Құдыстағы қантөгіс

0 98

Қақтығыс қайдан басталды?

Наразылық Израиль полицейлері Рамазан айында палестиналықтарға ауызашардан соң ескі қаладағы Дамаск қақпасына жиналуға тыйым салып, барьерлер қоюынан басталды. Оның соңы әл-Ақса мешітінің маңындағы төбелес пен қантөгіске ұласты. Екіншіден, Израиль билігінің соттың шешімі арқылы палестиналық 28 отбасын 70 жылдан бері палестиналықтар тұратын Шейх-Джаррах ауданынан шығару жөніндегі қаулысы да оқиғаны одан әрмен ушықтырып жіберді. Текетірестен кейін Израиль әскерлері қасиетті әл-Ақса мешітін қоршап алып, мұсылмандарды мешітке кіргізбей қойды. Міне, осыған кектенген палес­тиналық ислам қозғалысы (ХАМАС) Израильдің бұл әрекеті жауапсыз қалмайтынын ескертіп, артынша Израильге қарай зымырандарын заулатты. Израиль әскерилерінің сөзінше, Газа секторындағы ХАМАС тобы мен басқа да қарулы күштер Израиль тарапына бір аптадан бері 2000-ға жуық ракета атқан. Кейбір ракеталар Израиль астанасы Тель-Авивке дейін жеткен. Оның көбін Израильдің «темір күмбез» атты зымыран шабуылынан қорғау жүйесі қағып түсірді. Ал Израиль болса, бұған жауап ретінде Газа секторындағы ХАМАС қарулы күштерінің негізгі нысандарына әуеден 600-ден астам шабуыл жасады. Соққының салдарынан екі тараптан 100-ден астам адам (оның 27-і бала) қаза тауып, неше мың адам зардап шекті. Халықаралық қауымдастық тараптарды ұстамды болуға, мәселені қарумен емес, кеңеспен шешуге шақыр­ғанымен, қақтығыстың бүгін-ертең тоқтайтын түрі жоқ. Керісінше үдеп барады. Израиль билеушісі Нетаньяху Израильдің ХАМАС-пен өзге де палестиналық содырларға соққысы шабуылдың «басы ғана» екенін айтып, «біз өз азаматтарымызды қорғау үшін ХАМАС-қа соққы береміз» десе, ХАМАС та күресті тоқтатпайтынын білдіріп, «Тель-Авивке, Иерусалимге, Димонға, Ашкелонға, Ашдодқа, Беер-Шеваға және басқа да қалаларға соққы беру біз үшін су ішуден де оңай болды. Әрі қарай да осылай болады» деп мәлімдеді.

Екіге жарылған екіұдай пікір

Газадағы соңғы жағдайға байланысты халықаралық қауымдастықтың да пікірі екіге жарылды. 12 мамырда БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі тағы бір шұғыл жиын өткізіп, біріккен мәлімдемеге келісе алмады. Дипломатиялық дереккөздердің мәліметінше, кеңестің 14 мүшесі қақтығысты тоқтатуға шақыратын мәлімдемеге келіскенімен, АҚШ қолдамаған. Вашингтон бұл мәлімдеме жағдайды реттеуге көмектеседі деп санамайды. Сонымен қатар АҚШ Газа секторынан ұшқан зымырандарға қатысты сын айтып, Израиль тарапын қолдады. Ел президенті Байден де Израиль қорғануға заңды құқылы деп санайтынын жеткізді. Ал Түркия билігі болса, Палестина халқына қолдау көрсетуге қашан да дайын екенін жеткізді.
Байденнің емеуріні АҚШ билеу­шілерінің Иерусалимнің иелік құқығы мәселесінде қашанда Израильді жақтайтынын анық аңғартты. Трамп билік жүргізген кезде Иерусалим қаласын «Израильдің орталық қаласы» деп мойындап, ел астанасын Тель-
Авивтан Иерусалимге көшірсін деген мәлімдесі тек палестиналықтардың ғана емес, бүкіл ислам дүниесінің наразылығын қозғаған еді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы бас ассамблеясы да Иерусалим қаласын Израильдің астанасы деп санаудан бас тартты.

Иерусалимнің иелік құқығы кімде?

Иерусалим – Израиль мен Палестина арасындағы ең басты қайшылықтың бірі. Адамзат өркениеті мен мәдениетінде маңызы зор бұл қалада барлық діндерінің тарихи құнды жәдігерлері мен киелі орындары бар. Иудейлер, христиандар, мұсылмандар арасында Иерусалим үшін талас бірнеше мың жылға жалғасып келеді. 1967 жылы Таяу Шығыстағы соғыс кезінде аталған қаланың шығысын басып алып, қазірге дейін ондаған елді мекендердің іргесін қалап, 220 мың халықты қоныстандырып үлгерген еврей билігі Иерусалимді өзінің біртұтас және бөлінбейтін астанасы деп біледі. Бұған Израиль билеушісі Биньямин Нетаньяхудың «Иерусалим 3000 жылдан бері Израиль астанасы болып келді. Ол – ешқандай өзге халықтікі емес, тек Израильдікі. Сондықтан палестиналықтар мәселені ушықтырмай, Израиль астанасы ретінде қабылдағандары жөн. Сонда ғана бейбітшілік орнайды» деген сөзі айғақ. Ал палестиналықтар Шығыс Иерусалимді өз жеріміз әрі болашақта құрылатын тәуелсіз еліміздің астанасы болады деп санайды.
Оның үстіне, мұсылмандар үшін Иерусалим ислам дінінің киелі қара шаңырағы саналады. Құранда Құдыс деп аталған бұл қалада әлемге әйгілі әл-Ақса мешіті бар. Араб тілінде «Шалғайдағы ғибадатхана» деген мағына беретін бұл құлшылық орны «Мешіт ул-харамнан» кейін салынған ең алғашқы мешіт саналады. Ол мұсылмандардың ең алғашқы құбыласы болған. Құран-Кәрімнің «Әл-исра» сүресінде Мұхаммед пайғамбардың Миғраж түні мешіт әл-Ақсаға барып, намаз оқығандығы жайлы айтылады. Мешіттің нақ қай кезде салынғаны анық емес. Кейбір деректерде мешіттің іргетасын Адам ата қалаған десе, кей деректерде Ақса мешітінің іргетасы Дәуіт пайғамбар кезінде қаланып, құрылыс жұмысы Сүлеймен пайғамбар тұсында аяқталған делінеді. Аралықта сұрапыл соғыстардан және жер сілкінісінен бірнеше рет қирап, кейін қайта қалпына келтірген бұл мешітті мұсылмандар жоғарыда айтқанымыздай, алғашқы құбыласы ретінде қасиетті орын санаса, еврейлер «Иерусалим Саул патша кезінде еврей мемлекетінің астанасы болған, бұл қалада біздің заманымыздан мың жыл бұрын яһуди дінінің ең алғашқы құлшылық орны – Сүлеймен ғибадатханасы салынған» деген уәж айтады.
Қазір бұл өңір – Израильдің бақылауында. Ең қызығы, Шығыс Иерусалимде туған еврейлерге Израиль азаматтығы берілсе, палестиналықтар тек тұрақты тұруға рұқсат ала алады. Егер палестиналықтар бұл аймақта ұзақ уақыт тұрмаса, тұрақты тұру рұқсатынан айырылады.

Газадағы қақтығыстың тамыры тереңде

Иерусалимдегі жағдайдың ушығуы өлкенің Осман империясының қарамағынан шығып, Ұлыбританияның отарлық аумағына айналған кезінен басталады. Тек Иерусалимдегі жағдайға ғана емес, Таяу Шығыстағы Израиль мен Палестина сынды екі мемлекеттің пайда болып, от пен судай отаса алмай отыруына да осы Ұлыбританияның «улы саясаты» кінәлі.
Израиль мемлекеті 1948 жылы әлемдегі үш ірі дін – христиан, иудаизм және ислам қасиетті деп санайтын аумақта құрылды. Неше мың жылдық сергелдең тарихы бар еврей ұлтының Палестина жерінен Израиль мемлекетін құруында екі үлкен себеп бар. Біріншіден, ол еврейлердің ұзақ жылдық жоспары арқылы жүзеге асса, екіншіден, Ұлыбританиямен қатар қоныстанған арабтар мен еврейлерді «бөліп басқару арқылы билеу» саясаты еврейлердің бағына, палестиналықтардың сорына айналды.
Сионистік қозғалыстың авторы атанған еврей журналист Теодор Герсльдің 1896 жылы «Еврей мемлекеті» деп аталатын шағын кітабы жарық көрді. Әр елде тентіреп жүрген еврейлерге ұлттық мемлекет құру туралы ең алғаш ой тастаған осы кітапта, автор, бүкіл әлемдегі еврейлерді Палестинадан немесе Аргентинадан иелік сатып алу үшін «ақша жинауға» шақырады. Сонымен еврейлер жасырын түрде Палестина жерінен жер сатып ала бастайды, ақшаға құныққан арабтар жер бағасын қанша көтерсе де, еврейлер соның бәріне шыдап, жер сатып алады. Кейін қолында бес тиыны бар еврейдің барлығы Палестинаға қарай ағылды, ал олардың артында шетелдерде әжептеуір ақша тапқан бай еврейлер тұрды, олар Палестинаға барған еврейлерді ақшалай қолдап, Палестинадан жер сатып алуға қызықтырды. Сонымен қатар, қалталы еврейлер АҚШ пен Ұлыбритания билеушілерінің аузын майлай жүруді де назардан қағыс қалдырған жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін еврейлер қатты жәбір көрген ұлт ретінде өз мүддесін жоқтай бастады. Оларға АҚШ пен Ұлыбритания үлкен қолдау көрсетті. АҚШ пен Ұлыбританияның сеніміне қол жеткізген еврейлер тәуелсіз мемлекет құру жоспарына көшті. Мұны да АҚШ пен Ұлыбритания қолдағанымен, еврейлер тәуелсіз ел құратындай өздеріне тәуелді территория жоқ еді. Дегенмен, еврейлер өздерінің Палестинада мемлекет құратындай жері бар екенін дәлелдеді. Атап айтқанда, жеке-жеке жер сатып алған еврейлер өз иеліктеріндегі жерін бір-біріне қосып кеп жібергенде Палестина территория­сының 56 пайызы еврейлерге тәуелді болып шыға келді. Дәл осы кезде барып, өздерінің оңбай алданғанын сезген арабтар еврейлерге жер сатқандарды өлім жазасына кесетін үкім шығарды. Бірақ бәрі де кеш еді.
1947 жылы 29 қарашада Ұлыбританияның бастамасы, АҚШ пен Кеңес Одағының қолдауымен Біріккен Ұлттар Ұйымы ассамблеясы 181-қарар қабылдап, Палестинаны екіге бөліп, екі мемлекет құру жөнінде шешім шығарды. Сол өңірдегі жалпы халық санының үштен бір пайызын ұстайтын еврейлерге Палестина жерінің 57 пайызы берілді. Бұған араб елдері өре түрегеліп қарсылық білдіргенімен, ештеңе өнген жоқ. Келесі жылы, яғни, 1948 жылы 14 мамырда 650 мың халқы бар еврей мемлекеті құрылды. 15 мамыр күні Мысыр, Сирия бастаған араб елдері Израильге қарсы соғыс ашты. Алайда арабтардың Израильді құртып жіберу мақсатында бастаған соғысы Израильдің пайдасына шешілді. Атап айтқанда, БҰҰ шешімімен арабтық Палестина мемлекетіне берілген жердің көп бөлігін (6,7 мың км2) және Иерусалим қаласының батыс бөлігін басып алды. Израиль басып алған жерлерінен 1 млн-нан аса арабтарды қуып жіберіп, БҰҰ-ның 1948 жылы 11 желтоқсанда шығарған босқындардың отандарына қайтып оралу құқы туралы қарарын орындаудан бас тартты. Міне, осыдан бастап Палестина мен Израиль бітіспес жауға айналды. 5 рет көлемді соғыс болды. Мұның бәрінде АҚШ-тың қуатты қолдауына сүйенген еврейлер арабтардан басым түсіп, соғыс сайын жеңіске жетіп отырды. Сонымен қатар, территория­сын үздіксіз кеңейтіп, соғыс сайын арабтардың жерін басып алуды әдетке айналдырды. Әсіресе, 1967 жылғы «6 күндік соғыста» ежелгі Палестинаға тиесілі жерлерді басып алған Израиль 1967 жылы 28 маусымда Иерусалим қаласын Израильдің біртұтас астанасы деп жариялады. «Мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылған» арабтар қазір 1967 жылдан бұрынғы территориясын қайтарып алуға зар болып отыр. Ал Израиль оны қайтарудың орнына іргесін күн санап кеңейтіп барады. Демек, Палестинадағы қақтығыс­тың тамыры тереңде жатыр. Оның келісіммен немесе келіссөз арқылы шешілуі қиын. Ал соғысқа ұласса, ол да Израильдің пайдасына шешілетіні анық. Өйткені елі дамыған, қару-жарағы қуатты Израильге алтыбақан алауыз арабтар қандай амал қолданса да, төтеп бере алмайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × two =