Қосымша қаржы ­қайда жұмсалады?

0 30

Нұр-Сұлтан қаласының 2020-2022 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізіліп, басымдық берілген салаларға қосымша қаржы бөлу мәселесі қарастырылып отыр. Соның ішінде әлеуметтік саланы дамытуға басымдық берілуде. Қаланың Қоғамдық кеңесінің отырысында осыны хабарлаған Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев мән-жайды тарқатып айтты.

Оның айтуынша, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қосымша 508,1 млн теңге бөлу қарастырылған. Соның басым бөлігі мүмкіндігі шектеулі жандарға әртүрлі көмек көрсетуге бағытталады. Атап айтқанда, бұл жұмыстарға 365,6 млн теңге бөлінбек. Бұған қоса, мүгедектердің өмір сапасын жақсартуға қосымша 21,1 млн теңге қарастырылып отыр.
Білім басқармасына – қосымша 57,7 млн теңге, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына 80,1 млн теңге бөлу қарастырылды. Сондай-ақ, Дене шынықтыру және спорт басқармасына – 150,9 млн теңге, Мәдениет басқармасына 287 млн теңге бөлінбек. Бірқатар басқармаға бөлінген қаржыны ішінара қайта бөлу жасалды.
Қаланың шаруашылық жұмыс­тарын жақсарту мәселелеріне ойысқан Қ.Маңқараев Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына қосымша
7 млрд 235 млрд теңге бөлу ұсынылып отырғанын жеткізді. Соның ішінде көлік инфрақұрылымын дамытуға – 450 млн, әлеуметтік маңызы бар ішкі бағдарлар бойынша жолаушыларды тасымалдауды субсидиялауға 5 млрд 451 млн теңге қарастырылған.
Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасына қосымша 594,9 млн теңге бөлінбек. Бұл қаржы қаланы сумен қамту және су бұру жүйелеріне, газдандыруды дамытуға бағытталады. Соның ішінде газдандырудың екінші және үшінші кезеңдерін жоспарлауға арналады.
Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеуге қосымша 180 млн теңге қарастырылып отыр. Құрылыс басқармасына мемлекеттік органдар нысандарын дамытуға қосымша 1 млрд теңге қарастырылған. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына эпизоотияға қарсы іс-шараларды өткізуге қосымша 15,3 млн теңге қарастырылды. Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына қосымша 1 млрд 651 млн теңге бөлу ұсынылды.
Аудандардың әкімдіктеріне де қосымша қаржы бөлу қарастырылған. Алматы ауданының үлесіне – 908,6 млн теңге, Байқоңыр ауданына – 181,1 млн теңге, Есіл ауданына – 1 млрд 774 млн теңге және Сарыарқа ауданына 1 млрд 218 млн теңге бөлінбек. Бұл қаржы негізінен санитарлық тазалауға, көгалдандыруға және көшелерді жарықтандыруға бағытталады.
Активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармасына «Астана тазалық» кәсіпорнына арнаулы техниканы сатып алуға қосымша 805 млн теңге бөлу қарастырылған. Қаржы мен Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының да қажеттіліктері ойластырылған. Қаланың Полиция департаменті жол полициясы қызметкерлеріне баспананы жалдап тұруға 75,1 млн теңге қарастырылған. Цифрлық және мемлекеттік қызметтер басқармасына «Сергек» жобасы бойынша міндеттемелерді орындауға қосымша 1 млрд 750 млн теңге бөлу ұсынылды.
Қалалық Қоғамдық кеңес мүшелерінде бірқатар басқарма мен Есіл ауданының әкімдігіне қосымша қаржы неге керек болды деген сұрақ туындады. Аудан әкімі Берік Жәкенов 1,7 млрд теңге «Астана көгалдандыру құрылысы» кәсіпорны алдындағы қарызды өтеу үшін қажет болғанын жеткізді.
– Биыл ауданымызда 40 мыңға жуық ағаш отырғызылды. Соның ішінде Ботаникалық бақ, ЭКСПО қалашығының аумағы, «Саранда» тұрғын үй кешеніне апаратын жолдың бойында Керей-Жәнібек хандар көшелеріне жасыл желек егілді. Бұдан бұрынғы жылдары осыншама ағаш отырғызылмайтын. Сол себептен берешек қарыз пайда болды. Біз аулаларды абаттандыруға да қосымша қаржы сұрадық. Соның ішінде «Жағалау» шағын ауданындағы үлкен ауланың құрылысына ақша керек. Өткен қыста қар көп түскені белгілі. Оны тазалаумен «Астана тазалық» кәсіпорны айналысты. Бұларға да қарыз болып қалдық. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан сұраған қаржының бәрінің негіздемесі бар, – деді Б.Жәкенов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + nineteen =