ҚОС ҚЫРАН

0 137

Бала күнімізде аспанның зеңгір көгінде зымырап ұшып бара жатқан ұшақтарға қарап соңынан талай жүгірген едік. Ұлдың бәрі ұшаққа құмартып өсетін. Бар бала я ұшқыш, я ғарышкер болуды арман ететін. Ұшақ деген қиял жетпес жылдамдықты әп-сәтте еңсеретін жалғанда жоқ қызық болып көрінуші еді. Сондай сәби арманына қол жеткізген азаматтар арамызда жүр бүгінде. Иллюминатордан емес, ұшақтың алдыңғы терезесінен төменге көз салып түрлі қызыққа кенелетін де – сол ұшқыштар. Асқар тауды да жоғарыдан бақылап, тебінгідей етіп көретін солар. Қыран ғана ұша алатын құзар биікті бағындырып, құмырсқаның илеуіндей құжынаған қала тірлігін аспаннан бажайлайтын да – ұшқыштар. Қара жер басып жүрген пенде үшін көкке самғау әсте қорқынышты.  

Ұшқыш болуға жүрегінің түгі бар шері текті жігіттер іріктелетіні де содан. Осындай ақылы дара, бойында батырлық қаны бар жігіттердің бір тобымен танысуға біз де ынта білдірген едік. Олар – Қуандық Асаев пен Масат Уайс. Астанада орналасқан әскери базаның штурмандары. Екеуі де – майор шеніндегі азаматтар.

Екеуі түйдей құрдас. Себебі, ақ ұлпа арманға жан бітіріп, оқуға бір жылы түскен екен. 1998 жылы Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы Жоғары Авиация училищесіне құжат тапсырады. Кәдуілгі емтиханнан бөлек, дене шынықтыру бойынша қосымша тексеруден өтеді. Талап солай. Талапқа сай қарулы жігіттер таңдалынады. Сол таңдауда бағы жанып, екеуі қатар аңсаған оқу орнының кадеттері атанады. Оқу барысында екі бағдарлама бойынша даярлықтан өтеді. Біріншісі – әскери дайындық болса, екіншісі – күрделі пилотаж тәсілдерін меңгеру. Жүрегі өрекпіп ұшаққа алғаш отырған бозбала кез келмеске кеткелі қашан…

Әскери тәртіп қашанда қатаңдығымен белгілі. Ұшқыштар да талапқа сай болу үшін жылына екі мәрте емтихан тапсыруға міндетті. Алты ай сайын медициналық тексеруден өтеді. Әрбір ұшу алдында мұндай тексеру және міндетті.

«Біліктілігіңді күнбе-күн дәлелдеп отыруың шарт. Бір деңгейден ауытқып кетпеуге тиіссің», – деді бізбен әңгімесінде Қуандық Асаев. Бұл әскери тәртіпке мойынсұнып қана қоймай, әркез жадыңа тоқып жүру қажеттілігін де көрсететін шығар. Себебі, көкке ұшу қаншалықты асқақ арман болса, ол – соншалықты жауапты іс. Алдымен штурман мінген ұшағына жауап береді. Ішіндегі тасымалданатын дүниеге. Адамдар болса, оларға да. Әр сапар – өздігінше ерек күй. «Аспанда өзіңді ерекше сезінесің. Мынау бес күндік жалған дүние естен шығады. Ұшы-қиыры жоқ көк аспан және сен ғана қаласың» – деген Масат Уайстың сөзіне қарап, оның ұшқан сайын тың әсерге бөленетінін байқағандай болдық.

Жалпы, ұшқыштардың әр ұшқан сағаты жердегі сегіз сағаттық жұмыс уақытына теңгеріледі. Ұшудың миға түсіретін салмағы осылай есептелетін көрінеді. Сондықтан, аспандағы әр минут адам өміріне тигізетін залалы бар сағаттарға созылып кетуі де кәдік. Ұшқыштың оқуын оқыса да, қатарға ілесіп кете алмайтындар болады. Сірә, әркімнің жүрегі көк аспанмен бетпе-бет келуге дауаламай қоймайтын болса керек.

Ант беріп, ел мен жерге қорған болып жүрген әскери ұшқыштардың біліктілігін арттыру үшін арнайы шетелдік курстарға барған. Халықаралық авиация терминологиясын меңгеру үшін ағылшынша үйренді. Құрдастар әр жылы, әр қалада тәжірибеден өткен. МИ-26 сынды тікұшақ жүргізген, АН-26 сияқты ұшақ ұшырған.

Міне, енді мемлекет өзі оқытып, өзі қатарға қосқан әскери ұшқыштар бар біліктілігін Отан алдындағы борышын өтеуге арнап жүр. Көкжиектегі күнмен таласа таң атырған күндерге де он жылдам астам уақыт болыпты. Күндіз-түні тынымы жоқ ұшқыштардың әскери өмірге еш өкпесі жоқ. Бойы үйренген. Қай кезде хабар жетсе, сол мезетте ұшаққа отырып, тапсырма орындауға әзір тұрады. Ал, тапсырма түрлі-түрлі. Бірде қатты науқастарды тасымалдау керек болады. Бірде шабуылшы ұшақтарды тасу керек. Кейбір кезде әскери дайындық өтіп жатқан шалғайдағы бөлімшеге қару-жарақ жеткізумен шұғылданады. Қай- қайсысына да төселген қос ұшқыш енді өздері де шәкірт тәрбиелеп, ұшақ штурвалын ұстауды үйретіп жүрген жайлары бар. Әуе навигациясын есептеп, ұшуға дайындығын баян етуге құштарлықтары басылмаған.

Шынар ӘБІЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 12 =