ҚОШ КЕЛДІҢІЗ ХОСТЕЛГЕ!

0 207

img1363534748869

Шетелдерде әлдеқашан дамып кеткен хостел мини-отельдері Қазақстанда да бой көтере бастады. Бірнеше бөлмелі шағын қонақ үйлер алғашында біздер үшін таңсық болғанымен, бүгінде кеңінен сұранысқа ие. Тарихы ғасырдан асатын бұл эконом санаттағы қонақ үйлер «хостел» деген атаумен алғаш рет жиырмасыншы ғасырдың басында пайда болды. 1909 жылы неміс мұғалімі Рихард Ширманн оқушыларды жаяу серуенге алып шығып, жолай кездескен түнемеліге сабан толы қап төсеніп жатқан, кешегі осынау жарқын идея кәдеге жарап, жолаушылардың аяқ суытып, тынығатын арзан түнемелігі ретінде тез танылып кетеді деседі тарих. Алғашқы хостел Германиямен іргелес Нидерландыдағы Алтен провинициясында ашылыпты. Айта кетерлігі, Алтендегі «көне» хостел әлі күнге халыққа қызмет етуде.

Сонымен, хостел несімен ерекше, қандай артықшылықтары бар? Әзірге біздің елдегі қонақ үй бизнесіне сіңісе қоймаған заты бөтен сервис туралы білмек болып астаналық жас кәсіпкер Айбек Жұмабаевтың хостелінде болып қайттық.

– Хостел ашу туралы бастаманы жездем көтерді. Ол Алматыдағы әкем театрға жақын маңда орналасқан «Жастар» элиталық үйіндегі 4 бөлмелі пәтерінен хостел ашуды қолға алған кезде бұл кәсіпке күмән келтіргендердің бірі өзім едім, – деп бастады Айбек әңгімесін. – Келушілердің ұсыныстары, пікірлері біз үшін әрқашан да маңызды. Сол себепті, бір бөлмесін негізінен қыз-келіншектерге арнадық. Біз басында сыртқы туризмді назарда ұстап, мұндайға тек шетелдіктер келеді деп ойлағанбыз. Бірақ, уақыт өте ел ішіндегі қалалардан да көптеп қонақтар келіп жататындықтан, менталитетімізді ескере отырып, әйелдер бөлмесін бөлек жасақтауды ұйғардық.

Жалпы, хостел несімен қызықты? Еуропада кеңінен тараған мини-отельдердің бірінші ерекшелігі – бағасының арзан болуы. Екіншіден, мұнда үй ішіндегідей абың-күбің әңгіме айтып араласатын, ресмиліктен ада орта бар. Хостел меймандары әр түрлі елден, түрлі аймақ, облыстардан келгендігіне қарамастан, адамдар бір-бірімен тез тіл табысып, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып кетеді. Жұмсақ диван, креслолар, үлкен үстел қойылған ортадағы кең холл ас бөлмемен тікелей байланыстырылған. Күндіз өз ісімен жүрген адамдар кешкілік осында бір-бірімен сөйлесіп, ас үйде қалаған асын дайындап, бірге тамақтануына болады. Меймандарға қала тіршілігі мен жаһан жаңалықтарын тамашалау үшін үлкен экранды теледидар, қажетті ақпараттарын алу үшін компьютер және лимитсіз, жоғары жылдамдықты wi-fi интернет орнатылған.

image (1)

Айбек басқарып отырған хоcтелде қонақтардың талғамына сай жағдай жасауға айрықша мән бергендіктен бе, кісі үзілмейді. Біз барғанда да шағын хостелде орын болған жоқ. Иә, расында, мұнда адамға қажетті қызметтердің барлығы дерлік қамтылған. Үш бөлмеден тұратын хостелдің әр бөлмесінде 2-3 екі адамдық қос қабатты кереуеттер қойылған. Әр жатын орынның тәуліктік ақысы – орта есеппен 2 мың теңге. Заманауи техника мен жиһаздармен жабдықталған. Әрбір бөлмеде желдеткіш кондиционерлер бар. «Apple» ұжымында меймандардың кез келген сұрақта­ры­на тұщымды жауап, ақыл-кеңес бере алатын білікті мамандар қызмет етеді. Айбектің айтуынша, хостелдер қаланың ең ыңғайлы аудандарында орналасқан. «Бұл келушілер үшін өте маңызды. Мәселен, сіз үлкен қалаға қыдырып не жұмыс бабымен келдіңіз делік. Әрине, ең алдымен туыстарды жағалайcыз. Одан қалса, жалдамалы пәтер қарастырасыз. Ал, табаныңыз таусылып жүріп тапқан пәтеріңіз қаланың шет жағында немесе ішкі жасау-жағдайы ойдағыдай болмауы әбден мүмкін. Бұл тұрғыда біздің хостелден қолайлысын таппайсыз. Қаланың қақ ортасында, ыңғайлы ауданда орналасқан» деп, хостел маңында бірнеше супермаркеттер, қызмет көрсету орталықтары, мейрамханалар және қаланың маңызды жерлеріне қатынайтын автобустардың көптігін атап өтті.

Қарағанды қаласының тумасы Наталья есімді мемлекеттік қызметші Әділет министрлігіне іссапармен келген сайын пәтер машақатын көріп келіпті. Бұған дейін Айбектің хостелінен хабары болмаған апай былай дейді: «Жұмыс бабымен аяқ астынан Астанаға аттанып кететін кезіміз көп. Сондай сәттерде жанға жайлы пәтер табу үлкен мәселе. Ақшасында тұрған дәнеңе жоқ. Не тұрған жері қолайсыз, не таза деп те айта алмайсың. Ал, «Apple» хостелі сенімді әрі әрдайым таза».

Тазалық пен тәртіпке сақ қарайтындығын Айбектің хостеліне келгенде-ақ байқағанбыз. Кірген беттен аяқ киімді шешіп, жылы кілемге аяқ басқаннан-ақ өз үйіңде жүргендей сезінесің. Басында босаға аттағаннан жалаң аяқ кіру керектігіне таң қала қараған шетелдік меймандар қазақы қонақжайлылық пен қызмет сапасына разы болысыпты.

«Хостелдің өз мәдениеті бар. Біздің хостелге өз елімізден және алыс-жақын шетелдерден көптеген қонақтар келіп жатады. Еуропада, өздеріңіз білесіздер, хостел жүйелі түрде дамыған. Өткен жылы бізге шетелдерден, атап айтсам, Швецария, Австрия, Голландия, Нью-Йорк, Гонконг, т.б. жерлерден туристер келді. Сонау кәрі құрлықтан мотоциклмен шыққан саяхатшылар да ат басын бұрған. Батыс халқын аса бір тиын санаған үнемшіл демеймін, бірақ, олар қаражатты өздеріне тиімді жаратуды білетін халық. Олар 10 мыңға ортанқол қонақүй жалдағанша, хос­телге 2 500 теңге төлеп, артылғанын өз қажеттіліктеріне жаратуды дұрыс көреді. Оның үстіне, сырттан келген адам үшін бөтен жердің жайымен, халқымен араласып, танысу, пікір алмасу, қажетті ақпараттар алу ауадай қажет-ақ» деп жас кәсіпкер хостел мәдениетінен біраз хабардар қылды.

Іске уақап жігіт қай салада болмасын өз ауыртпашылығы мен қиыншылығы, кедергілері болатынын да ашып айтты. Оның айтуынша, қаламызда хос­тел ұғымын желеу еткен «қонақүй» ашушылар да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кеткен. Өкініштісі, олардағы сын көтермейтін сервис пен сұрықсыздық сапалы қызмет көрсететін Айбек секілді кәсіпкерлердің атына кір келтіреді. «Өзім сол хостелсымақтарды арнайы барып көрдім де. Өзгеге зиян етпей, ашық түрде жатақхана деп атаса да дұрыс болар еді. Себебі, ол жерлерде біздің хостелдегі атмосфера жоқтың қасы. Хостел хостел болып қалуы керек» деп, қынжылыс білдірген Айбек бұл тек қана тұтынушылардың құқын бұзу, қоғамда теріс пікір қалыптастыру деп пайымдайды.

p.s. Бүгінгі таңда ЮНЕСКО-ның қолдауына ие болған Халықаралық хостел федерациясы әлемнің 400-ден аса хостелін бір жүйеге келтірген. Бұл ұйым хостел мәртебесін алуға аккредитация жасап, мини-отельдердің қызмет көрсету сапасына тек­серістер жүргізеді. Федерацияға мүшелікке енген хостелдерге бірыңғай стандарт енгізіледі. Жыл сайын Америка, Азия және Африка, сондай-ақ, Тынық мұхиты аймағы және Еуропада орналасқан хос­телдер туралы толық мәліметтер толтырылған екі каталогты басып таратады. Ал, Қазақстанда аздаған жылдардан соң әлем көз тіккен «Экспо-2017» көрмесі өтетінін ескерер болсақ, осындай шағын бюджетті қонақүйлер ашқандар ырғын пайдаға кенелетіні анық. Ал, қалалық әкімдіктің мәліметінше, елордамызға жылына орта есеппен 110 мыңнан аса шетелдік туристер ат басын тірейді екен.

 

 Жайық НАҒЫМАШ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 7 =