Құдай қазақты жақсы көреді…

0 120

Жер бетінде қаншама ұлт, қаншама тіл бар. Бірақ, қазақ тілі – ең ұлы тіл. Әуезді, әдемі, нәрлі және бай тіл. Қазақ тілінде сөзді ойнату да, құтырту да оңай. Біз – осындай әдемі тілдің егесіміз. Бұндай әдемі тіл бізде… және француздарда ғана бар. Және бұл тілді әрбір ұлттың қолжаулығы қылмай, өзіміз ғана пайдаланып келеміз. Күшті ғой, иә?..

Бұның бәрін қойшы, адамзат баласы туыла салғанда, қазақ тілінде сөйлеп туады. Бірақ, кейін әке-шешесінің, ортасының ықпалымен әртүрлі тілде сөйлеп кетеді. Құдай қазақты, қазақ тілін жақсы көреді деуім сол – күллі сәбидің қазақ тілінде ғана жылайтыны.

Адамзат баласы қазақ тілінде сөйлеп туады. Ең алғаш қазақ әріптерін айтады. Сенбейсіз бе, қараңыз: «іңгә, іңгә, іңгә». Барлық сәби осылай жылай ма, осылай жылайды! Ал, енді осындағы «г» әрпінен басқасының барлығы өзіміздің әріптеріміз ғой?! «і», «ң», «ә» деген әріптер өзімізге ғана тиесілі әріптер ғой, әкем-ау! Тіпті, кейбір сәбилер асыра сілтеп, «ғ» әрпін қосып жібереді ғой. Ол тіпті қазақша болып шығады. «Іңғә, іңғә, іңғә»!!!

Ал, кім не деп қарсы шығады? Көрдіңіздер ме, біз – Алланың ерекше мейірі түскен ұлтпыз. Алла жақсы көрген тілде сөйлейміз. Демек, бәріміз бақыттымыз!
Несие мен пәтерақының күні жақындағанға бола қабақтарыңды түсірмеңдерші, қарақтарым! Әйтпесе, ешқайсымыз жетісіп жүрген жоқпыз…

Күліп жүрейік, бірдеңені біліп жүрейік!

Бейбіт САРЫБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − eight =