5 минут қана уақыт жіберіп, тағы бір «рекордқа» қол жеткізіпті.

НКВД «үштіктері» 1937 жылдың 5 тамызынан 1938 жылдың қарашасының ортасына дейін бүкіл елде кемінде 800 мың адамның үстінен үкім шығарып, олардың тең жартысын атуға жіберді. Бұл – 800 мың адам, осы жылдарда саяси себептермен қуғын-сүргін көрген барлық тұлғалардың 60 пайызға жуығын құрайды. Контрреволюциялық әрекеттері үшін «Үлкен террор» жылдарында сотталғандардың қалған бөлігі басқа сот органдарының еншісіне тиеді. Оларды НКВД жанындағы айрықша кеңес, әскери трибуналдар мен соттар құрады. Тек КСРО Жоғарғы соты Әскери алқасы 1936 жылғы 1 қазаннан 1938 жылғы 30 қыркүйекке дейін Одақтың 60 қаласында көшпелі сессия өткізіп, 36 157 адамды жазаға кессе, солардың 30 414-­і, яғни 84,39 пайызы атылуға кетіпті.
Әскери алқа қазіргі жағдайда тірі қалдыруға болмайтын барынша танымал да бұрынғы беделді «халық жауларын» соттап қайтыпты.
Одақтас республикалардың барлығы және облыстар мен өлкелердің бірқатары жоғарыда көрсетілген жоспарларын тамыз-қараша айлары аралығында-ақ толық орындап шығып, жоғарыдан қосымша меже сұрады. Айталық, Қазақстан басшысы Левон Мирзоян 1937 жылы 2 желтоқсанда «барлық жеңістерге жігерлендіруші» Иосиф Сталинге шифрлы жеделхат жолдап, соңғы берілген 1 600 адамның республиканың «жұмырына жұқ болмай» қалғанын айтып, тағы осынша көлемде адам атуға рұқсат сұрады. Өздерінің шыбын жандары аман қалу үшін тираннан осындай тапсырыс сұраған бірінші хатшылар басқа республикалардан да табылды. Бұлардың бәріне қанқұйлы диктатор, әрине, қуана келісті. Сөйтіп, үш айдың беделінде жасалып бітуге тиісті зұлмат науқаны келесі жылға қарай жалғасып кетті. Мұның ақырында Украинада атылғандар саны – 50 000-ға, ал Белоруссияда 21 000-ға жеткенін көрсетті.
Осы саяси репрессиялар кезінде, алдымен 20-шы жылдардың аяғы мен 30-шы жылдардың басында ұлттық интеллигенция өкілдері түгелге жуық жусатып салынды. Мәселен, өзбектер осы тұста өздерінің Мунавар Кари Абдурашидов, Убайдулла Ходжаев, Ашурали Захири, Насреддин Шерахметов, Салимхан Тиллаханов секілді қарымды қайраткерлерінен көз жазса, қазақтар сапы Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Хәлел Ғаббасов, Хәлел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышпаев, Жақып Ақпаев, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сияқты арыстарынан айрылды. Ал 1937-1938 жылдарғы «Үлкен террор» өзбектердің Юлдаш Ахунбабаев, Акмаль Икрамов, Файзулла Ходжаев, Абдулло Рахимбаев, Сейфулло Абдуллаев, Сұлтан Сегізбаев, Абдулло Кадыри, Абдурауф Фитрат, Абдулхамид Чулпан, Миен Бузрук Солихов тәрізді зиялыларын жалмаса, қазақтардан Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Ораз Исаев, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Темірбек Жүргенов, Ғаббас Тоғжанов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Жұмат Шанин сынды саңлақтарын әкетті.
Террор КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен БКП (б) Орталық Комитетінің 1938 жылғы 17 қарашадағы «Тұтқындау, прокурорлық қадағалау және тергеу жүргізу туралы» деп аталатын біріккен қаулысымен тоқтатылды. Онда НКВД-ның осы жұмыстарға байланысты іс-әрекеттері формалды түрде сынға алынған. Әлбетте, мұның жай ғана көзбояушылық болғаны, әйтпесе қуғын-сүргінге қатысты науқанның бастан-аяқ Сталиннің басқаруымен жүзеге асырылғаны ешбір құпия емес.
Қолда бар статистикаға сәйкес, 1937-1938 жылдары Кеңес Одағында жалпы ұзын саны 1 344 923 адам сотталған болса, олардың 681 692-сі, яғни 50,69 пайызы жазаның ең жоғарғы түрі – атуға тартылды. Осы екі жылда саяси себептермен сотталған әрбір екінші адам атылды. Тағы бір деректер «Үлкен террор» кезінде 1 млн 700 мыңнан астам адамның сотты болып, 700 мыңнан артығының өлімге ұшырағанын көрсетеді. Осы жылдарда лагерьлер, колониялар мен түрмелер «тұрғындары» санының да күрт көбейіп кеткені айтылады. Айталық, 1937 жылы қамауда отырғандар 685 201 адам болса, 1939 жылғы 1 қаңтарда бұлардың қатары 2 022 976-ға жеткен.
Большевик көсемдерін мұндай қуғын-сүргінге жетелеген не нәрсе? Тарихшылар қазір мұның бірнеше нақты себебі бар екенін айтып отыр. Біріншіден, тұрғындардың бірқатар бөлігін мемлекет үшін тегін жұмыс күшіне айналдыру қажеттігі туды. Өйткені елде атқарылуға тиісті жұмыстар өте көп еді де, олар үшін төленетін ақша жеткіліксіз болды. Екіншіден, бір адамның жеке билігін күшейте түсу үшін осындай қатыгез қадам жасалды. Жаңа идеология үшін жұрт жаппай табынатын адам керек-тін. Үшіншіден, тоталитарлық қоғамның қанаушылық қарымы мен ауқымын кеңейтуге бағыт ұсталды.
Қалай дегенде де, бұл кезең бір мемлекеттің өз азаматтарын қырып-жоюға арналған, оны ең алдыңғы қатарлы өкілдерінен айыруға бағытталған кең ауқымды қанды қасап болды.

  1. Садық :

    Өте дұрыс жазылған материал. Шындық. Фактіге сүйенген. Авторға – респект.

  2. Дәулет :

    Мақала осы кезге дейін сандалып келгендерді орнына қойып берді-ау деймін. Мен мұнда шындық толық ашылған деп есептеймін.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды