Қосымша қаржы өзекті мәселелерді шешуге бағытталады

0 12

 Қазіргі қысылтаяң шақта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет пен елорда әкімдігі бірлесіп, санитарлық-­эпидемиологиялық салауаттылыққа және жұмыс орындарын сақтауға бағытталған шұғыл шаралар қабылдады. Карантин жағдайында өндіріс орындары мен қызмет көрсету мекемелерінің жұмысы уақытша тоқтатылуына байланысты шағын және орта бизнес­ті, жалдамалы жұмысшыларды және әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарды қолдауды қарастыратын шаралар пакеті дайындалды. Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласы бюджетінің шығындары оңтайландырылды. Нақтыланған бюджет 31 наурыз күні онлайн режимде өткен қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында таныстырылып, депутаттар бұл өзгерістерді бірауыздан мақұлдады. Мәслихат депутаты Қарақат Абденнің айтуынша, бюджеттің қосымша шығындарының барлығы пандемиямен күреске бағытталады. «Дәрігерлерді, полицейлерді, төтенше жағдай кезінде өмірін қатерге тігіп, күні-түні тынбай жұмыс істеп жатқан барлық азаматты қолдауымыз қажет. Басты мақсатымыз короновирусты жеңу болып отыр» дейді ол.
Кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктердің берілуіне, сондай-ақ қазіргі жағдайда кейбір шағын және орта бизнес нысандарының тоқтап қалуына байланыс­ты бюджет түсімі төмендейді деп күтілуде. Түсімдер қаншалықты азаятынын карантиннің нақты мерзімі көрсетеді. Яғни, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануынан кейін белгілі болады.
Қалалық мәслихаттың экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Мирас Шекенов­тің мәлімдеуінше, сол себептен салық кірісін тиісті жоспардан 19 млрд теңгеге азайту ұсынылды. Соған сәйкес шығындар 30 млрд теңгеге оңтайландырылды.
– Соның ішінде мәдени-бұқаралық шараларды өткізуге бөлінетін қаржы 2 миллиард теңгеге қысқартылды. Жалпы сомасы 16 миллиард теңгені құрайтын кейбір жобалар мен жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу оңтайландырылып, қаржы босатылды. Бұл жұмыстарды республикалық бюджеттен келетін трансферттер есебінен жүргізу жоспарланған болатын. Енді босатылған қаржы күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді жүзеге асыруға жұмсалады. Шұғыл шараларды атқару үшін қала әкімдігінің резерві 4 миллиард теңгеге ұлғайтылды, – дейді депутат.
Әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы қысқармай, керісінше, 1,4 млрд теңгеге көбейеді. Бұған әлеуметтік көмек көрсетуге 546 млн теңге көлеміндегі қосымша шығындар кіріп отыр. Қашықтықтан оқытудың енгізілуіне байланысты білім саласын дамытуға 679 млн теңге және денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарға 148 млн теңге қосымша бөлінеді.
– Бұл – бүгінгі күні қолдауды қажет ететін негізгі үш блок, – дейді М.Шекенов.
Елорда әкімдігі экономиканың нақты секторын қолдауға, инфрақұрылымды дамытуға қосымша 14 млрд теңге бөліп отыр. Аталған бағыт бойынша оңалту орталығының, 600 орындық жаңа мектептің, жаңа жолдар мен нөсер су кәрізінің құрылысы жоспарланған. Осының ішінде әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу және оларды инженерлік желілермен қамтамасыз ету, аулаларды абаттандыру, газдандыру бойынша жұмыстар, жылу- энергия орталығын жаңғыр­ту, қолжетімді тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қарастырылған. Бұған қоса, қоғамдық көлікпен тасымалдауға бөлінетін субсидия­лар, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге арналған қаржы кіріп отыр.
2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы жүзеге асырылады. Нұр-Сұлтан қаласы үшін аталмыш мақсатқа республикалық бюджеттен трансферттер бөлініп, «Бәйтерек» холдингінің құнды қағаздарын шығарудан түсетін қаржы жұмсалады. Нәтижесінде 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған.
– Қазіргі жағдайда шағын және орта бизнесті қолдау өте маңыз­ды болып отыр. Бұл мақсатқа бюджетте 3,3 миллиард теңге қарастырылды. Соның ішінде несиелер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялауға 1,5 млрд теңге, азық-түлік бағасын ұстап тұруға, тұрақтандыру қорын толтыруға 1,5 миллиард теңге бөлінеді, – дейді М.Шекенов.
Жалпы мәслихат депутаттары барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалатынына, елорда тұрғындары мен шағын және орта бизнес өкілдері бюджет есебінен нақты қолдауға ие болатынына сенімді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × one =