Қосалқы стансаны көшіру керек

0 42

Жаңадан сайланған Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының VII шақырылым депутаттарына осы қызметке кіріскен уақыттан халықтан көптеген өтініштер түсіп жатыр. Сондай өтініштердің бірі депутат Алмагүл Сегізбайға «Гүлдер» ПИК төрайымы Бахрам Құсайыновадан келіп түскен. Ол қалалық медициналық жедел жәрдем стансасына қарайтын «Алматы» қосалқы стансасын көшіру мәселесімен жүгінген.Қосалқы станса Ш.Құдайбердіұлы көшесі, 28 мекенжа­йындағы көпқабатты тұрғын үйде орналасқан. Сол маңайда азық-түлік дүкендері, дәріханалар, сұлулық салоны, аялдама және С.Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицей орналасқан. Үй аумағы жеке автокөліктерге толы. Оған қосалқы стансаның жиырмаға жуық санитарлы көлігі қосылғанда үй тұрғындары көліктерін қоятын жер таба алмайды.
Жол қозғалысы мәселелері жөніндегі заңнамада аула аумақтарында көлік қою ережесі жазылған. Соған сәйкес тротуарда, көгалдарда, балалардың ойын мен спорт алаңдарында көлік қаңтаруға тыйым салынған.
«Сағат 07.00 мен 08.00 аралығында және 17.00-ден бастап 19.00-ге дейін санитарлық көлік кезегін ауыстыру кезеңінде арнайы көліктер жиналады. Бұл осы маңай тұрғындары көліктерінің шығуына кедергі келтіреді. Дәл осы уақыттарда тұрғындары жұмысқа кетеді немесе жұмыстарынан оралады. Ата-аналар балаларды мектепке әкелген кезде жағдай шиеленісе түседі. Бұл мәселе жаяу жүргіншілердің, соның ішінде балалардың жүріп-тұруына жоғары қауіп тудырады» дейді депутат Алмагүл Сегізбай.
Оның айтуынша, арнайы техниканың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету – адамдарға шұғыл медициналық көмек көрсетудің кепілі. Ал осы жағдайда жедел жәрдем көліктеріне де біраз кідіруге тура келеді. Себеп – жеке көліктер жолын жабады.
Таяуда қалалық мәслихат депутаты Алмагүл Сегізбай мәслихат хатшысы Ерлан Каналимовтың атына осы мәселені шешуге атсалысу үшін хат жолдады. Онда ол «Алматы» қосалқы стансасын жедел жәрдем көліктеріне арналған гаражы және көлік жуатын орны бар ғимаратқа көшіру мәселесін қарауды сұрады. Мұның екінші жағы да бар. Себебі «Алматы» қосалқы стансасының жүргізушілері жұмыстан тыс уақытта көліктерін қойып, жуғызуға «Сарыарқа» және «Есіл» қосалқы стансаларына баруға мәжбүр. Бұған да біраз уақыт кетеді.
Депутаттық сауалдан кейін қалалық мәслихатта осы мәселе бойынша отырыс өтті. Оған қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов, Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ерсін Өтебаев, қалалық жедел медициналық жәрдем стансасының директоры Мұрат Оразбаев, «Алматы» жедел жәрдем қосалқы стансасының меңгерушісі Сұлушаш Әбілқасымова және «Елорда даму» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Елена Чайка қатысты.
Жиында қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовқа қосалқы стансаға лайық келетін ғимаратты қарастыруды, содан кейін мәслихатты таныстыруды ұсынды. Мәселені бірлесіп шешуге шақырып, оған атсалысатындарын жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × three =