Қоқыс өңдеудің жаңарған технологиясы

0 22

Бас қаладағы қоқыс өңдейтін зауыт қайта жаңартылып, өңдеу қуаты екі есеге дейін ұлғаяды. Қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жалғасады. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті.

«Қоқыс өңдеу кешенінің аумағына күніне 1 мың тоннаға дейін қоқыс қалдықтары шығарылады. Сол жерде сұрыпталып, қайта өңделеді. Мемлекет басшысы экология мәселелеріне, атап айтқанда, заңнамалық базаны қамтамасыз ету мен «waste to energy» технологиясын енгізу үшін қолайлы инвестициялық жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп отыр. Экология жағдайының нашарлауына жол бермей, рұқсат берілмеген қоқыс орындарын көбейтпес үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп бірқатар шаралар қабылданды» деп жазды А. Көлгінов инстаграмдағы парақшасында.
Қала басшысы бұл бағыттағы жүйелі түрде атқарылатын іс-шараларға кеңінен тоқталды.
«Біріншіден, қоқыс өңдеу зауытын қайта жаңартып жатырмыз. Жаңарған кәсіпорын қуатын жылына екі есе, яғни 250 мың тоннадан 450 мың тоннаға дейін арттырады. Қалдықтар жартылай автоматты түрде сұрыпталмақ.
Екіншіден, полигон екі ұя­шықтан тұрса, оның біреуі әбден толып қалған. Салаға жауапты органдармен бірлесіп полигонға рекультивация жүргіземіз.
Үшіншіден, былтыр «Северная гряда» кенішіне рекультивация жүргізе отырып, құрылыс қалдықтарын қоймаға жинап, қайта өңдейтін алаң құрылысын бастадық. Бұл экология мен санитария-эпидемиология жағдайын айтарлықтай жақсартады. Алаңда кірпіш, асфальт, бетон қалдықтары және т.б. құрылыс қалдықтарын қайта өңдейтін ұсату кешенін орнату қарастырылған. Сонымен бірге, мысалы, құрылыс қалдықтарының 50% қиыршық тасқа, 10-15% арматураға және т.б. өңдеуге болады.
Төртіншіден, қатты тұрмыс­тық қалдықтарды бөлек жинау жұмыстарын жалғастыра береміз. Ол үшін қалада контейнерлер орнатылды. ТҚҚ өңдеу деңгейі – 75%, қайталама шикізатты алу 17% көрсеткішіне жетті. Бұл көрсеткіштерді жоспарлы түрде арттыру қажет. Құрамында сынабы бар шамдарды жинау үшін қала бойынша 530-дан астам арнайы контейнер орнатылды. Бүгінгі таңда 500 мыңнан астам дана жиналып, кәдеге жаратылды.
Пандемия басталғалы бері адам көп жиналатын жерлерде медициналық заттарды, маскаларды, қолғаптарды және т.б. тастайтын арнайы контейнерлер орнатылды. Бесіншіден, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 300-ге жуық полигон жойылды» деп жазды әкім.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + six =