Қоршаған ортаны қорғау қай деңгейде?

0 46

Елордада 12 үлкен гүлбақтың жобасы әзірленіп жатыр. Алайда бұл жобаларды биыл жүзеге асыру үшін қаржы бөлінуі керек. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында мұны айтқан қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева бюджетті алдағы нақтылау кезінде осы жобаларды қолдауды өтінді.

АҒАШТАРДЫҢ ЖЕРСІНУІ – 61 ПАЙЫЗ

Оның сөзінен ұққанымыз, аталмыш басқарманың осы жылға жоспарлары аз емес. Мәселен, биыл «Үздіксіз көгалдандыру» жобасы әзірленбек. Бұған қоса, қала тарихында тұңғыш рет интернет-платформада жасыл желектің электронды базасы дайындалмақ. Онда ағаштарды түгендеу, паспорттау және патологиялық зерттеу мәліметтері орналастырылмақ. Бұл жоба да қаржыландыруды қажет етеді. Ал осындай платформа қалаға қажет. Қалалық Тексеру комиссиясы мен республикалық Есеп комитеті де үнемі тиісті басқарма назарын осыған аударады.
– Өткен жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп елорданы көгалдандыру және «жасыл аумақты» құру жоспарын әзірледік. Жалпы былтыр 100 мыңнан астам ағаш пен 330 мың көшет отырғыз­дық. Қаланың қатал климатына қарамастан, ағаштардың жерсіну көрсеткішін 61 пайызға жеткіздік. Ал «жасыл белдеуде» бұл көрсеткіш, тіпті 92 пайызға жетті. Осы жылы 300 мыңнан аса ағаш пен 3 мың бұта, «жасыл белдеуде» 4 миллионнан аса көшет отырғызуды жоспарлап отырмыз, – деді Ә.Қожабаева.
Жалпы осы уақытқа дейін қалада миллионнан аса, ал «жасыл белдеуде» 15 миллионнан астам ағаш отырғызылған. Бірақ «жасыл белдеуге» жауапты «Астана-Орманы» ЖШС «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы балансына берілген екен. Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы бұл кәсіпорынды аталмыш басқарманың қарамағына беру керек деп есептейді. Мұның себебі, «жасыл белдеудегі» ағаштардың бір бөлігіне осы басқарма жауапты. Жұмыстар жүйелі болуы үшін «Астана-Орманы» да бұл басқармаға қарау керек.

АТПЕН СЕРУЕНДЕУ СОҚПАҒЫ САЛЫНАДЫ

– Қалаға эстетикалық келбет беру, тұрғындарға экологиялық жайлы жағдай қамтамасыз ету, отбасымен бос уақытты тиімді өткізу үшін сырылып жатқан ескі, апатты үйлердің орындарында сая­бақтар мен гүлбақтар құрылысы жүргізіліп жатыр. Өткен жылы «Көктал-2» тұрғын алабында үлкен саябақ, қала аумағында көптеген гүлбақ салынды. Жаңа саябақ үш аймаққа бөлінді. Онда ересектер мен балалар демалатын, спортпен айналысатын орындар бар. Ендігі жоспарымызда рекреациялық аймақтар құрылысы қалып отыр. Туристік маршрут – атпен серуендеу соқпағы құрылысын аяқтап қалдық. Биыл беседкаларды, ат байлайтын бағандарды салған соң, нысанды сенімді басқаруға береміз. Бұл халықты тартатын орынға айналатынына сенімдіміз. Қазірдің өзінде кәсіпкерлер қызығушылық танытып жатыр. Олар сол аймақта қымыз сатып, киіз үйлер тікпек. Осы арқылы жақсы туристік база құрмақпыз, – деді Ә.Қожабаева.
Оның мәлімдеуінше, қалада театр аллеясы, зоосафари, жаңа мешіт маңайында 250 гектарды құрайтын үлкен саябақ, өрттің алдын алатын химиялық станса салынып жатыр. Бұған қоса, Сарыарқа даңғылынан Бараев көшесіне дейінгі аумақта Есіл өзені жағалауын жаңғырту жүргізіледі.

ҚОҚЫС ЖИНАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ АВТОМАТТАНДЫРЫЛАДЫ

Биыл шаһардағы қоқыс өңдеу зауытын жаңғырту да жоспарланып отыр. Мұнда қоқысты жинау технологиясы автоматтандырылмақ. Қазір тиісті жұмыс қолмен жасалып жатыр. Жаңғыртудан кейін зауыт қуаты екі есеге артып, қоқысты жинау көрсеткіші жылына 250 мың тоннадан 450 тоннаға дейін артпақ. Бүгіндері бұл 277,5 мың тоннаны құрайды. Соның 35,4 мың тоннасы өңделеді.
– Бас қалада қоқысты басқару жүйесі жинау, тасымалдау, сұрыптау, өңдеу және қалдықтарды көмуден тұрады. Қала бойынша 5 мыңға жуық контейнер алаңы мен 15 мың контейнер орнатылған. Бұған қоса, пластикке арналған 287 торлы контейнер мен сынабы бар шамдарды салу үшін 545 контейнер қойылған. Қоқысты бөлек-бөлек жинау жүйесі енгізілді. 2013 жылдан бері сынапты шамдарды жою жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Ел аумағында мұндай зауыт басқа еш жерде жоқ. Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылған жоба. Оған инвестор 300 миллион теңгеге жуық қаржы салды, – деді басқарма басшысы.
Былтыр қалдықтарды сұрыптау көрсеткіші 18 пайызды, өндеу 75 пайызды құрады. Қалдықтар қоқысты өңдеу кешеніне шығарылып, брекеттеліп, екінші ұяшыққа көміледі. Себебі бірінші ұяшық толып кеткен. Ал екіншіні әлі бес жыл пайдалануға болады.

ҚҰРЫЛЫС ҚАЛДЫҚТАРЫНА АРНАЛҒАН ПОЛИГОН

Елордада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құрылыс қалдықтарына арналған «Солтүстік атызы» жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Оның аумағы – 11 га, қуаты – жылына 400 мың тонна. Пайдалану мерзімі – 15 жыл. Құрылыстың жалпы сомасы – 2,5 млрд теңге. Өткен жылы 857,7 млн теңге игерілді. Биылға 1 млрд 732,6 млн теңге қалып отыр. Жоспар бойынша нысан осы жылдың аяғында пайдалануға берілуі керек.
Қалада жыл сайын Есіл өзенін тазалау жұмыстары да жүргізіледі. Өткен жылы су түбінен 250 мың шаршы метрге жуық балшық жиналды. Өзен жағалауы мен оның арналарынан қатты тұрмыстық қалдықтар мен басқа да қоқыс тазаланды. Қорытындысында 139 тонна қоқыс болды. 350 текше шаршы метр аумақта қамыс пен арамшөп кесілді.
Мұның сыртында Есіл өзенінің кемелер жүретін аумағында (9,4 шақырым) су түбін тазалау жұмыстары жүргізіліп, Вячеслав су қоймасында – 14400 текше метр, Қоянды су қоймасында – 864 текше метр, Есіл өзені мен оның арналарында 28800 текше метр су сорылды.

СУ НЫСАНДАРЫ ТҮГЕНДЕЛІП, ПАСПОРТТАЛДЫ

– Былтыр бас қалада алғашқы рет су нысандарын түгендеу және паспорттау жүргізілді. Бұл жұмыстар Вернадский атындағы университеттің көмегімен жүзеге асты. Осылайша қазір Нұр-Сұлтан қаласында төрт көл, төрт өзен, бір арна және екі су қоймасы бар. Барлық жұмыстар Есіл бассейн инспекциясымен келісілді, – деді Ә.Қожабаева.
Қаланың велосипед инфрақұрылымын дамыту тұрғындарды салауатты өмір салтына тартуды ғана емес, экологияны жақсартуды да көздейді. Себебі ауа ластануының бір «көзі» – автокөлік газдары болып отыр. Баяндамашы бұл бағыттағы жұмыстармен де таныстырды. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін 34 шақырым веложол салынды. Алдағы үш жылда тағы 123 шақырым салу жоспарланған.
Қалалық мәслихат депутаты Ерлан Дәкеновтің пікірінше, «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі өткеннен кейін «жасыл технологияларды» насихаттау тоқтаған секілді. Ол осының мән-жайын баяндамашыдан сұрады.
– Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының экологиялық жағдайын жақсартудың кешенді жоспарын бекітті. Оған қоршаған ортаны жақсарту бойынша көптеген шаралар кіргізілді. Соның ішінде атмосфералық ауаны жақсарту, көгалдандыру, қатты тұрмыстық қалдықтарды оңтайландыру жұмыстары бар, – деді Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы Жұлдыз Сасанова.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + two =