«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Қосылған қос өзен секілденіп…»

0 53

Елордадағы ұлт руханиятының төрі саналатын Қаллеки театры өнегеге толы жақсы бір бастаманы қолға алды. Өнер ордасы жанынан «Театр әлемі» атты сырласу клубы ашылды. Осы клубтың өткен жұмада таныстырылымы өтіп, оған алғашқы қонақ ретінде ««қосылған қос өзен секілденген» Қазақстанның халық әртісі Тілектес ағамызбен оның зайыбы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жұмагүл Мейрамова апай шақырылып, тамаша сыр-сұхбат өткізді. Кездесуді жас театртанушы Мирас Әбіл жүргізіп отырды.Клубтың ашылуында сөз алған Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академия­лық драма театрының директоры Асхат Маемиров қарашаның алғашқы күнімен жұптасып келген Жұмагүл апайды мерейтойымен құттықтап, өнер майталмандарына ізгі лебізін білдірді.
Бұл кездесудің форматы ашық сырласу, ой бөлісу тақырыбында өтті. Тілектес аға мен Жұмагүл апай өнерге келген кезден бастап, осы жолда үлгі болған ардақты тұлғалар жайында естелік айтты. Біз сол әңгімені үзік-үзік сыр ретінде беруді жөн көрдік.

Тілектес Мейрамов:

– Біздің қайда туғанымыз, өнер жолын қалай бастағанымыз талай сұхбатта айтылған. Бүгінгі адамды не толғандырады, не ойландырады? Сол бағытта ой қозғағанды жөн көремін. Өйткені театр – қоғамның айнасы. Біз әлемді әзірше «ауыз ашып, көз жұмдыратындай» техникамен таңғалдыра алмай отырмыз. Жетістіктеріміз аракідік болса да бар, бірақ әлемдік деңгейде танылған нәрсе жоқ. Біз әлемді ұлттық өнеріміз, салт-дәстүріміз арқылы ғана таңғалдырамыз. Қазақтың киіз үйінің қасиетіне еуропалықтар қызығып қарайды. «Бұл не деген дүние?!» дейді. Қыста жылы, жазда салқын, көшкенде алып жүруге де ыңғайлы. Осындай үйді кім ойлап тапқан?» деп тамсанады. Осыдан 4-5 жыл бұрын Қарағанды театры М.Әуезовтің «Қарагөз» спектаклімен Македонияға барды. Оған Еуропаның әр түкпірінен театрлар келді. Сонда біздің өнерпаздарға бір театр өкілі келіп: «Сіздерде жеті атаға дейін қыз алыспайтын дәстүр бар дейді. Сол әлі күнге сақталған ба?» деп сұрапты. Біздікілер «Бар, иә, сақталған» деп жауап береді. Сонда ол: «Онда сіздер болашағы бар халықсыздар» деп таңғалыпты. Міне, біз әлемді осындай ұлттық құндылықтарымызбен таңдай қақтырамыз. Театр әртісі үшін көрерменнің ой-пікірі өте қымбат. Бір сәт оларды да тыңдағымыз келеді. Ол театрға керек. Ауызды қу шөппен сүртпей-ақ қояйын. Біздің өнер ұжымы жылда бір фестивальға қатысып, бас жүлдені алып жатады. Соның өзінде көңіліміз толмай жататын тұстарымыз жетерлік. Қалай көрерменнің көңілінен шығуға болады? Қазір «шоу» көбейген заман болды. Бірақ бізге ой салатын, адамды толқытатын қойылымдар керек.

* * *

– Біз өте жақсы мектептен өттік. Өзім қазақ театр өнерінің іргесін қалаған Қалибек Қуанышбаев ағамыз бен Рахия Қойшыбаева апамыздан басқа тұлғаларды көзім көрді. Олардың жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі, сахнадағы рөлдерінің өзі керемет еді. Мысалы, Серке Қожамқұлов кешкі жеті жарымда болатын қойылымға сағат бесте келіп, таяғымен сахнаны тықылдатып, тексеріп жүреді. Егер бір жерден ақау көріп қалса, дереу сахна әзірлеушілерді шақыртып, ретке келтіретін. Қазір қарасам, Серағаңның сол кездегі жасы менен кіші. Театр тарландарының ақыл-кеңестері де бөлек еді. Олардың әрқайысы бір емес, бірнеше кешке әңгіме болады. Сәбира Майқанова апамыздың адамгершілігі, қамқорлығын сөзбен жеткізе алмаймын. Ғажайып актер Әнуар Молдабековті тек сахнадан ғана көру керек. Ол көзі тірісінде көптеген киноға түсті. Көрермен оны қалай қабылдағанын білмеймін, өз басым, оны театрдағы рөлдерімен салыстырмас едім. Әнуардың жанкештілігі, темпераменті, еңбекқорлығын бөлек айтуға болады.
1985 жылы Мәскеуге барып «Ваня ағай» қойылымын қойдық. Онда басты рөлді Әнуар сомдады. Әнуардың ойнаған бейнесін көріп Мәскеу сыншылары аяғынан тік тұрып, «мынау қайдан шыққан ұлы актер?» деп тамсанды. Ол кісі өте эмоционалды болатын. Ертемен біз жатқан есікті қағып жылап жүр. Мені көңілі түссе «алтыным», көңілі түспесе «итжегірім» дейді. Театр сыншыларының жоғары бағалаған пікірін жеткізе алмай толқығаны жүзінен көрініп тұр. Әнуар аға сондай актер еді. Оны осындай ұлы актер болғаны үшін жақсы көремін. Алғаш театрға қабылданар кезде басымнан бір қызық жағдай өтті. Төрде алыптардың бәрі қаздай тізіліп отыр. Аяқ-қолым дір-дір етіп, сөзімді ұмытып қалмасам екен деймін. Шашым ұзын болатын. Сөйтіп тұрғанда біреу шашымды жұлқа тартып, «өнерде кейде нахал да болу керек» деп артымнан бір тепті. Сүріне қабына ішке ендім. Бұрылып қарасам, Әнуар екен. Кейін етім үйренгеннен кейін «неге тептіңіз?» деп сұрасам, «мен сенің қобалжып тұрғаныңды көрдім» деп жауап берді. Расында, Әнуар ағамның «сабағынан» барлық қорқынышым бойымнан кетіп қалды. Сөйткен арыс ағаларымның біразы марқұм болды. Солардан алған тәлім-тәрбиемізді қазіргі жастарға үйретіп жүрміз. Біздің кезімізде театрға қабылдану қиын болатын. Бір жылда бір бала, асып кетсе екі бала қабылданатын.

* * *

– Серағаң ешқандай оқу оқымаса да, оған өнер табиғаттан дарыған. Әзекең оны театрдың «қызыл паспорты» деп атайтын. Ол кісі келе жатқанда театр әртістері тік тұрады. Бәріміз қабырғаға жабысып қалана қаламыз. Ешкіммен ұрыспайды. Әзілдеп, шуақ шашып жүреді. Бірде мен «Ана – Жер-ана» қойылымында пошташының рөлін ойнадым. Дайындық кезінде менің рөлімді шалып қалған Серағаң ерінбей сахнаға шығып, оңаша шақырып: «Әрбір адамға тән бір ерекше қимыл-қозғалыс болады. Сен шалдың сөзін дұрыс айтып шықтың. Бірақ басындағы құлақшынның құлағын ептеп тартып қойсаң, ол сенің рөліңе қосымша деталь болады. Сөйтіп, ол бейне ешкімге ұқсамай шығады» деп айтқаны әлі есімнен кетпейді. Алдымыздағы аға-апаларымыздың бір қасиеті – репетицияға бастан-аяқ келіп, көріп отырады. Содан кейін оңаша «Сен сөйтсең қайтеді?» деп ойын айтады. Ешқашан бұйырып, «былай істе» деп айтып көрген емес. Серке ағамыздың Социалистік Еңбек ері атағын алған күні де есімізде. Семейде гастрольдік сапарда жүрміз. Әріптестерімнің бәрі «Серағаң герой болыпты» деп шулап жүр. Таңертең салып ұрып бөлмесіне барсақ, кішкентай радионы құлағына тақап ұстап, тыңдап отыр. Мәскеуден атақтың берілгені туралы орысша хабарлап тұр. Бәріміз жамырап құттықтап жатырмыз. «Еңбек, осының бәрі еңбек» деп ағаның көзінен жасы домалап барады. Албырт жаспыз. Сераға енді жуып жібермейбіз бе десек: «Керекпейт. Жақсы атақты жаман сумен былғап керекпейт» деді. Осындай алыптардан өнеге алдық.

Жұмагүл Мейрамова:

– Мен Алматыдағы өнер институында қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтың тобында оқыдым. Одан кейін атақты Шолпан Жандарбековадан, Есмұқан Обаевтан дәріс алдым. Асқар аға сабақ беріп жүргенде: «Ақан сері қыздарды бес түрге бөліпті. Біздің Жұмагүл соның біріншісіне жатады» деп айтып отыратын. Оқып жүргенде Тілектеске Ақанды, маған Ақтотыны ойнауға берді. Күнде екеуміз репетицияда кездесеміз. Солай екеуміздің арамызда достық басталып, кейін ол махаббатқа ұласты. Төртінші курстың аяғында отау құрдық.
Ол кезде театрда көркемдік кеңес жұмыс істейді. Оның құрамында Әзербайжан Мәмбетовтан бастап, Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова, Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова, Шахан Мусин секілді майталмандар бар. Бәрі де – халық әртістері. Жоғары оқу орнын енді бітірген жаспыз. Шеберлігіміз де кем. Содан мен театрға орналасу үшін көркемдік кеңес мүшелерінің алдында Ақтоқтының монологын оқып беретін болдым. Өзім қорқып, толқып жүрмін. Менің алдымда Тілектес Қозының рөлін жақсы ойнап, менің жолымды ашып бергендей болды. Кеңеске кірер кезімде Тілектес қалтасынан тиын алып, басымнан үш айналдырып, лақтырып жіберді. «Неге олай істедің?» десем, «Садақа деп айттым» дейді. Сонымен жоғарыда айтқан аға-апаларымның алдында Ақтотының монологын оқып тұрып, тоқтай алмай жыладым. Ол кісілер мені «шеберлікпен жылапты» деп ойлапты. Ал мен қорыққанымнан жыладым. Қобалжығанымды көрген Сәбира апай аяп кетті ме, маған «Ән айта білесің бе? Мен театрға кіргенде «Қараторғайды» айтқам, сен сол әнді орындап берші?» деді. Сөйтіп, «Қараторғайды» шырқап бердім. Бір кезде сөз алған Әзербайжан аға: «Енді театрда Ақан сері-Ақтоқтыны қоямын. Жұмагүл сонда бас рөлді сомдайды. Әнуар Молдабеков Ақанды ойнайды» деді. Біз бұл қойылымның премьерасын Семей қаласында өткіздік.

* * *

– 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Әзербайжан ­Мәмбетов Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» пьесасын қойды. Мен онда Зәрипаны ойнадым. Бұл спектакльді көруге Дінмұхамед Қонаев келді. Енді қойылым өте жоғарғы деңгейде болды. Режиссер қойылым барысында екі атты сахнадан шап­қызып өткізді. Зәрипа – өзі кішкене қыздың рөлі. Бірақ соны ойнаудың кілтін таба алмай қиналып жүрдім. Бірде далада ақ жаңбыр төпелеп тұрды. Әзекең «маған жылауды даладағы жаңбырлардан барып үйрен» деп сыртқа шығарып жіберді. Актерге детальді солай тауып беретін. Кейін ол кісі осында жүргенде Алматыдағы әкем театрға барып, «Абайды» қайта жаңғыртып қойды. Мен сонда Әйгерімді сомдадым. Ағаның жасы біразға келіп қалған, ауырып жүрген кезі екен. Бар өмірі осы театрда өткен. Әрбір кірпішін өз қолымен қалаған. Талай сахнада шоқтығы биік туындыларын қойған. Соның бәрі еске түскен болуы керек, Әзербайжан аға репетиция кезінде залда жылап отыр екен. Соны байқап қалдым. Бір қарағанда, сұсты көрінетін ағаның жаны тым нәзік екен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды