Қосымша қаржы не үшін бөлінеді?

0 45

Елордадағы маңызды мәселелерге бас қаланың 2021-2023 жылдарға арналған бюджетінен қосымша қаржы бөлу жоспарланып отыр. Қалалық қоғамдық кеңес отырысында бұл туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев баяндады.

Оның айтуынша, қаланың жеке табысына талдау жасау­дың нәтижесінде резервтер анықталды. Жалпы алғанда, қаладағы қазір өзекті болып отырған мәселелерге бюджеттен қосымша ретінде 72 млрд 528 млн теңге бөлінбек. Оның 65 миллиарды Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» жоспарын жүзеге асыруға бағытталады.
– Осы қаржыдан 51,4 миллиард теңгені экономиканың нақты секторын қолдауға жұмсау қарастырылып отыр. Бұл құрылыс, өндіріс, шағын және орта бизнес секторларының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын құруға, халықтың жағдайының жақсара түсуіне септігін тигізеді. Әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы 6,5 миллиард теңгеге көбейеді. Тұтастай алғанда, осы салаға бағытталатын қаржы 186,8 миллиард теңгені немесе қала бюджетінің 34 пайыздық үлесін құрайды, – деді Қ.Маңқараев.
Соның ішінде Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай бір реттік төлем шараларын атқаруға, жеке секторда тұратын тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз топтарының үйлеріне газ тартуға және аталмыш басқармаға қарасты мемлекеттік мекемелер шығындарына қосымша қаржы қарастырылып отыр.
Білім басқармасына кезекші сыныптар мұғалімдерінің жалақысына, педагогтардың біліктілігін арттыруға, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған қосымша білімді дамытуға бюджеттен қосымша қаржы қарастырылған.
– Денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын күшейтіп жатырмыз. Қосымша бөлінген қаржыға жаңа екі компьютерлі томограф, жаңа туған сәбилерге арналған инкубаторлар мен офтальмологиялық лазерлік аппарат сатып алынады, – деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.
Мәдениет басқармасына «Жастар» сарайын күрделі жөндеуді аяқтауға, креативті индустрия орталығы мен басқармаға қарасты театрларды ұстауға да қосымша қаржы қарастырылған. Жастар саясаты мәселелері басқармасының жұмыстарына және аула клубтарын дамытуға бюджеттен қаржы бөлінеді.
– Қала әкімінің тапсырмасымен Ардагерлер орталығы ашылды. Онда әртүрлі салада тәжірибесі мол аға буын мен жастардың кездесулері ұйымдастырылатын болды. Нәтижесінде жастар ардагерлерден көп нәрсе үйренеді, – деді Қ.Маңқараев.
Оның айтуынша, әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында шағын және орта бизнес субъектілеріне займдарды беруге бөлінетін қаржы көлемін көбейту жоспарланып отыр. Мүмкіндігі шектеулі балаларды иппотерапия әдісімен оңалту үшін ат спорты кешенін салуға бюджеттен қаржы қарастырылған.
Қоғамдық кеңес мүшесі, Nur Otan партиясы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеевтің пікірінше, инватакси мәселесін де назардан тыс қалдырмау керек.
– Ат спорты кешені құрылысына 6 миллиард теңге жұмсау туралы, мүгедек жандарды арбамен қамтамасыз ету жайлы айтып отырсыз. Инватаксиді көбейтуді де ұмытпайық. Қалада қазір Паралимпиада орталығы бар. Бұл орталық посткеңестік кеңістіктегі аталмыш мақсаттағы ең үздік нысанның бірі саналады. Бірақ оған мүмкіндігі шектеулі жандардың көбісі жете алмайды. Сондықтан нысан барлық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Ат спорты кешенімен де тура осындай жағдай туындауы мүмкін. Әрине, атқа міну мәдениеті – Қазақстанның бір ерекшелігі. Алайда қаржыны дұрыс жоспарлау есебінен аталмыш кешенді де салып, мүгедек жандардың мәселелерін де шешуге болады. Сондықтан ат спорты орталығына бөлінетін бюджет қаржысын қайта қарап, инватакси мәселесін де қосуды ұсынамын, – деді В.Сергеев.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × three =