Қордайдағы қақтығыс

0 23

7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында болған жаппай төбелестен 10 адам қаза тауып, 40-тан астам адам жарақаттанды. Осы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы мәлімдеме жасады. «Бүгін түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес, жанжал болды. Осыған орай, мен Үкімет комиссиясын құруды тапсырдым» деді Мемлекет басшысы.Іле-шала Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қордай ауданындағы жанжалға қатысты ОКҚ-да баспасөз мәслихатын өткізді. «Қоғамдық тәртіпті сақтау және заңсыз әрекеттерді болдырмау жөніндегі қызметтік міндеттерін орындау кезінде полиция қызметкерлері түрлі жарақаттар алды, оның ішінде екеуіне оқ тиді» деді ҚР ІІМ Ерлан Тұрғымбаев. Оқиға 7 ақпанда Қордай ауданын­дағы Сортөбе ауылында патрульдік полицияның «Honda Odyssey» маркалы көлігін тоқтатуынан басталған. Ресми мәліметке сәйкес, көліктің мемлекеттік нөмірі талаптарға сай болмаған. Ал құжатты тексеру кезінде өзге де заң бұзушылық анықталған. Ол адамдар полиция қыз­меткерлерінің учаскелік бекетке бару туралы талабын орындамай, қашып құтылуға тырысады. Сөйтіп өз үйіне қашып келеді. Сол жерде оған туыс­тары көмектесіп, полицейлерге жабылады. Осы оқиға бойынша 47 адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізіліп, олардан екі аңшы қаруы тәркіленген. ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және соған қатысу) және 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев журналистер қауымын Қор­дай ауданында болған қай­ғылы жағдай жөнінде ақпарат бергенде мұқият болуға шақырып, азаматтарды алаңдататын, елді шулататын мәлімет бермеуді сұрады. Ол жалған ақпарат таратқандар жазалатынын айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақ­сатында ҚР Премьер-
министрі Асқар Маминнің өкімімен Жамбыл облысының Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы құрылды. Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтік комиссия Қордай ауданындағы ахуалды тыныштандыру, қираған
сауда орындарының, үйлердің, көліктердің шығынын есептеу бағытында жұмыс атқаруда.
Зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде 5 тонна ұн, 1,5 май, 2 тонна қант, 2 тонна күріш, балаларға жаялық, жылы киімдер, 10 мың дана дәрі-дәрмек Жамбыл ауданынан жіберілген. Бұл заттарды Жалпақтөбе ауылының тұрғындары жәрдем, демеу болсын деп ерікті түрде жинапты. Жеткізілген заттар штабқа түсірілді. Енді шетінен қажет болған жағдайда көмекке мұқтаж жандарға тарату шаралары ұйымдастырылады. Сондай-ақ Премьер-министр­дің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Қордай ауданындағы оқиғадан кейін қалпына келтіру жұмыстарына қаржы бөлінетінін айтты.
Мемлекет басшысы Қордайдағы оқиғаға байланыс­ты мәлімдеме жасағанда «қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады» деген болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында кісі өліміне, тұр­ғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары С.Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Б.Байтөлені жұмыс­тарына салғырт қарағаны үшін қыз­метінен босатуды тапсыр­ды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ҚР Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы А.Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Айқымбековті қызметінен алуды міндеттеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды