«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қоқысты кәдеге жаратудың келешегі қандай?

0 755

Мұның алдында біз жаһанның ірі шаһарларында тазалық сақтау мәселесіне байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстардың тәжірибесі туралы әңгімелеген едік. Енді сол қалалардағы тазалықты қалпына келтіру мақсатында сыртқа шығарылатын қоқыстардың содан кейінгі тағдыры жайына назар аударғымыз келеді. 

Қазір кез келген орта деңгейлі қаланың сыртындағы күл-қоқыс төгетін орындарда жыл сайын әлденеше жүздеген мың тонна тұрмыстық заттар қалдықтары жиналып қалып жатады. Олардың қоршаған орта мен адамға тигізетін залал-зардаптары да аз емес. Жерде жатып бұзылған сол үйінділерден ауаға қаншама улы-зәрлі иіс тарайды, жан-жаққа ұшып түсіп, су мен топырақты бүлдіреді. Сондықтан соңғы жылдары әлемнің ірі орталық қалаларында осы шөгінді шоғырды қалдықсыз кәдеге жарату, технологиялық жолмен қайта өңдеп, өндірістік негізде басқа нәрселер жасап шығару қызу қолға алынып жатыр.
Биылғы жылдың басында Мәскеу маңындағы аты бәрімізге жақсы мағлұм Волоколамск қаласы маңындағы «Ядрово» күл-қоқыс полигоны айналаның экологиялық ахуалын күрт нашарлатып жіберуіне байланысты төтенше жағдай жарияланды. Наурызда Мәскеу түбіндегі Дмитров ауданының тұрғындары «Непейно» қоқыс орнына байланысты дабыл қақты. Өткен жылғы жазда Балашиха қаласының тұрғындары осындай себеппен тіпті Владимир Путинге дейін шағым жасаған болатын. Осыдан кейін жергілікті билік бұл мәселені жеделдетіп шешудің жолдарын іздестіруге көшті.

Шынтуайтына келгенде, қала маңындағы күл-қо­­қыс­тарға байланысты туындайтын мұндай проблемалардың алдын алуға бола ма? Болады екен. Экологтар көбіне-көп бұған жауап ретінде Швецияның тәжірибесін алға тартады. Бұл елде күл-қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтардың 99 пайызы жинап әкетіледі. Шведтер мұнымен шектелмей, көрші елдердің қаңсықтарын да сатып алатын болып шықты. Осыған орай, қоңсыларынан қоқсық сатып алатын болса, өздерінде қалатын 1 пайызды бұлар қайда жібереді деген орынды сауалдың туатыны да анық. Сөйтсек, бұл олардың өңдеулеріне көнбейтін пластикалық ыдыс­тар екен. Оларды әлемде тек Қытай ғана өңдеуден өткізе алады. Аспан асты елінің технологтары мұндай ыдыстарды жаһанның барлық аумағынан дерлік алып тұратын көрінеді. Кешегі АҚШ–Қытай «сауда соғысы» кезінде мұхиттың арғы жағалауындағы ел полиэтилен қалдық заттары алынбай, біраз қиналып қалғанға ұқсайды.
Швецияның өзінде жалпы күл-қоқыстарының шамамен 50 пайыздайы ғана қайта өңделеді. Ал көрші елдерден сатып алуға мәжбүр болатыны – қалған бөлігі қоқсық жағатын зауыттардың сұранысын қамтамасыз ете алмайды екен. Сол сұраныс толмаса, өндіріс тоқтап қалады. Шведтердің қалдықпен күрестегі бұл тәжірибесі қолдауға тұрады. Бірақ әлемде қоқыстар көлемі жылдан-жылға көбейіп келеді. Мамандар тұрмыстық қатты қалдықтар мөлшері жылына 3 пайызға артып келе жатқанын айтады.
Қазіргі кездері тіпті жа­һанда қоқыс жинаушылардың да өз қаласы бар. Ол Египет астанасы – Каир қаласының шет жағын алып жатыр. Қалашық «Маншият-Насир» деп аталады. Қоныс 1969 жылы Каир әкімшілігі барлық қоқыс жинаушыларға қалдықтарды Мокаттам қыратының жанына апарып төгуді міндеттеген соң пайда болған. Кейін Маншият-Насирдің көшелерін күл-қоқыс басып кеткен. Мұнда тұратын ер кісілер мен әйелдер, балалар келген қалдықтарды сұрыптаумен айналысады. Сол іс барысында бір отбасы пластикалық ыдыстарды жинауға маманданса, келесісі картон бұйымдарды іріктейді. Осылайша күл-қоқыстар қалашығының тұрғындары осы жерден металл, шыны, қағаз бұйымдарды қайта өңдеуге жөнелтіп тұрады. Олар қалдықтарды есек не ат жегілген арбамен тасиды. Әр арбаның үстіне биіктігі үш метрге жететін қалдықтар тиеледі.
Күл-қоқыстар проблемасы АҚШ-та да уақыт ұзаған сайын айрықша ушыға түсті. Мичиган университетінің мамандары Америкада қатты тұрмыстық заттар қалдықтарының 1960 жылдан 2014 жылға дейінгі көбею динамикасын жасап шыққан. Сонда бастапқы жылғы 88,1 млн тонна көлемнің 2000 жылға қарай 200 миллионның үстіне шығып кеткені анықталған. Елде қалдықтардың тек 52 пайызы полигондарға жіберілсе, олардың 12 па­йызы ғана қайта өңдеуден өткізіледі.
Ресейде жыл сайын 3,8 млрд тоннаға жуық түрлі қалдықтар пайда болады. Олардың ішіндегі қатты тұрмыстық заттар қаңсығы 63 млн тоннаны құрайды. Негізінен, тамақ қалдықтарынан, пластмассалардан, шынылардан, тоқыма бұйымдардан, картон мен қағаздан тұратын бұлар елдегі әр тұрғынға жылына 450 килодан келеді. Олардың бәрі де қайта өң­деуге жатады. Бірақ күл-қоқысты сұрыптап жүрген ешкім жоқ. Оның орнына үйіндіні қаланың сыртына шығарып тастау әлдеқайда оңай. Сондықтан елде қайта өңдеуден өтетін қалдықтардың мөлшері 4 пайыздан аспайды.
Осылайша бүгінгі таң­да күл-қоқыстар үйінді­лерімен күрес әлем қалаларының барлығында дерлік ең өзекті мәселеге айналып отыр. Оны жуыр маңда жеңудің мүмкін емес екені байқалады. Бірақ мамандар ауызды қу шөппен сүртіп, қарап отыра беруге болмайтынын да айтады. Оптимистер бұл ретте күл-қоқыстардың аса бағалы ресурстар көзіне айналатынын алға тартады. Себебі табиғаттың қазба байлықтары таусылған немесе олардың қалдықтарын өндіру рентабельділігін жоғалтқан кезде жұрттың көбі шығыны аз, шығымы көп күл-қоқыстар үйінділерін реттеумен шұғылданатын кәсіби мамандар бола бастайды.
Бұдан бұрын біз Жапония қалаларында тұрмыстық қалдықтардың қалай реттеліп тұратыны турасында жазған едік. Енді қала сыр­тындағы күл-қоқыстарды жаппай қайта өңдеу жүргізілген кезде оларды алдын ала сұрыптап отырудың қажеттілігі айрықша қатты біліне бастайтыны да анық. Сол кезде Күншығыс елінің жұрты қолданып жүрген ізгі істерге кеңінен жол ашылатын болса керек. Олай дейтініміз, жапондар тұрғын үйлер кешендері жанындағы күл-қоқыстар жәшіктеріне өздері әкелген қалдықтарды қалай болса солай тастай бермей, оларды өз тектеріне қарай «шыны», «қағаз», «пластик» деген сынды жазулары бар ыдыстарға салады. Бұл осы қалдықтарды қала сыртындағы полигондарға осы реттеріне қарай бөліп орналас­тыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде аталмыш әдіс қалдық заттарды содан әрі сұрыптап әкетуге көп жеңілдік әкеледі.

Бүгінде әлемде бұрын осындай үйінділердің орындары болған жерлерді қайта жаңғыртып шығудың нәтижесінде оларды адам танымастай өзгертіп жіберудің де көптеген деректері бар. Мәселен, Канар аралдарындағы Санта-Крус-де-Тенерифе қаласы маңындағы қарау­сыз қалған жер мен күл-қоқыс үйіндісі орнынан «Пальмеут» атты парк бой көтеріп шыққан. Қазір Тенерифенің мұхит жағалауында жүріп келе жатып, жасыл желек жамылған төбешікті көрген адам оның 70-жылдары биіктігі 40 метрге дейін жететін қоқыс полигоны болғанын тіпті көзге елестете алмас еді. Желдің ұйытқи соққан кезінде иіс-қоңымен бірге әртүрлі қалдықтары курортты қалаға қарай ұшатын «жиіркенішті жер» инженер-агроном Мануэль Кабальеороның бастамашылдығымен қысқа мерзім ішінде биік пальмалар сап түзеп, етегі көк шалғынға көмілген керемет ботаника бағына айналып шыға келді. Мұндай жағымды жайттар Германияның Дуйсбург кентінде де тіркелді. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында сондай жолмен «Фрешкиллс-парк» қатарға қосылды. Жалпы, мұндай оқиғалар тағы оншақты қалада орын алды.
Күл-қоқыс полигонымен күрес біздің Қазақстан қалалары, соның ішінде Астана үшін де таңсық емес. Мұндай проблемалар бізде де жеткілікті. Енді оны шешу жергілікті билік пен олардағы энтузиаст мамандардың ой-қиялдарының шеңберіне қарай жүзеге асатын болса керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды