Қоқыс өңдеу зауыты жаңғыртылады

0 15

Бас қалада қоқыс өңдейтін зауыттың жұмысы жаңғыртылуда. Жобаны іске асыру кәсіпорынның қуатын екі есе – жылына 250 мың тоннадан 450 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді, ал қалдықтарды сұрыптау түрі жартылай автоматқа ауыстырылады. Бұл процестің өзін жеделдетіп, одан да көп қоқысты қамтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов тұрғындарды хабардар етті.«Жыл сайын халық санының қарқынды өсуіне байланысты қалада тұрмыстық қатты қалдықтардың көлемі 10-15 пайызға артып келеді. Бұл өз кезегінде экология мен тұрғындарға тікелей әсер етеді. Бүгін осы бағытқа қатысты мәселелер бойынша қоқыс шығарумен айналысатын кәсіпорындармен кездесу өтті. Қала бойынша контейнерлер санын көбейтуді, рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою жұмыстарын күшейтуді тапсырдым» деп жазды қала әкімі Instagram парақшасында.
Қала басшысы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинау жалғасатынын жеткізді. Ол үшін қала бойынша контейнерлер орнатылған. «Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу деңгейі 75 пайызға, қайталама шикізатты алу көрсеткіші 17 пайызға жетті. Бұл көрсеткіштерді жоспарлы түрде арттыру қажет» деп түсіндірді А.Көлгінов.
«Бұдан басқа, «Солтүстік тізбегі» карьерін қалпына келтіре отырып, құрылыс қалдықтарын бір жерге жинақтау және қайта өңдеу үшін алаң салуға кірістік. Бұл экология мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды айтарлықтай жақсартады. Полигон екі ұяшықтан тұрады, біріншісі толып қалған. Құзырлы органдармен бірлесіп, полигонның ұяшығын қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз. Пандемия басталғаннан бері адамдар көп жиналатын жерлерде медициналық заттарды, маскаларды, қолғаптарды және т. б. тастауға арналған арнайы контейнерлер орнатылды» деді әкім.
Сондай-ақ елорда әкімі қоқыс тастауға рұқсат етілмеген жерлерді жою жұмыстары жалғасатынын мәлім етті. Оның айтуынша, құрылыс нысандарына мониторинг және рейдтер жүргізу бойынша жедел топ жұмыс істейді, экополигонға құрылыс қоқыстарын шығару бойынша тексерулер жүргізіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × four =