ҚОРҒАНСЫЗДАРДЫҢ ҚҰҚЫ ТАПТАЛМАСЫН

0 82

Біздің елімізде түрлі себептермен ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар көп. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулілері де аз емес. Ондай балаларды Үкімет өз қамқорлығына алып, барынша көмек беріп жатқаны, аямай қаржы бөліп отырғанын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естіп-біліп отырамыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында да бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінгенін байқауға болады. Жолдауда «Мемлекет қоғамның әлеуметтік жағдайы төмен топтарына – зейнеткерлерге, мүгедектерге, еңбекке жарамсыздарға, науқас балаларға және т.б. атаулы көмек үшін толық жауапкершілік алатын болады» деген жолдар бар. Бұл дегеніміз, тұрмысы төмен, қолы қысқа жандар қашан да мемлекеттің қорғауында деген жолдар бар.

Жолдаудың осы тұсын оқыған кезде Астана қаласының «Балалар психоневрологиялық медициналық әлеуметтік мекемесіне» алғаш жұмысқа орналасқан кезімде куә болған жайттар көз алдыма келді.

Ауылдан шыққан жанға елорданың сырт бейнесі өте көрікті, ерекше әсерлі болып көрінетіні белгілі ғой. «Астаналық боламын» деген ойдың жетегінде алып-ұшып жүріп осы мекемеге тәрбиеші болып жұмысқа орналастым. Екі ай күндізгі бөлімде жұмыс жасап, сосын стационарға ауыстым. Алғашқы жұмыс күнімді топ ішін аралауға арнадым. Байқауымша, бөлмелер сүреңсіз, қабырғадағы түсқағаздар әбден ескіріп кеткен. Перделердің де тозығы жеткен. Ал, теледидар көретін бөлмеге кәдімгі аулада тұратын ағаш сәкілер қойылыпты. Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп, әлеуметтік өмірге бейімдеуді мақсат тұтатын мекемедегі мына көріністер мен таңырқатты, бір жағынан көңілімді қатты құлазытты. Бұл кемтар балаларды кемсіткендік пе, әлде, мүмкіндігі шектеулі жетім балаларға мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейтін болғаны ма деген ойлар мазалады.

Кейіннен білгенімдей, мекеме басшылығына Серік Бөпежанов есімді азаматтың жаңадан келіп жатқаны сол екен. Артынша орталықтың жұмысы да, әлеуметтік жағдайы да жанданып сала берді. Жыл сайын күрделі жөндеу жүргізіледі. Бөлмелер ашық түспен боялған, төсек-орындар да судай жаңа. Оқу бөлмелері, жатын бөлмелер жаңа технологиялармен жабдықталған, әдемі безендірілген. Аулаға жыл сайын көшеттер отырғызатын болдық. Орталықтың ғимараты темір шарбақпен қоршалып, жарықтандырылды. Спорт алаңы, балалар ойын алаңы және еңбекке баулу үшін жылыжай да салынды. Осының бәрі мекеме басшысы Серік Елемесұлының Елбасы Жолдауларында көрсетілген міндеттерді басшылыққа ала отырып ұйымдастырған жұмысының жемісі дер едім.

Әр басшы өзіне сеніп тапсырған істің жанашыр қожайыны болса, тасы өрге домалайды, еңбегі бағаланады емес пе.
Президентіміз айтпақшы, балалар қоғамы­мыз­дың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқық­сыз болуға тиіс емес. Біздің топырағымызда туған кез келген сәби қазақстандық және мем­лекет­ оны қамқорлығына алуға тиіс.

Айшолпан ЖОЛДАНОВА,
Астана қаласының «Балалар
психоневроло­гия­­­лық медициналық әлеуметтік мекемесінің» тәрбиешісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − six =