Қос алтынның қуанышы

0 100

Олимпиада ойындары басталғалы қазақ жанкүйерінің қуанышында шек жоқ…

… Жеңіс рухымен желпініп жүрміз.

… Қос алтын қазақтың құдіретін көтеріп тұр.

Түнімен-күнімен бірін бірі құттықтаған ағайынның көңілі шат-шадыман…

 Төрткүл дүниенің ең үздік спортшыла­ры төрт жылда бір рет сайысқа түсетін дүбірлі дода басталған күні- ақ күллі әлемге «Қазақстандық спортшы – Олимпиада чемпионы!» деген ақжолтай ақпарат тарап кетті…

Иә, қазақстандық велошабан­доз Александр Винокуров, шыны керек, күтпеген жерден, Лондон олимпиадасының қаһарманы атанды. Атақты «Вино» 250 шақырымдық жарыста алдына жан салмай, мәре сызығын бірінші бо­лып кесті. Бұл Қазақстан қоржынын түскен алғашқы алтын медаль болды.

«Менің бұл жеңісімді Қазақстанға арнаймын. Бұл менің жеке жеңісім емес, бұл – бапкерлерімнің, жанкүйерлерімнің жеңісі. Шыным­ды айтсам, спорттан дәл осылай әдемі кетемін ойламаған едім. Енді бапкерлік немесе менеджерлік кәсіппен айналысатын шығармын», – деді Лондондағы «Қазақ ауылын­да» баспасөз мәслихатын өткізген Винокуров.

Алғашқы алтынның қуанышы бойымыздан тарамай-ақ қазақ жұртшылығы тағы бір керемет жеңістің куәгері болды. Бұл жолы ауыр атлет Зүлфия Чиншанло бүкіл әлемге Қазақстан әнұранын тыңдатты. Бидай өңді бойжеткеніміз Олимпиада чем­пионы болып қана қоймай, әлем рекордын да жаңартты. Жұлқа көтеруде 95 келі, серпе көтеруде 131 келі салмақты бағындырған Зүлфия өзінің жеңіс құрметіне Қазақстан туы көтеріліп, әнұранымыз шарықтаған сәтте көз жасына ие бола алмады…

Жеңісті сәттен кейін берген сұхбатында Зүлфия чемпион «Мен бұл жеңісімді Қазақстан еліне арнай­мын. Әлі де Олимпиада чемпионы болғаныма сене алмай отырмын. Бұл алтын медаль жайында мен бес жыл ойлап жүрдім… Бірақ қазір ештеңені есіме түсіргім келмейді. Әйтпесе, тағы да жылап жіберемін. Мен тағы да бір олимпиадалық циклда, яғни төрт жылдай спортта болып, қазақстандықтарды жаңа рекорд­тармен, жеңістермен қуанта бергім келеді», – деп ағынан жарылды.

Сөздерінен де, көздерінен де қазақ елінің шынайы па­триоттары екені айтпай-ақ аңғарылатын қос чемпионға біз де ризашылық сезіммен қараймыз. Бұл жеңістер шын мәнінде бүкіл қазақстандықтарды шексіз қуанышқа бөлеп, талай қазақ баласының жүрегіне жеңіс рухын сіңіргені айқын. Олай болса, елдік мәртебемізді, ұлттық мерейімізді өсіретін осындай жеңісті күндеріміз жалғаса бергей.

Лондон төрінде көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз шарықтай түссін!

Лондоннан алатын жүлдеміз әлі де бар. Олимпиада ойындары­нан жүлдесіз қайтпайтын боксшыларымыз бен балуандарымыз, Ильин секілді «алтын баланың» шешуші сайыстары әлі алда. Демек, қазақ жанкүйері тақымын қысып, жүрегі елжірейтін сәттер де алдағы күндердің еншісінде.

Әр жарысқа елеңдеп отырған бар қазақтың бүгінгі ойы осындай…

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × four =