Қос балабақша қуанышы

0 201

Кеше Астана қаласы Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина­ құрылыстары жақында аяқталып, толық пайдалануға берілген Сарыарқа ауданына қарасты «Жанарым» және ашылуға әзірлік үстіндегі Алматы ауданының «Аяулым» балабақшаларын аралап­ көрді.

Алдымен С.Сейфуллин және Н.Тілендиев көшелерінің қиы­лы­сында орналасқан «Жанарым» бала­бақ­шасының жай-күйімен танысып шығып, ондағы балалар үшін жасалған барлық жағдайдың талапқа сай екен­ді­гіне көз жеткізді. Қос қабатты ғимарат ішінде спорт залы, бассейн, ойын және жатын бөлмесі сынды қажеттіліктер заман талабына сай құрал-жабдықтармен жан-жақты қамтылған. Білім басқармасы басшысын әр таныстырылым барысында Сарыарқа ауданының әкімі Ермек Оспановтың өзі бастап алып жүрді.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес осы жылдың басынан бері елордамыз бойынша «Балапан» бағдарламасы аясында 5 балабақша ашылды. Ал, мына «Жанарым» балабақшасы құрылысының аяқталуын біз 3 жылдай уақыт күттік. Шүкір, қазір соның нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Бәрі ойдағыдай екен. Бүгінде жас­өс­пі­рімдерді балабақшаларға қабылдау науқаны қызу жүріп жатыр. Мұнда бұрын жолдама алып, ғимараттың құрылысы ерте аяқталмауы салдарынан келе алмай қалған балалар бар. Енді олар уақытша қабылдаған үлкен балабақшадан осында ауыстырылады. Ата-аналар «орыс тілінде тәрбие беретін де мекеме керек» деп өтініш жасаған соң, біздің осындай аралас балабақша ашуымызға тура келді. Бірақ, басқа балабақшалар тегіс қазақша болғандықтан, оларға балаларын өзге ұлт өкілдері де беріп жатыр. Қаламыздың аумағы ұлғайып, тұрғындар саны көбейіп келеді. Сондықтан мұнда балалар мекемесінің саны жағынан еш мәселе туындатпаудың амалдарын қарастырудамыз» деді жиналған ата-аналарды құттықтап сөз сөйлеген Әсима Темкеқызы.

Ал, «Хайвил» тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы орналасқан «Аяулым» балабақшасында шағын парталарды алмастыру, орындықтардың санын көбейту, ғимарат алдындағы арамшөптерді жұлу сынды алдағы уақытта ескерілуі тиіс жайттар бар екен. Алматы ауданының әкімі Павел Кулагин ұсақ олқылықтардың орнын толтырып, мекеме басшылығы орынды ескертпеден оң нәтиже шығарат­ын­дығын уәде етті.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × one =