Қосымша білім беру қалай ұйымдастырылды?

0 79

Адам санасын пайдалы да пайдасыз ақпаратпен жаулаған интернет жүйе­сін енді баланың білім алуы үшін қолдана білуге үйрету әрі үйрену де – бір мектеп. Дәстүрлі оқудың артықшылықтары туралы, әрине, сөз басқа. Қазір билік басындағы басшыдан балаға дейін ғаламторға үңіліп, бірі жұмысын, бірі сабағын қашықтан оқуға машықтанғанда осы жүйені жетілдіру туралы да сөз болмай қалған жоқ.Нұр-Сұлтан қаласының мектептеріндегі 177 918 оқушының 137845-і «Bilimland» ақпараттық сайтына тіркелген. Ал 41 552 оқушы «Daryn. Online»-ды пайдаланып отыр. Кері байланыс үшін «Kundelik.kz»-ке қаланың барлық оқушылары тіркеліп пайдаланды. Тоқсан басында электронды күнделікке бір мезгілде шамадан тыс жүктеулердің салдарынан болған кедергілер қазір жойыла бастағанын көріп отырмыз. Жауапты мамандар тарапынан да бұл қиындықтар ретке келтіріліп, байланыс тетіктері жетілдірілді, – дейді қалалық білім басқармасының қызметкерлері.
Мектеп бағдарламасы жүйеге түскен соң енді қосымша білім беру ұйымдары да өз жұмыстарын жолға қоя бастады. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 11 қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Бұған дейін еш кедергісіз түрлі үйірмелері арқылы балаға білім беріп келген бұл мекемелер енді бағдарламасын карантин бағытына бұрды. Төтенше жағдайда әр бала қатысып жүрген сүйікті ісінен, үйірмесінен қол үзбеу үшін елордадағы оқушыларға қосымша білім беретін ұйымдардың бірі – әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы да ұлы дүрмекке ілесті. Білім мекемесі қашықтан оқыту жұмысын 16 cәуірден бастады. Қазіргі таңда Оқушылар сарайының 186 мұғалімі жұмыс жасап, 6 575 оқушы қашықтан білім алуда. Мұндағы педагогтардың белсенділігімен қашықтан оқытуды жүргізу үшін 437 видеосабақ, 163 презентация-сабақ, 134 онлайн акция, 9 челлендж, 2 онлайн-конкурс, 2 лекция-концерт ұйымдастырылған. Бұл дүниелерді Оқушылар сарайы сайтынан және сарайдың ютуб каналынан қарауға мүмкіндік бар. Сонымен қоса, өткізілген, дайындалған видеосабақтар мен онлайн акцияларды көре отырып, челлендждерге қатысуға болады, – дейді Оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебай.
Бұл орайда ата-аналардың да белсенділігін айта кеткен жөн. Олар кері байланыс жасай отырып, Оқушылар сарайының ұжымының қосымша білім беруді жауаптылықпен ұйымдастырғанына риза.
Оқушылар сарайының педагогтары тынымсыз ізденіс үстінде. Видеосабақтарды өздері ұйымдас­тырып немесе интернет арқылы керекті ресурстарды пайдаланып, Youtube, Facebook, Vk в контакте-мессенджер, Zoom бағдарламасы, Module, Lale Turkce Kitabi-3, Google Classroom, Google meet платформасымен сабақтар өткізіп жатыр. Бұл – елордадағы бір ғана қосымша білім беру ұйымының тынысы. Бұдан бөлек, мектептен тыс уақытта қаншама балаға бағыт пен бағдар беріп отырған білім мен өнер мекемелеріне баруға асық шәкірттері бар. Ал үйренсем, білсем деген жасқа олар төтеннен жол тауып жағдай жасау­ға тырысады.Ербол Іргебай, әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының директоры:

– Қашықтан оқу Оқушылар сарайында ғылыми-техникалық, өнер мен мәдениет және спорт бағыттарында жүргізіледі. Мұғалімдер тапсырмалар мен сабақтарды күнтізбелік тақырыпқа сай етіп слайд жасап, слайдқа аудио дауыс жазып, балаларға түсінікті болсын деген мақсатта «Word», программасымен қосымша тапсырма жасап беріп отыр. Әрине, карантинге дейін біздің үйірмелерге он екі мыңдай бала қатысса, қазір соның жартысы байланысқа шығып отыр. Біз әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына «Даналықтың діңгегі» деген жас ақындар байқауын, «Мен қайырымды қала тұрғынымын» шығармалар сайысын, «Парасат» интеллектуалды ойынын өткіздік. Осының барлығы қашықтан өтуде. Балалардың белсенділігі жақсы. Қазір «Жеті ата», «Абай әлемі» челлендждері жүргізіліп басталды.

Тұрар Ермеков, ата-ана:

– Баламның жас туристер үйірмесінде қашықтан оқып жүргеніне өте ризамыз, өзі де қуанып жүр, үйде отырып қосымша білім беретін мамандармен ақпарат-пікір алмасып түсіністік орнады. Үйірме жетекшілеріне алғысымыз зор. Ұлым Жастар туризмі мекемесінің «Жас геолог» үйірмесінде шынығады. Қашықтан оқыту әдісі оған сәл қиыншылықтар тудырса да, білім алудың тиімді түрі екені сөзсіз. Жаһандану аясында балаларды оқытудың бұл тәсілі уақытты үнемдеуге, бейтаныс технологияларды игеруге, жаңа оқу форматына көшуге мүмкіндік береді. Бұл инновациялы білім беру жүйесі болғандықтан, уақыт өте келе менің оған деген көңілім толды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 19 =