Қосалқы станция ашылды

0 151

Кеше №1 Перинаталдық орталықтың базасында қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының қосалқы станциясы ашылды.  

Есіл ауданы тұрғындарына шұғыл көмек көрсетуге арналған тоғызыншы қосалқы станцияның төрт бригадасы да білікті мамандармен жасақталған. Бұл аумақтан тәулігіне орта есеппен екі жүзге жуық шақырту түсетінін ескерсек, жаңадан ашылған станция қалалық жедел жәрдем қызметінің жұмысын жеңілдетеді.

Қосалқы станцияның перинаталдық базада ашылуының өзіндік себептері бар. Орталықта жүктілік кезінде түрлі ауруға шалдыққан әйелдерге көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, аумақта қала бойынша науқастарға шұғыл қызмет көрсететін №2 көпсалалы аурухана орналасқан. Медициналық орындардың жақын орналасуы «Жіті коронорлық синдром» диагнозындағы науқастарға жедел көмек көрсетуде уақыт жағынан тиімділігін қамтамасыз етеді.

«Жақын күндері елорданың сол жаға­ла­­уында жаңа денсаулық нысандары пай­­далануға берілмек. Жаңа қосалқы стан­­циялардың ашылуы оларды байланыс­­тыратын буын ретінде қала халқына то­лық медициналық көмек көрсету цик­­лін қамтамасыз етеді. Астана қаласы әкім­­дігі мен Денсаулық сақтау министрлігі жедел медициналық жәрдем қызметін санитарлық автокөліктермен қамтамасыз етуде ұдайы жұмыстар жүргізіп келеді» , – дейді салтанатты шараға қатысқан Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Айгүл Сегізбаева. ЕҚЫҰ саммиті кезінде қала әкімдігі жедел жәрдем станциясына 23 санитарлық көлік сатып алған. 2011 жылы қысқы Азия ойындары аясында тағы да 10 санитарлық көлікке қол жеткізілген. Ал, 2012 жылы жедел жәрдем автопаркі отандық бес көлікпен толығыпты. Басқарма бастығының айтуынша, медициналық жедел жәрдем станциясына 2013 жылы тағы да 14 санитарлық автокөлік сатып алу жоспарда бар.

Жалпы «Е-жедел жәрдем» жобасы ая­­сын­­да жедел жәрдем бригадалары шұғыл қызмет көрсету деңгейін арттыруда планшет құрылғыларымен жабдықталғанын айта кету керек. Аталған жобаны жүзеге асырудағы негізгі көрсеткіш – шақыртуды уақытылы тапсырып, науқасқа жедел жету. Ағымдағы жылдың тоқсандық қорытындысына сүйенсек, шақыртулар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ған­да бірнеше мыңға өскен. Ал, науқасқа же­ту уақыты бірнеше минутқа қысқарған.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − one =