Қоқыс түйткілі­ қалай шешіледі?

0 36

Қазақстанда 120 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар қордаланған, оның көлемі жыл сайын 4,5-5 млн тоннаға ұлғайып отырады. Өркениетті елдерде қоқыстың 70-90 пайызы өңделіп, қайта кәдеге жаратылады, ал бізде, керісінше, 90 пайызы іске аспай, рәсуа болады. Бұл жайт еліміз үшін күрделі проблемаға айналған. Елбасының тапсырмасы бойынша «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес, қалдықтарды өңдеу үлесін 2030 жылы – 40 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға көтеру көзделген. Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылдың соңына дейін қайта өңдеу көрсеткішін 75 пайызға жеткізу жоспарланған.

2019 жылдың 1 қаңтары­нан бастап еліміздегі поли­гондарда пластмасса, плас­­тика, полиэтилен, по­ли­этилентерефталат қап­шық­тарын, макулатура, картон және қағаз қалдық­тары, құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды, қорғасын-қышқылды батарейкаларды, электронды және электр жабдықтарын, түрлі түсті және қара металдарды көмуге тыйым салынған. Бірақ көпқабатты үйлерден шығатын қалдықтардың тек 1 пайызы ғана сұрыпталатындықтан, қоқыс жәшігінде олардың бәрі араласып кеткен. Қалдықтарды арнайы жәшіктерге бөліп салуға көпшіліктің мойны жар бермейді. Соның салдарынан тыйым салынған заттар күлтөкпеде ыбырсып жатыр. Ал еліміздегі макулатура өңдейтін «Алматықағаз» бен «Карина» компаниялары ай сайын қажетті 7 тонна шикізаттың 1 тоннасын Ресейден алдыруға мәжбүр.
Республикада қалдық­тарды өңдейтін 160 кәсіп­орын бар. Олар қағазды, шыныны, резинаны, алюминий мен қаңылтыр бан­каларды қайта өңдеумен айналысады. Тұрмыстық қалдықтар, тиісінше, сұрып­талмауы салдарынан, олардың қай-қайсы шикізат тапшылығын сезінуде.
Отандық кәсіпорындар макулатурадан қораптар, әжетхана қағазын, қағаз сүлгі жасайды. Полиэтилен пакет­терден – пластик құбырлар, нейлон жіптер, қаңылтыр банкалардан – ыдыс-аяқ, резинадан шланг өндіреді.

Шетел тәжірибесі:Швеция

Скандинавия жерінде қоқысты өңдеу жалпыұлттық сипат алған, бұл елде 99 пайыз қалдық өңделеді. Сондықтан мұнда тұрмыс­тық қалдықтар мүлдем тапшы. Қазір шведтер оны басқа мемлекеттерден сатып алуға мәжбүр болған. Норвегиядан жылына 800 мың тонна қалдық сатып алуға тілек білдірген.
Мемлекет халқы қолданыста болған бір плас­тикті жеті рет жаңартып, қайта пайдалануға болатынын біледі. Осыдан кейін ол электр стансасына өртелуге жіберіледі де, электр қуаты ретінде іске асырылады. Қоқыспен Стокгольмның 45 пайыз электр энергиясы қамтамасыз етіледі.
Мұнда әр отбасында түрлі қалдықтар – пластика, қағаз, шыны, картон, металл және басқалары үшін 6-7 шелектен бар. Тіпті Стокгольмде кішкентай баланың өзі конфеттің қағазын басқа контейнерге тас­тамайды. Балабақшаларда және мектептерде қоқысты дұрыс сұрыптауға үйретеді.
Теледидар, диван, құры­лыс материалдары сияқты көлемі үлкен заттар арнайы стансаларға тасымалданады. Оларды сол жерде бөлшектеп, тауар өндірушілерге сатады. Бояу, қышқыл және басқа зиянды заттар тұрмыстық химияны өңдейтін зауытқа жіберіледі. Қоқыс жерасты дәлізі арқылы жеткізіледі.
Шведтер ғимараттарды да мұқият бөлшектеп, құрылыс материалдарын бірнеше қайтара пайдалана береді.
Еуропаның басқа көптеген елдері сияқты елде қаңылтыр және пластик құтылар ақшаға өткізіледі. Мерзімі өткен дәрі-дәрмек дәріханаға тапсырылады. Онда шприцтер мен инелерді де қабылдайды.
Шведтер осы ісі арқылы ел ішін қоқыстан тазартып қана қоймай, оны залалсыз өңдеу тәсілін меңгерген. Қоқыс өртейтін зауыттардағы жаңа технологиялардың арқасында өңделетін заттардан атмосфераға шы­ғарылатын зиянды қалдықтар тек 1 пайызды ғана құрайды.

10 адамнан тұратын кеңсе қызметкерлері бір жылда бір ­тоннадай қағаз қалдықтарын жинайды. Егер осы шикізатты қайта өңдеп, екінші рет пайдаланса:
• 10 ағашты сақтайды (100 кг макулатура 1 ағашты сақтайды);
• 20 000 литр суды үнемдейді;
• 1000 кВт электр энергиясын алуға болады;
• Қоршаған ортаға зиянды СО2 қалдықтарын азайтады.

Финляндия

Дизайнерлік киімдерді ескі желкендерден, ыдыс ­жуатын щеткаларды пластик пакеттерден, ауылшаруашылық тыңайтқыштарын батарейкалардан, түтіндік өңешін күл-қоқыстан жасайтын озық технологиясы бар елдің бірі – Финляндия. Бұл елде де қалдықтардың 99 пайызы өңделеді.
Оның 41 пайызы екінші қайтара қолданылған қалдықтардан жасалып, қалған 59 пайызы өртеліп, энергия мен жылу көзі ретінде пайдаланылады. Жаппай қоқыс өңдеу ісімен айналысатындықтан, елде кейінгі жылдары 2000 күлтөкпе жабылған.
Хельсинкиде баспана саны 20 пәтерден асатын ғимараттардың бәрінде қоқыс­ты әдеттегідей тәсілмен де, органикалық заттарды, қағазды, картонды, шыныны, металдарды, ­пластикті бөліп жинау түрі де ұйым­дас­тырылған.
Финляндияда муниципалитеттер қоқыс жинау ісіне тікелей жауапты. Батарейкаларды кез келген тұрмыстық дүкендерге өт­кізуге болады. Жиһаз, құрылыс материалдары, электр жабдықтары арнайы орталықтарға жөнелтіледі. Тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын пункттердің үйге жақын орналасуы ескерілген, олар әр аулада дерлік бар.
Елде ресурстарды сақтау принципіне аса үлкен мән берілген. Өндірісте қалдықтарды мүмкіндігінше бірнеше қайталап пайдалану үрдісі кең таралған. Өнімнің материалдық циклда неғұрлым ұзақ уақыт айналымда болуын мақсат еткен.

Жапония

Жапонияның кішігірім Камикацу таулы аймағының тұрғындары тұрмыс­тық қалдықтарды түгелдей өңдеп, екінші қайтара пайдаланады. Қазіргі күні мұнда қоқыс 34 түрлі санатта сұрыпталады. Ал 2020 жылдан бастап ауыл тұрғындары полигондардан толықтай бас тартуға шешім шығарған. Олар бұған қалай қол жеткізіп отыр? Ең бірінші, қоқыс тасымалдаушы техника мен контейнерлерден бас тартқан. Әр отбасы өз қоқыстарының кәдеге жаратылуына өздері жауапты. Үйлері шашыраңқы орналасқан таулы аймақта қо­қыс­ты әдеттегі тәсілмен жинау экономикалық тұрғыдан тиімсіз болды. Сондықтан елді мекеннің ортасына үйлестіру орталығын ашты, онда әркім өздеріне қажет емес затты басқа біреудің затына айырбастап ала алады. Қалдықтарды жою үшін бөлінген қаржыны муниципалитет тұрғындарға көңді қордалау және азық-түлік сатып алу үшін лотерея билеті немесе ваучер ретінде берді. 2010 жылы қайта өңделетін қалдықтар 55 пайыз болса, бүгінде ол 90 пайызға жеткен.
Айта кетейік, Жапонияда егер заңды тұлғалар полимер қалдықтарын өздері сұрыптаса немесе өңдесе, салықты анағұрлым аз тө­лейді. Жеке тұлғаларға ком­муналдық қызмет төлемі бойынша басқа да жеңілдіктер қарастырылған.

Германия

Германияда қалдықтарды сұрыптаудың ерекше жүйе­сі қолданылады және бұл ел қоқыс өңдеу бойынша Еуропада үздік саналады. Әрбір орташа статистикалық бір тұрғын жылына 618 келі қалдық шығарады. Дегенмен оның 64 пайызы өңделеді немесе жойылады. Сұрыптау үй ауласынан басталады. Кез келген не­містің үйінде қалдықтарды салуға арналған 3 түрлі контейнер болады. Қоқысты дұрыс сұрыптамағаны үшін тұрғындарға көп көлемде айыппұл салынады.
Алмания тұрғындары қоқысты материалына қарай ғана емес, сондай-ақ шыны болса, оның түсіне қарай да бөлек жинайды. Жыл сайын мемлекетте құны жарты триллион еуро болатын шикізат өңделеді.
Қоқысты жаққан кезде бөлінетін энергияны неміс­тер үй жылытуға және ыстық сумен жабдықтау жүйесіне пайдаланады. Статистикаға сүйенсек, неміс өнеркәсібі 14 пайыз шикізатты нақ осы қалдықтардан алады. Немістердің коммуналдық қызметі 3 айда бір рет ауқымы ірі қалдықтарды (жиһаз, тұрмыстық техника) жинайды.
Германияда қоқыс жинау­мен айналысатын компаниялар табысының жиынтық айналымы жылына 50 миллиард еуроны құрайды. Сондықтан кейбір сарапшылар неміс нарығында «жасыл» экономика жақын уақытта бүгінгі автомобиль жасау ісінен де қомақты үлеске ие болады деп санайды.

 Польша

Барша өркениетті әлем көптен бері қоқыс өңдеумен айналысады. ЕО елдері 2030 жылға қарай Кәрі құрлықта өндірілетін қалдықтардың тек 10 пайызы ғана күлтөкпеде сақталуы тиіс деп санайды. Польшаның Жары қаласында қалдық өңдейтін кешеннің жұмыс істеп тұрғанына үш жыл болды. Оған ондаған ауылдар мен қалалардан қоқыс жеткізіледі. Зауыт жылына 60 мың тонна қалдық өңдейді. Жүк тасушы көліктер қоқысты зауыт қоймасына төгеді, ол әрі қарай автоматты құрылғы арқылы арнайы желіге түседі. Сол жерден сұрыптау басталады.
Зауытта процестердің көпшілігі автоматтандырылған, бірақ қолмен атқарылатын жұмыстар да аз емес. Жұмыс процесін желі операторы бейнебақылау арқылы қадағалап отырады. Ондаған контейнер желісі мен арнайы сүзгіштер қоқысты түрлеріне қарай сұрыптайды (пластика, қағаз, шыны, картон, металл және басқалары).
Қайталап пайдалануға болатын шикізат түбегейлі өңдеу кәсіпорнына жөнелтіледі. Металдан тазартылған қоқыс қордаландыру үшін жабық тоннельде сақталады. Төрт апта бойы быршыған шикізат сауда орындарында бау-бақшаның тыңайтқышы ретінде сатылады.
Зауыттың заманауи жабдықтарының арқасында өңдеуден кейін күлтөкпеде 20-25 пайыз ғана қалдық қалады. Жалпы, Польшада 60 пайыз қалдық өңделеді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × three =