Қошалақтың қоңыр ұлы

0 331

DSC_0660– Мына тұрған шөптің атын білесің бе, – деді шынылы шкафтың ішінде, әспеттеп ақ қағаздың үстіне салып қойған қурайды қолына алып тұрып Сәрсекең. Сәрсекең деп отырғаным – ҚР Сенатының депутаты, елге сыйлы азамат Сәрсенбай Еңсегенов. Ауылдың шаңын жұтпағанымызға кәміл он жыл ауған жазған басымыз қапелімде жауабын таппай, дағдарып қалдық. Құм сағыз ба, әлде…..?
– Қайдағы құм сағыз? Оны бала күнде аузынан тастамаған бізден сұра. Бар шайыры жиналатын түп сағызын шайнап өскенбіз. Ал, мынау құмаршық деген шөп. Атырау-Нарынның еспе құмында өсетін мұны сонау 30-жылдардағы ашаршылықта халық тас диірменмен тартып, суға шылап нан қып пісіріп жеп аман қалған. Мен, мұны кеше елге барғанда, бала Жұмекен асыр салып ойнаған, табанының табы қалған Ашақтың сорынан көзіме оттай басылып, өзіммен бірге алып келдім, – деді Сәрсекең.
Құмаршықтың таңдайда татымы қалған жұрт біледі ол туралы аңызды. Жазушы Әбу Сәрсенбаев «Толқында туғандар» романында былай деп келтіреді: «Ботасы өлген тұмса нар күні-түні зарланып, иімей қойған екен. Сонда пәлен жерден келген пәлен деген дәулескер домбырашы осы күйді күмбірлетіп қоя береді. Аруана иіп, сүт тамған жерден қылтиып құмаршық деген шөп шығады». Тарихта «Нар идірген» деген күй қалды, басқасы аңыз ғой десек те, қиял-құсымыз туған топырақта қылтиып шыққан көк-ыраң, әрінен гөрі нәрі басым осы шөп пен Жұмекеннің арасында бір ұқсастықты аңдайды. Қоңырайып отырып, қоңыр-қоңыр өлең өргізген Қошалақтың қоңыр ұлы Жұмекен Нәжімеденов те қалың қазақтың кебірсіген көңілін жаназық жырымен жібітті емес пе?
Уақыт, шіркін, жалын ұстатпас шын жүйрік. Қазақтың қабырғалы қаламгері, өлеңдегі іні досы Темірхан Медетбектің сөзімен айтсақ, «уақыттың алдына түсіп кеткен радиосигнал сияқты» құбылыс ақын Жұмекеннің дүниеден озғанына биыл 22 қарашада отыз жыл толады екен.
Қарашаның қатқағында дүние ашып (1935 жылы 28 қарашада туған), дүние салған ақын нәбәрі 48 жыл жалғанның өлшеп берген жарығында қазақ әдебиетінің қазынасына мол үлес қосып кетті. Зерделі оқырманның назары үшін айтайық, Жұмекеннің жеті томдық толық шығармалар жинағы жары Нәсіп Мұстахқызының, қызы Саиданың құрастыруымен былтыр «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген. Оған ақынның әр жылдардағы поэзия жинақтарымен қатар, шығыстың Сағдиы мен Айбегі, түріктің Назым Хикметі, Орхан Уәлиі, орыстың А.Блок, М.Лермонтов, А.Маяковский, А.Вознесенский, М.Цветаева сияқты ақындарынан аударған өлеңдері, «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» сынды романдары мен әңгіме-повестері, сыни мақалалары түгелдей енгізілді. Ал, кітаптың шығуына Атырау өңірінің тумалары Шымыр Қарманов пен Серікқали Мұрынов секілді азаматтар қолдау көрсеткен.
Енді биыл «дөңгелек дата» болмаса да, Сәрсенбай Еңсегенов бастаған елжанды азаматтар ойлы ақынның ортадан кеткеніне отыз жыл өткеніне орай туған жері – Атырау облысының Құрманғазы ауданы Еңбекші селолық округінің орталығы Жұмекен ауылына барып, ақын атындағы саябақ ішіне ескерткіш-мүсінін орнатып қайтты. Оны қазақтың талай марқасқасының бейнесін сомдаған Серік Матениязов атты мүсінші қашап шығарды.
– «Елдің атын ер шығарады». Жұмыр жерде, соның ішінде шөлейтті даланы еншілеген Қазақстанда не көп, құм көп. Егер, түкпірдің түбегіндегі Қошалақ дейтін құм, Ашақ дейтін сор атауы жырсүйер қауымның саңылауында сақталып қалса, сол топырақта туып-өскен Жұмекеннің арқасы.
Менімен бірге орталықтан белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымының докторы Ғарифолла Есім ағамыз еріп барған. Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев, Жұмекеннің жалғыз ұлы Мағжан үшеуі ескерткіштің лентасын салтанатпен қиды.
Ескерткіш ашылған соң, шара аудандық мәдениет үйінде «Жұмекенді тану» тақырыбындағы конференцияға ұласты. Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, белгілі ақын, жұмекентанушы Қадір Жүсіп: «Өлең – сирена» дейді Қадыр Мырзалиев. Жұмекен ақынның әр өлеңі – ақын сезімінің сиренасы. Оның лирикалық кейіпкері өзін әлем алдында, адамзат баласы алдында үлкен жауапкершілік сезінеді. Ж.Нәжімеденовтің азаматтық үні «Жүрегімде бір тамшы қан болса егер» деп басталатын өлеңінде-ақ анық естіледі. Ақын ойлары кесек айтылған бұл өлеңі кеудеден қайнап шыққан көңілдің ақ жамбысындай үлкен толғанысты туынды» деп шығармашылығын талдап-тарқатып берді. Ауданның беткеұстар оқушылары Жұмекеннің отты өлеңдерін мәнерлеп оқыды, – дейді Сенат депутаты, өзі де Қошалақта кіндік кесіп, шілде суын төккен Сәрсенбай Еңсегенов ағамыз.
Рас, нәбары 21 жасында Қазақстанның шұрайлы жерлеріне қол салмақ болған орталыққа отты жырымен қарсылық білдіріп, «Менің Қазақстаным» өлеңін жазуы, естіген жанның еңсесі тіктелетін осынау жалынды жырдың араға елу жыл салып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінге күнге бейімдеуімен әнұранымызға айналуы – тек Жұмекен мен қазақтың Шәмшісіне бұйырған бақыт.
Бүгінде, ардақты ақынға Атырауда мектеп аты берілді, Астана мен Алматыда көше бар. Ендігі тілек – Жұмекеннің көптеп-көлемдеп соққан ескерткіші Қошалақтың құмында ғана емес, Астанада немесе Алматыда да қасқайып тұрса дейміз. Әлқисса, оның да уақыты келер. Өйткені, екі жылдан кейін ақынның 85 жылдық мерейтойы аталып өтіледі.
Ал біз Жұмекеннің былайғы жұрт біле бермейтін мол мұрасы – аудармаларынан топтама ұсынамыз.

Әділбек ЖАПАҚ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + 7 =