Қосымша қаржы бөлінді

0 58

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында қаланың 2020-2022 жылдарға арналған бюджетіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар қаралды. Тиісті баяндаманы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев жасады. Сессияға қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысты.

Қала бюджетіне кірістер сомасына қарай шығындар да қалыптасқанын айтқан баяндамашы, бұл қаржы басымдық берілгенін бағыттарға, атап айтқанда, әлеуметтік салаға, білімге, денсаулық сақтауға бөлініп отырғанын жеткізді. Соның ішінде әлеуметтік салаға 1 млрд 254 млн теңге жұмсау қарастырылған.
– Бұл қаржының негізгі бөлігі жүріп-тұруы қиындаған І топ мүгедектеріне жеке көмекшілерді тағайындауға бағытталады. Ал 200 миллион теңге ПЦР зертханаға арналған құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалады, – деді Қ.Маңқараев.
Көлік инфрақұрылымын дамытуға қосымша 7 млрд 270 млн теңге қарастырылған. Соның 5 млрд 451 млн теңгесі жолаушыларды тасымалдауды субсидиялауға бөлінеді. Қаланы газдандыру жұмысына қосымша 404 млн теңге бөлу туралы шешім шығарылды. Бұл қаржы газдандыру жобасының екінші және үшінші кезеңдерін жалғастыруға бағытталады. Кейбір нысандардың құрылысын аяқтауға 1 млрд 74 млн теңге бөлініп отыр.
1 млрд 651 млн теңге құрылыс қалдықтары полигонын салуға және саябақтар мен шағын бақтар құрылысын жалғастырып, аяқтауға қарастырылған. Қала аудандары әкімдіктеріне де әртүрлі жұмыстарға қосымша қаржы бөлінді. Бұл қаржы негізінен шаһарды абаттандыру мен санитарлық тазалауға жұмсалады. Мәслихат депутаттарының бөлінген қаржыны игеру жөніндегі ескертуінен кейін бюджет бекітілді.
Қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Асылбек Есенбаев мемлекет мұқтаждығы үшін алынатын жер телімдері тізбесімен таныстырды. Оның мәлімдеуінше, 9 нысан құрылысына арналған 59 жер телімі бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл телімдердің жалпы сомасы 131 млн теңгені құрайды.
Жер телімдері Тәуелсіздік даңғылы мен Шарль де Голль көшесі қиылысындағы, Ш.Құдайберді мен Манас көшелері ауданындағы, Ш.Қосшығұлұлы мен Жамбыл көшелері қиылысында жапсарластыра салынған орынжайлар мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешендері құрылысына, С-189 көшесіндегі 600-800 орындық көпсалалы аурухананы салуға, Тұран даңғылы мен №24 көшесі қиылысындағы орта мектеп құрылысына арналады.
Тиісті жоба бойынша Сарыарқа даңғылы бойындағы көпірден бастап «Көктал» тұрғын алабына дейінгі Есіл өзенінің арнасы бесінші кезек аясында қайта жаңартылады. Ы.Алтынсарин мен Гете көшелері қиылысындағы және Ш.Қосшығұлұлы, 8 мекенжайындағы аумақтар абаттандырылады. В.Вишневский көшесі, 10 мекенжайы бойындағы инженерлік желі жаңарады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 2 =