«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қош бол, Денис!

0 186

 Шілденің 19-ы күні Алматыда күллі әлемнің спорт жұртшылығын дүр сілкіндірген қайғылы оқиға орын алды.

Мәнерлеп сырғанаудан Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, әлемнің күміс және қола жүлдегері Денис Тен қапияда қарақшылар қолынан қаза тапты.
Осы қайғылы оқиғаға байланысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұрнағы күні марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып, көңіл қосын білдірді. Ал Халықаралық Олимпиялық комитеттің президенті Томас Бах мұның ешбір орны толмас қайғылы жағдай екенін айта отырып, Денис Теннің тамаша адам, танымал спорт елшісі болып келгенін атап көрсетті.
Денис осының алдында ғана, 13 маусым күні өзінің 25 жасқа толғанын тойлаған еді.
Алматы қаласындағы Құрманғазы – Байсейітова көшелерінің қиылысқан тұсында түскі сағат 15:00 кезінде машинасының айнасын ұрлап жатқан екі қылмыскер оған тап береді. Сол арпалыс кезінде қаныпезерлер оның күре тамырына пышақ салып үлгереді. Саңлақ спортшы сол жарақаттан қансырау салдарынан тілге келместен, кешке қарай бақилыққа аттанып жүре берді.
«Жедел жәрдем» көлігімен Орталық ауруханаға жеткізілген Денистің өмірі үшін дәрігерлер бірнеше сағат бойы күресіп, қолдан келгеннің бәрін жасап бақты. Бірақ 3 литрге жуық қанынан айрылған боздақты аман алып қалу мүмкін болмады.
Кеше осы қылмысты жасады деген екі күдікті анықталып, олар уақытша ұстау оқшаулағышына қамалып, үстерінен қылмыстық іс қозғалды.
Ортамыздан осылайша жиырма бестің жалын атқан шағына енді жеткен кезінде өзін «ұлты корей қазақ баласымын» деп жайраңдап келген, жүзі жылы, жүрегі жомарт жайсаң жан күтпеген жерден бақилыққа кетіп бара жатыр.
Қош бол, Қазақстан спортының қайсар да қайратты тұлғасы!
Бақұл бол, Денис!

«Астана ақшамы»

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды