Қос ішектен күй күмбірлеп…

0 164

Жуырда Қазақ ұлттық өнер университетінде «Домбыра» кафедрасының ұйымдас­тыруымен музыкалық оқу орындарында оқитын студенттер арасында «Қос ішек» атты VІ күйшілер байқауы өтті. Сайысқа елордамен қатар Алматы, Атырау, Орал, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Қарағанды, Жезқазған, Семей, Өскемен қалаларынан келген, барлығы 40-тан астам жас күйші қатысты.– Бұл – сирек орындалатын, тарих жықпылына жасырынып қалған киелі күйлерімізді түгендейтін, сазын қайта түлететін кәсіби конкурс ретінде музыкалық ортада бәсі жоғары сайыс. Ол әуелден қазақы күй тартыс форматында жоспарланған еді. Мақсат – ұлы даланың тартыс дәстүрін жаңғырту болатын. Нәтижесінде бұл өте сәтті сынақ болды деп толық сеніммен айта аламыз. Себебі жеребе тартқан екі күйші берілген бағдарлама аясында түре тартысқа түседі. Тартыс барысында кімнің өрелі екені тыңдарманға беп-белгілі боп тұрады. Тартыс соңында бір-бірінің өнеріне ілтипат жасап, разылықпен қол алысып қоштасқан өнерпаздарды көру де бір ғанибет екен, – дейді байқауға қазылық еткен «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі Батырлан Әбенов.
Сонымен қатар қатысушылар өнеріне белгілі күйші, күй зерттеуші, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тұрар Әліпбаев, күйші, ұстаздар Еділ Басығараев пен Нұрбек Тапалов баға берді.
Қорытындысында Қазақ ұлттық өнер университетінің ІІІ курс студенті Сахы Нұрболат бас жүлдені иеленді. Байқау аясында осы оқу орнының ІV курс студенті Әлия Қарамұқанова Маңғыстау күйшілік мектебінен лекция-концерт берді. Онда осы өңірдің сирек орындалатын күйлері тартылды. Мұның бір ерекшелігі, күй тартылардың алдында оның аңыздары айтылды.
Бір айта кетерлігі, «Қос ішек» байқауын өткізуге бірнеше жылдан бері Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, Мәдениет саласының үздігі Жұмабек Қадырқұлов мұрындық болып келе жатыр. Күйшілер сайысына меценат, өнер жанашыры Самат Мұсабаев демеу көрсетті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × two =