Қос көпір жағалауларды жалғайды

0 42

Елордадағы көшелерге түсетін шамадан тыс жүктемені азайту үшін жолайрықтар, көпірлер мен өткелдер салынып жатыр. Биыл 150 көше жөнделіп, кейбі­реуі жаңадан салынады. Осы жылы жоспарланған жол жұмыстарының 70 пайызы тұрғын алаптарда жүргізіледі. Бүгінде жолдар құрылысы әкімдіктің жіті бақылауында тұр.

– Nova City тұрғын үй кешенінің аумағы, №39 көшесінен бастап №27 көшенің бір бөлігінде жол саламыз. Бұл көше әуежай мен «Тельман» тұрғын алабына апаратын жолды жалғауға мүмкіндік береді. Соның есебінен тұрғын алап тұрғындарының қалаға жол жүру уақыты едәуір қысқарады. Сонымен қатар, Мәңгілік ел және Ұлы Дала даңғылдарындағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Осы жаңа көшеден Есіл өзені мен «Нұра-Есіл» арнасы арқылы өтетін екі көпір болады. Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Көпірлер оң және сол жағалауды жалғап, қаланың екі бөлігін айналма етуге мүмкіндік береді, – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Қала басшысы тұрғындармен кездесу, азаматтарды қабылдау және есеп беру кездесулерінде елорда халқы жолдарды асфальттау мәселесін көтергенін атап өтті.
– Біз барлық ұсыныстарды жинап, кесте құрдық. Қыста барлық дайындық жұмыстарын жүргіздік. Биыл жөнделіп жатқан жолдар бірнеше талап бойынша таңдалды. Ең алдымен бұрын асфальт болмаған жолдарды таңдадық. Мұндай жолдардың көбі тұрғын алаптарда орналасқан. Сонымен қатар, жаңа автобус бағыттары іске қосылатын көшелер мен қозғалыс қарқыны жоғары көшелер қамтылды.
Сапасыз жолдарды қабылдамаймыз. Жол сапасыз болған жағдайда мердігерлер өз есебінен жолды қайта жасайтын болады, – деп атап өтті қала басшысы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 4 =