«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қос кітаптың тұсауы кесілді

0 37

Елордадағы іргелі білім ордасы – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кеңес залында 7 сәуір күні белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, профессор Ержан Исақұловтың «Шыңғыс хан», араб, парсы, шағатай тілдерінің білгір маманы Зәріпбай Оразбай мен Мұхаммедзафар Оразбаевтың «Ұлы түрк тарихы» еңбектерінің тұсауы кесілді.

DSC_4340

Ата тарихымыздың қатпары қалың, жұмбағы мол түркілік және Шыңғыс хан кезеңдері жайлы сыр шертетін қос еңбектің тұсаукесері жоғары деңгейде өтті, тұсаукесерде сөз алған белгілі тарихшылар мен ғалымдар аталған еңбектердің мән-маңызы мен өскелең ұрпаққа жасайтын тағылымдық әсері туралы әр тараптан көсіле сөйлеп, еңбек авторларына шығармашылық табыс тілеп, қазақ тарихына бедері айшықты, берері мол сүбелі туынды қосылғанымен құттықтады.

«Шыңғыс хан» кітабы, автордың айтуынша, моңғол кезеңіне дейінгі және одан кейінгі кезеңдер туралы өте сенімді деректер мен мағлұматтар ұсынған ұлы ғалым Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінің негізінде өмірге келген.

 – Бүгін – тұсауы кесілген қос еңбектің де басты кейіпкері Шыңғыс хан. Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары құрған алып империя Еуразия кеңістігінің геосаяси және  геомәдени келбетіне үлкен өзгерістер әкелді. Осы кезеңге арналып сансыз еңбек пен зерттеулер жазылғанмен, талас тудыратын немесе жете талданбаған мәселелер әлі де баршылық. Рашид ад-Диннің еңбегінің негізінде дүниеге келген бұл еңбекте аса құнды ортағасырлық деректер, моңғол әлемінің этно-демографиялық алғы тарихы жайлы мәліметтер жинақталған. Кітап ұлтымыздың рухын көтеріп, жастарымызды еліміздің ертеңі үшін жан аямай еңбек етуге баулиды деп ойлаймын, – деді Ержан Исақұлов.

Сан ғасырдан бері Ұлы далада өмір сүрген түркі халықтарының шығу тегі, дамуы, тіршілігі, тарихы, өмірлік салт-дәстүрлері, мекенжайлары мен ата қонысы, олардың бір-бірімен қарым-қатынасы, қол жеткізген ұлы жетістіктері туралы әңгімелейтін «Ұлы түрк тарихы» кітабының авторы Зәріпбай Оразбай өзінің осы еңбекті дайындауда әлем ғалымдары мен тарихшылары мойындаған әйгілі парсы және араб тіліндегі дереккөздерге көбірек мойын бұрып, бұған дейінгі жаңылыс­тар мен бұрмалауларға түзету жасағанын айтады.

– «Ұлы түрк тарихы» кітабы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеттің түркітану ғылыми-зерттеу орталығының арнайы жобасы аясында жарық көрді. Кітапқа араб, парсы тілдерінде хатқа түскен, шынайы тарихымыздың терең қойнауынан сенімді мәлімет беретін «Жамиғ ат-тауарих», «Зафрнама», «Михман нама-и Бухара», т.б. еңбектердегі деректер негіз болып отыр. Кеңестік кезеңде тарихымыз бұрмаланып, санамызға сол сіңірілді, шынайы тарихымызбен енді-енді қауышып жатырмыз, мысалы, осы кітапта тарихта өткен 200-ден астам ұлы қолбасшымыздың аттары аталып, өмірлік ерліктері жайлы сөз қозғалады. Ғылыми қауымдас­тық үшін де, жас ұрпақ үшін де айтары бар еңбек болмақ, – деді Зәріпбай Оразбай.

Шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, білікті тарихшылар мен ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты. Тұсаукесер рәсіміне қатысқан белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы Задаш Дүкенбаева бұл еңбектердің отандық ғылым үшін айтарлықтай маңызы бар екенін айтты.

– Бүгінгі қоғамдық ғылымдар саласының ішінде тарих ғылымының алдына академиялық қоғамдастықты топтастырушы және бағыттаушы ретіндегі Қазақстан тарихының кеңістігін тарихи оқиғалармен, тарихи тұлғалармен толықтыру және ата тарихымыздың мәні мен мазмұнын байыту міндеті тұрғандығы белгілі. Демек, осы ретте аталған еңбектердің ауқымдылығы мен маңыздылығын атап өткен орынды. Шығыс тілдеріндегі дереккөздерге сүйене отырып, тарихи деректерді ғылыми айналымға жаңа қырынан енгізген бұл еңбектер ғылыми қоғамдас­тықтың да назарын аударуға тиіс деп ойлаймын, – деді Задаш ­Дүкенбаева.

Ерлан МАЗАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды