Қос мұнаралы «Talan Towers» бой көтереді

0 123

«Бәйтерек» маңындағы сәулет ансамблі тағы бір салтанатты ғимаратпен толығады. 18 маусымда Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қатысуымен  Достық пен Түркістан көшелерінің қиылысында «Верный Капитал» компаниялар тобының инвестициясына салынатын «Talan Towers» премиум санатты кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті. 

Ғимарат қос мұнаралы. Бизнес-орталық орналасатын бір мұнараның биіктігі 145 метр, ал «The Ritz-Carlton Astana» отелі орналасатын екінші мұнараның биіктігі 119 метр болмақ. Төменіндегі жалпы ауданы 5000 шаршы метрді алатын үш қабатты галереяда люкс дәрежесіндегі түрлі киім-кешек, аяқ киім, керек-жарақ бутиктері, банк бөлімшелері орналаспақ. Сонымен қатар, отельде 1000-ға жуық адамды еркін сыйдыратын лаундж-клуб, бал-рум, SPA, фитнес-орталық, су алабы, бірнеше мейманханалар мен барлар, sky bar, конференц-залдар болады.

«Верный капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспанов:

– Қандай инвестициялық жобаны қолға алсақ та, индустриялық дамудың жаңа деңгейлерін қамту үшін ең үздік тәжірибені пайдаланамыз, бүкіл әлемге танымал, кәсіби біліктілігі жоғары серіктестерді тартуға тырысамыз. Біздің ойымызша, бизнес мемлекеттің «жасыл экономиканы» енгізу саясатына қолдау білдіруі тиіс. «Talan Towers» – осы үдеден шығатын эко-ғимарат, яғни LEED стандартына сай. Ғимараттың жобасын сәулет, қала құрылысы, инженерия және интерьерлік дизайн саласындағы көшбасшы – SOM (Skidmore, Owings & Merrill LLP) компаниясының сәулетшілері жасады. Архитектуралық фирма әлемнің 50 елінде 10 000-ға жуық жобаны жүзеге асырып, 800 марапат алған, сондай-ақ, екі мәрте «Жылдың сәулет фирмасы» атанған. Аса әйгілі жобаларының ішінде Чикагодағы «Сирс Тауэр» және «Трамп Тауэр», Шанхайдағы «Цзинь Мао», Дубайдағы «Бурдж Халифа», сонымен қатар, Нью-Йорктегі бұрынғы Бүкіләлемдік сауда орталығының орнында салынып жатқан «Бостан мұнарасы» бар, – деді.

«Talan Towers» аты тегіннен-тегін таңдалып алынбапты. Талан – бақыт, сәттілікпен егіз ұғым. Қазақ қуанышқа кенелсе, «таланына біткен несібе екен» дейді, сәтсіздікке ұшыраса, «таланы тастай екен» дейді.

Басы-қасында қазақ бизнесмендері тұрған мега-жобаға ақжол тілеген Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов:

– Астанада соңғы жылдары тұрғын үйлермен бірге, қаланың сән-салтанатын келтіретін ғимараттар салынуда. «Хилтон», «Мэриот», «Абу Даби Плаза» қонақ үй кешендері бой көтеріп жатыр. Солардың қатарында «The Ritz-Carlton Astana» қонақ үйі бар ғимаратқа қаржы тартып, құрылысын бастаған азаматтарға алғыс айтамыз. Енді аздаған уақыттан кейін оның ашылу салтанатына қатысуға жазсын, – деп сөз сөйледі.

«Верный Капитал» әлемге таны­мал «Ritz-Carlton» брендімен ұзақмерзімді серіктестік орнат­қан. Компаниялар тобының қаржы­лан­дыруымен ондай отель Мәскеуде, Венада ашылды, енді елордада бой көтергелі отыр. Ол туралы көпшілікке «The Ritz-Carlton, Bvlgary and Edition» компаниясының Еуропа бойынша вице-президенті Сандип Валиа жеткізді. Кешеннің құрылысын аяқтау 2016 жылға жоспарланған.

Әділбек ЖАПАҚ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 7 =