ҚОРЫМДЫ ҚОПАРЫП ЖҮР ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР

0 182

Талдыкол

1964 жылдың мамыры. Кеңес одағы коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущевтің саясаты Целиноград қаласының іргесіндегі 200 түтіні бар Талдыкөл ауылы тұрғындарын бір күнде атамекендерін тастауға мәжбүр етті. Туып-өскен жерін, ата-баба зираттарын қимай, жол бойында еңіреген халық осылайша еріксіз жан-жаққа таралып кетті.

Өткен жексенбі күні көштің 50 жылдығына байланысты ауыл орнында жиналған талдыкөлдіктер ата-бабаларына ас берді. Сол жерде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары салдарынан туындап жатқан түйткілдерден хабар беріп, қала билігіне бірқатар ұсыныстарды бағыттады.

Ауыл орны қаланың Тазарту құрылғыларының аумағында, «Жағалау» тұрғын үй кешені іргесінде орналасқан. Хрущевтің тыныш жатқан елді көшіргенде не ойлағанын кім білсін, қазір бұл жерде тазарған суды Есіл өзеніне жіберу және құрғату жұмыстарымен қатар күре жол салынып жатыр. Міне, осы жұмыстарды атқарып жатқан құрылысшылар зиратты аяусыз қопарып, талдыкөлдіктердің наразылықтарын тудыруда.

Ақсақалдардың айтуынша, аталған аумақта төрт қорым орналасқан еді (сол зираттарда кейбір деректерге сүйенсек, Кенесарының сарбаздары да жатыр). Қазір екеуі жоқ, сірә, судың астында қалған болуы керек. Бір зират 2008 жылы қоршалып, ол жерде «Талдыкөл зираты – 2008» деген белгі тұр. Қаланың бас жоспарында көрсетілгендіктен, оған келетін еш қауіп жоқ. Екінші зират жөнінде: «Бұл зират су астында қалған шығар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, олай емес екен. Орнына барғанымызда жерленген адамдардың екі құлпытасын кездестірдік. Екеуі де граниттен жасалған, арабша жазуының бәрі анық. Біреуінде – «1923 жылдың 15 апрелінде 85 жасында қайтыс болған, руы – Темеш, Мәттібай Тәңірбегенұлы» деген жазу тұр, екіншісінде «Жәмкей Мәттібайұлы 1923 жылы 55 жасында қайтыс болған» белгісі бар. Жұмыскерлер сол зиратты қопарып тастапты…

АЗ-КЕМ АНЫҚТАМА

Бір кездері Талдыкөл немесе кейбір жерде Бошан аталатын ауылдың тұсына орыстар келіп, казарма салған. Сонда сол жерге көпестер жиналған. Григорий деген көпес заимка тұрғызған. Қазақтар оның заимкасын күзетіп, малдарын баққан. Григорийді қазақтар Күргерей деп атап кетеді. Сол уақытта Күргерейдің Қызылжарға кіре тартатын кірешілері де болады. Кірешілердің басшысы Дүйсенбек деген кісі 8-10 пар өгізбен кіре тартатын. Ауыл осылай орныққан екен. Мұндай мәліметті өзін Дүйсенбектің келінімін деп таныстырған бір әжеміз келтірді.

– Қыстың қүні, қаңтар айында бізге әкімдіктен адамдар келді. «Зиратты көшірейік, қайда апар десеңіздер, сонда апарамыз. Өкімет барлық қаражатты көтереді» деді. Оған келіспедік, – дейді ауыл көшкенде 14 жаста болған, қазірде ақсақалдыққа бет бұрған Ғабит Анасұлы.

Келіспеу себебін ол осыдан пәленбай жыл бұрын жерленген кейбір адамдардың құлпытастары жоқтығымен, яғни, марқұмдардың аттарын анықтауға мүмкіндік бермейтіндігімен және бұл жерде оба сияқты жұқпалы індеттермен ауырғандар жатқандығымен түсіндірді. Талдыкөлдіктердің тілегі қала әкімдігі бұл зиратқа тиіспесе дегенге саяды.

Екінші тілектері – бұрынғы ауыл орнына орналасқан «Жағалау» тұрғын үй кешеніне Талдыкөл атын беру. Сол мақсатта қаланың ономастикалық комиссиясына бірнеше хат та жолдаған екен. Асқа арнайы келген Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының өкілі Бақыт Әбжан бұл жағын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. «Ономастика заңы бойынша шағын аудандарға атау берілмейді. Тұрғын үй кешендеріне атау беруге болады. Ол үшін ұсыныстарыңыз керек. Ұсыныстарыңызды арнау­лы комиссия қарайды» деді ол. Оны тыңдаған талдыкөлдіктер ең құрығанда «Жағалаудың» бір көшесіне ауылдарының аты берілсе де қанағаттанатындарын жеткізді.

Есіл ауданы әкімдігінің Тұрғын алаптары бойынша бас инспекторы Әлкебатыр Баймақашов аудан әкімдігі қолдан келер іске аянбай жатқандығын айтып, «түйткілді шешуге шамамыз келгенше, көмектесеміз» деді.

Қопарылып жатқан зираттың басында аруақтарға Құран бағышталды. Сол жерде жан-жағы мүжілген тағы бір құлпытас табылды. Ол 1910 жылы туып, 1933 жылдың 7 мамырында 23 жасында қайтыс болған Көшмағанбет Көбенұлынікі болып шықты. Құлпытасқа «Дүние өткінші. Дүниеде ешқандай рахат жоқ» деген сөздер де қашалыпты. Сол жерде жұмыс атқарып жатқан түрік компаниясының жұмыскері де жүр екен. Оған тап берген талдыкөлдіктер қопарудың жайын сұрады. Бұл жерге жұмысқа жақында ғана келіп, зират жөнінде ешнәрсе білмегенін айтқан ол басшылығына сілтеді. Басшылық сол жерде табылмағандықтан, талдыкөлдіктер кейіннен хабарласатын болды…

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + seventeen =