«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қорғалжынның қадірін қашан білеміз?

0 94

Қорғалжынның елі мен жері жайында айтылатын аңыз да, ақиқат та жетіп артылады. Қорғалжын ауданы 1932 жылы Алаш қайраткері Хайретдин Болғанбаевтың бастамасымен құрылған еді. Аудан аумағында негізінен, қазақ ағайындар тығыз шоғырланған. Кеңес заманында «Қорғалжын – нағыз қазақ ауданы» деп айтылатын еді.

 

e2a20f8bc4fac424c23ee536acd83523ffb2df7ef1baf7b392ad6409d818ac63

Ежелгі Қарақойын-Қашырлы белесіндегі Теңіз-Қорғалжын ойы­сының жазық даласында жайғасқан айтулы аудан солтүстігінде Ақмола облысының Егіндікөл, Астрахан аудандарымен, оңтүстігінде Қарағанды облысының Нұра ауданымен, шығысында Целиноград ауданымен шектеседі. Ал батыс жағы Торғай даласымен ұласып жатады. Бүгінгі таңда аудандағы 18 ауыл Амангелді, Арықты, Кеңбидайық, Қарашалғын, Қорғалжын, Қызылсай, Майшұқыр, Сабынды ауылдық округтеріне біріктірілген. 2019 жылғы деректер бойынша қазір Қорғалжын ауданында 8815 адам тіркелген болса, оның ішінде қазақтардың үлесі 88 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ тұрақты тұрғындардың қатарында орыс­тар, украиндар, беларустар, немістер және басқа ұлттың өкілдері бар.

Аудан аумағынан Нұра және Құланөтпес өзендері өтеді. Көлдер де жеткілікті, бәрін айтпасақ та, Теңіз, Қорғалжын, Асаубалық, Құмкөл, Алакөл, Сұлтанкелді, Есей, Шолақшалқар, Жәнібекшалқар, Шишалқор, Қарасор көлдерін ел-жұрт жақсы біледі.

Қорғалжын дегенде елді елең еткізетіні, әрине, Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы. Бұл қорықтың аты тек Қазақстан емес, шетелдерге де танымал.

Елорданың іргесіндегі Қорғалжын жері – айдынды көлдерімен, өзендерімен, сан алуан аң-құстарымен, аттай тулаған балығымен ерекшеленетін сулы да нулы жердің өзіндік керемет табиғаты бар аймақ. Бұл жерде қазақтың маңдайына туған талай таланттың тұсауы кесілген. Бір ғана Қорғалжын қорығының өзі неге тұрады?! Алайда, табиғаттың ерекше маржанына айналып тұрған Қорғалжынның игілігін көре алмай келеміз. Неге?

Астананың оңтүстік-батысына қарай 130 шақырым жерде орналасқан Қорғалжын қорығы – әлем картасында айрықша орын алатын сулы да нулы аймақ. Қорықтың көлемі 259,9 мың гектар жерді алып жатса, оның 198 мың гектары акваторий саналады. Қорық аумағында Теңіз және Қорғалжын көлдері жатыр. Қорықтың негізін құрайтын Теңіз көлінің ұзындығы 85 шақырымды құраса, ені 35 шақырымға жетіп жығылады. Көлдің суы минералды, емге дәру болады. 2000 жылдан бастап «Тірі көлдер» халықаралық ұйы­мына кірді. Әлемдегі ерекше бақылауды талап ететін Рамсар конвенциясының «А» тобында тіркелген. Сондай-ақ 2012 жылы Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы ЮНЕСКО ұйымының биосфералық резерваттар жүйе­сіне қабылданды.

Қорғалжын қорығының ең басты көрсеткіші, мұнда 340 түрлі құс мекендейді. 126 құс осында ұя басады. Өте сирек кездесетін құстарды да Теңіз көлінен көруге болады. Олар, әрине, ерекше қорғауға алынып отыр. Атап айтқанда, қорықты мекендейтін 37 құс түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілсе, 26 құс түрі халық­аралық «Қызыл кітап» тізіміне тіркелген. Жалпы, қорықтың табиғи ресурсы 15 миллион құсты асырауға жетеді екен.

Қорғалжын қорығы сулы-­нулы жерде тұрғандықтан, мұнда өсімдіктің сан түрі өседі. Табиғат зерттеуші мамандардың дәйектері бойынша мұнда өсімдіктің 500-ге жуық түрі өседі.

Табиғаттың, даланың органикалық тепе-теңдігін сақтауға әсер ететін қызғалдақ гүлдерін қорғау және көбейту мақсатында қорық аумағында «Қызғалдақтар фес­тивалін» ұйымдастыру дәстүрі қалыптасқан.

Қорғалжын қорығының басты бренді – қоқиқаздар. Айрықша сұлулығымен ерекшеленетін қоқиқаздар үшін Қорғалжын қорығы солтүстікте қоныстанатын соңғы мекен саналады. Бұл құстар жыл сайын көктемде Африканың шығыс-батысынан, Иран, Үндістан және Пәкістан елдерінен ұшып келіп, осында ұя басып, балапандарын қанаттандырып, қара күздің салқыны түсе бергенде келген ізімен жылы жаққа қайта ұшады.

Қоқиқаздың негізгі қорегі – артемия құрты. Мұндай құрттар тек тұзды көлде болады. Ал Теңіз көлінің тұздылығы әлемдік мұхиттардан 5-6 есе артық.

Табиғат қорғаушы мамандардың айтуынша, ертеректе Теңіз көліне келіп қонатын қоқиқаздар саны 100 мыңнан асып жығылатын болса, соңғы жылдары едәуір кеміген. Бұған басты себеп ретінде Азия құрлығындағы орын алатын әскери іс-қимылдар аспан кеңістігіндегі құстардың миграциялық жолдарын тарылта түскені айтылады.

Қорғалжын қорығының мақ­танышына айналған қоқиқаздар өте тәкаппар әрі сақ құс болғандықтан, адамдарға тым жақындамайды. Солай болғанымен, саяхатшылар осы құсты көру үшін ғана Қорғалжын қорығына арнайы барады. Әсіресе дәстүрлі «Қоқиқаздар фестивалі» өткенде мұнда келушілер саны еселеп артады.

Қорғалжын даласының сәні саналатын киіктер ерекше қамқорлыққа алынған жануарлар тізіміне енгізілген. Жыл сайын саны азайып бара жатқан бұл жануарды қорғауға және күтуге айрықша мән беріліп отыр. Сондай-ақ Теңіз көлінің қорысында мекендейтін жабайы қабандар, жер бауырлап жүгіретін борсықтар мен суыр­лар, түлкілер мен қасқырлар да қорықтың табиғи байлығына баланады.

Қорық құрамындағы өзен-­көлдерде сан алуан балық тіршілік етеді. Олардың ішінде мөңке, аққайран, алабұға, шортан және торта балықтары өте көп.

Балықшылар мен аңшылар қорық аумағына арнайы рұқсат арқылы ғана кіре алады. Балық аулау және аңшылық жасауына қатаң бақылау жүргізіледі.

Сонау 1968 жылы мемлекет­тік қорық ретінде ұйымдас­тырылған Қорғалжын қорығы Қазақстанның киелі картасына кіретін бірден-бір маңызды нысан саналады. Алайда осы қорықтың табиғи әлеуеті мейлінше пайдаланылмай отырғаны жасырын емес. Жоғарыда атап өткеніміздей, сан алуан құсы мен аң-жануары, асау тайдай тулаған балықтары бар Теңіз көлінің жағасында орналасқан қордың әкімшілік орталығында орналасқан «Қонаев саяжайы» ғана көзге ерекше көрінеді. Басқа не бар?! Тағы бір бар деп айтуға тұрар пайдалысы – көлдің маңайындағы тұзды балшықтар.

Бала кезімде, яғни 70-інші жылдары, аталарым осы көлдің маңайындағы тұзға келіп апталап жатып кететін еді. Екі-үш үйдің адамдары бірігіп, қойын сойып, басқа да азық-түлігін түгендеп, тұзға аунап жататын. Сонда естігеніміз, бұл жердің тұзы буынға пайдалы, басқа да сырқаттың алдын алуға септігі бар дейтін әңгіме болатын. Естуімше, әлі де ел-жұрт өз бетімен барып жатады екен. Бірақ келген жұртқа бағыт-бағдар беретін, қызмет көрсететіндей жағдай жасалмаған. Ал шындап қолға алынса, осы жерден пансионат немесе шипажай ашып қойса да болар ма еді?!

Ал қорықтың басында турис­тер үшін ішкі саяхат ұйымдас­тыруға, жай демалуына жағдай жасап қойса, өз елімізден ғана емес, шетелден де туристер келер еді ғой. Мәселен, қорық басына қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін бір жақсы қонақ үй салып қойса келушілер көбеймесе, азаймас еді. Әрине, қазір мұнда ешкім келмейді деп айта алмаймыз, өйткені мемлекеттік қорық болғандықтан келушілер болатыны сөзсіз. Ал ондай қонақтарға қорғалжындық Марат Әлімжанов жетекшілік ететін «Дударай» ансамблінің әншілері мен күйшілері өздерінше қызмет көрсетіп жүргенін білеміз. Олар қолда бар мүмкіндігімен киіз үй тігіп, концерт ұйымдастырады.

Түйіндеп айтқанда, ғалым­дардың пайымдауынша, Жә­ні­бек хан орда тіккен, қол бастаған батырларымен, өнер қайраткерлерімен, еңбек ерлерімен, атақты спортшыларымен, қаймағы бұзылмаған қазақ­шылығымен аты шыққан Қорғалжын өңіріндегі тек қана Қазақ­станның емес, бүкіл Орта Азия­дағы аң-құсқа мейірлі мекен болып отырған ерекше табиғат маржаны  саналатын Қорғал­жын мемлекеттік  қорығын  туризм­нің ошағына айнал­дыруға болар еді деген ой келеді. Ол үшін Үкіметтің туризмді дамытуға қатысты  жоба­ларына Қорғалжын қорығын қосса нұр үстіне нұр болар еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды