ҚОШ КЕЛДІҢ, ФУТБОЛ ДОДАСЫ!

0 112

01 (3)

Мемлект басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» футбол командасына Қазақстан Республикасының Суперкубогын тапсырды

Футбол…

Футбол – миллиондардың ойыны…

Футбол – өнер, кәсіп, индустрия…

Биылғы көктемнің алғашқы күнінде, яғни, 1 наурызда  Қазақстан жанкүйерлері үшін де көптен күткен жаңа футбол маусымы басталды. Бұл күні «Астана Арена» стадионына жиналған 20000-нан астам көрермен Қазақстан суперкубогын сарапқа салған «Астана» – «Қайрат» ойынын қызықтады. Өткен маусымдағы ел чемпионы мен кубок жеңімпазы арасындағы бәсекені Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та тамашалады.

Маусымашар ойын болғаннан соң шығар, әлде Қазақстанның қос мегаполисі арасындағы спорттық бәсекелестіктің бәсі болар, бұл ойында ешқайсысының жеңілгісі келмейтіні бірден аңғарылды. Шабуылда ширықпай, қорғаныста аса сақ ойнаған футболшылардың бұл әрекетін, әрине, жанкүйерлер де аса қолдай қоймағаны аңғарылып қалып жатты. Алайда, футболшылар үшін Суперкубоктың бәсі басым екені айтпаса да түсінікті еді.

Осылайша, қос қақпа маңында туындаған бірді-екілі қауіпті сәттермен ғана  жанкүйерлерді селт еткізген ойынның негізгі уақытында есеп ашылмады. Қазақстан футбол федерациясының арнайы шақыруымен келген швециялық әйгілі төреші Йонас Эрикссон сәл демалыстан кейін футболшыларды он бес минуттық екі экстра таймға ойынға қосты. Енді бірі гол соғар деген жанкүйер үміті бұл жолы да алданып қалды. Қос қақпашы да доп дарытпай шықты. Сөйтіп, Суперкубок тағдыры матч соңындағы пенальти арқылы шешілді. Бұл сынақта «Астана» жігіттерінің айдарынан жел есті. Әсіресе, қақпашы Эрич ерледі. Ол үш рет қарсыластар соққысын қақшып алды. Бірі дәл соғып, енді бірі қақпадан қисық теуіп, жанкүйерлерін де, бапкерлерін де әбден әбігерге түсірген ойынның соңғы нүктесін команда капитаны міндетін атқарған Абзал Бейсебеков қойды. Жас футболшының жойқын соққысына алматылық қақпашы Плотников тосқауыл бола алмады. Осылайша, пенальти ұрысында 3:2 есебімен жеңіске жеткен «Астана» командасы Қазақстан Республикасының Суперкубогын жеңіп алды. Бұл «Астана» командасы үшін жаңа маусымдағы жеңістерге жол ашатын жүлде болғаны айқын. Саян Хамитжанов басқаратын клуб үшін, Станимир Стойлов баптайтын команда үшін биылғы маусым шын мәнінде тартысты да қызықты ойындарға толы болайын деп тұр. Атап айтқанда, біздің «Астана» Қазақстан чемпионы атағын сақтап қалу және УЕФА-ның Чемпиондар лигасында ел намысын қорғау үшін сынғы түсетін болады. Олай болса, миллиондардың ойынына баланған футболдағы биіктерді бағындыра бер «Астана» демекпіз.

Суперкубок финалистеріне Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедияұлы мен Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов күміс медальдар табыс етті. Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков жеңімпаз­дарға алтын медаль тапсырды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев команда капитаны Таңат Нөсербаевтың қолына салтанатты жағдайда Суперкубокты ұстатты.

Сонымен елімізде жаңа  футбол маусымы ашылды. 7 наурыз күні Қазақстан чемпионаты басталады. 28 наурыз күні Қазақстан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатының топтық турнирі аясында Исландия құрамасын қабылдайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + five =