ҚОҢЫРМЕН ҚАЙТА ҚАУЫШУ

0 209

«Қоңыр екі халықтың арасындағы ұлы тарихи қандастықты жан-жақты дәлелдеп қана қоймай, ел мен елдің бірлігі, ортақ мәдениеттің гүлденуі, өзара қатынастардың кемелденуі жолында аянбай еңбек еткенін қазақ халқы мақтанышпен жадында сақтайды, үлгі-өнеге тұтады».

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев

 

Жақында ұлттық поэзиямыздың көрнекті өкілі Қадыр Мырза Әлінің жеке кітапханасы мен тұтынған бұйымдары Алматыдан ақынның туған өлкесі, Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласына жеткізілгенін естіген едік. Астана да сондай олжаға қарық болып қалды. Ерке Есіл бойына орда тіккен бас шаһарымызға алыстағы Дунай жағасынан мажарстандық түркітанушы ғалым, белгілі қоғам қайраткері, бар саналы ғұмырын түркі халықтарының бірлігін бекемдеу жолына арнаған Иштван Қоңыр Мандокидің 16 мың кітабы мен қолжазбаларынан тұратын бай рухани мұрасы әкелінді. Осыған орай Бейбітшілік және келісім сарайында тұтас түркі дүниесіне ортақ тұлға атындағы кітапхана ашылып, «Иштван Қоңыр Мандоки мұрасы: Ұлы далада ұрпақтар үндестігі» атты халықаралық форум өтті.

1944 жылы Мажарстанның Карцаг қаласында дүниеге келген Иштван Қоңыр Мандокидің арманы – Еуропадағы куман-қыпшақтардың ұмыт болған тілін, ділін жаңғырту болатын. Сол мақсатта ол сан экспедицияға шығып, Шығыс Еуропадағы Балқан түбегінен бастап, Орта, Кіші, Кіндік Азия және Қазақстан, Қырым, Орал, Алтай, Памир, Орхон бойын түгел аралап, түркі халықтарының жоғын түгендеді. Қазақ даласына келгенде оның жанынан өзі сияқты өр рухты тұлғалар табылып, бағыт-бағдар сілтеп отыратын. Солардың бірі – қазақ көркем сөзіне мол олжа салған Қазақстанның Еңбек ері Әбіш Кекілбайұлы кітапхананы ашып беріп, әруағы бір аунап түскен рухани бауыры жайында тебірене сөйледі. Мандоки Мажарстан мен Қазақстанды байланыстыратын алтын көпір болғанын атап өткен қазақ әдебиетінің абызы түркілердің ұлы тарихына шолу жасап, кешегі күнімізге сапар шеккізді.

Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған салиқалы жиында түркітанушы ғалымның мұраларын насихаттап, қолжазбаларын жарыққа шығару, Қоңырдың өмірі мен шығармашылығына қатысты басқа да маңызды мәселелер қозғалды. Оның көзін көргендер өз естеліктерін айтып, көңілдеріне түйгендерін ақтарып салды.

«Мажар-түркі байланысына дәнекер болған Иштван Қоңыр Мандоки бұл күндері алты Алаштың аңыз тұлғасына айналды. Тарихи сергелдеңде атажұртынан ажырап қалып, Еуропада қоныс тепкен қыпшақ бабалаларының асқақ арманын жалғап, жеті жарым ғасырдан соң ботадай боздап келіп, түркі даласынан тамырын іздеуі – Қоңырдың ерлігі болып саналады» деді форумды ашқан Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.

Одан кейін сөз алған ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ел үшін еңіреп туған ерлердің есімдері ешқашан ұмытылмайтынын, сондай ерлердің қатарынан Иштван Қоңыр Мандоки да табылатынын, оның түркі елдері арасындағы тарихи-мәдени қарым-қатынасты зерттеп, жаңа деңгейге көтергенін айтты. «Қазақтар Мандокиді Қоңыр деп біледі. Атына заты сай – Қоңыр десе, қоңыр еді ғой» деп түйіндеді сөзін Дүйсен Қорабайұлы.

Түркі Кеңесі бас хашысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы өзінің басшысы Рамиль Хасановтың Халықаралық Түркі академиясына жолдаған хатын оқып берді. Онда Иштван Қоңыр Мандоки түркі мәдениетінің іргетасын  қалаған Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи, Ашик-паша-заде, Катиб Челеби сияқты тұлғаларды және олардың мұраларын қастер тұтқаны айтылып, Қоңырдың түркі дүниесіне сіңірген еңбегі жақсы көрсетілді.

Иштван Қоңыр Мандоки мұрасының елордаға жеткізілуіне осы жөнінде бірнеше жыл бұрын ұсыныс айтқан белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков пен оның іске асуына жағдай туғызған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің еңбектері айрықша сіңді. Соған байланысты басқосуда қала басшысының құттықтау хаты оқылды. Ондағы «Иштван Қоңыр Мандоки сынды әлемдік деңгейдегі ғалым ағамызды жүзбе-жүз танып, кеңесін тыңдап, сан мәрте кездескен сәттерімді өмірімнің айрықша кезеңі деп білемін» деген жолдардан Қоңыр тұлғасы Иманғали Нұрғалиұлына да аяулы екені аңғарылды.

Венгрия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Имре Ласлоцки елімізге келген венгр азаматтары өз аманаты бойынша Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленген Иштван Қоңыр Мандокидің басына барып, әруағына тағзым етуді дәстүрге айналдырғанын айтып өтсе, оның сөзін жалғаған Венгрия Парламенті вице-спикерінің кеңесшісі Шандор Дороги Қоңырдың Кеңес дәуірінің өзінде-ақ түркі халықтарының тілі сақталуына жатпай-тұрмай алаңдағанын, түркі халықтары түбінде туған тілдерінде еркін сөйлей алатынына сенгенін әңгіме өзегіне айналдырды.

Еуразия ұлттық университетінің профессоры, қыпшақтанушы ғалым Болат Көмековтің сөзі Дороги мырза айтқанының дәлеліндей естілді. Иштван Қоңыр Мандоки 1976 жылы Болат ағасына алыстан хат жолдапты. Онда өзі туралы мәлімет бере келіп, қыпшақ екенін айтқан. Содан 1977 жылы қазақ даласына табаны тиіп, әуежайда ұшақтан түскен бетте ағасының ыстық құшағына енген. «Қоңыр алғаш келген жылы «мұндағы қазақтар неге орысша сөйлейді, қазақы мінез, әдет-ғұрыптар неге ұмытылып бара жатыр, бостандық қайда, неге басқа ұлттар көбейіп кеткен?» деген сұрақтардың астына алды мені. Кездескен адамдарына ой салып, сана-сезімін оятып кететін. Мұндай тұлғалар табиғатта өте сирек болады» деді Болат Көмеков сол жылдарды еске алып.

«Манас» Қырғыз-Түрік университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Қадырәлі Қоңқабаев, Уфа ғылыми-зерттеу орталығы Тіл-әдебиет және тарих институтының директоры Фирдаус Хисаметдинова, «Мадияр-Тұран» халықаралық қорының президенті Биро Андраш, Татарстаннан келген профессор Фарид Хакимзянов, Түркияның «Башкент» университетінің профессоры Суер Екер, ғалым Ерден Қажыбек сондай естіліктерімен бөлісіп, түркітану ғылымындағы өзекті мәселелерді қозғады.

Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік: «Тарихи тұлғаларды танып-білу қоғамның ой-өрісіне, ұлттық сананың өсіп-жетілуіне ықпал ететіні сөзсіз» деп, ұрпаққа үлгі қылатын адамдардың қатарынан Иштван Қоңыр Мандоки де табылатынын айтты.

Атаулы шараға Иштван Қоңыр Мандокидің жары Оңайша Мақсұмқызы мен ұлы Атлан да қатысқан еді. Дархан Қыдырәлі Оңайша апамыздың жұбайының мұрасын сақтап-насихаттаудағы қазіргі атқарып жатқан еңбегін Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқайдың зайыбы Марияның еңбегімен қатар қойды. Түркі Академиясының президенті ұрпаққа өнеге болатын әңгімені де келтіре кетті. «Оңайша апамыз ұзатылып жатқанда оның әкесі қазақ үй сыйлаған екен. Шаңырақ артылып жатқан сәтті Қоңыр ағамыз бақылап отырыпты. Артқан жігіттер оны төмен ұстап келе жатқанда Қоңыр: «Бұл – шаңырақ, мұны біз жоғары ұстауымыз керек» деп ескерту жасапты. Жігіттер шаңырақты қойып, оның үстіне отырғанда Қоңыр ағамыздан тағы: «Шаңыраққа отыруға болмайды, бұл – жалпы көшпелі жұртында, біздің ұлы дала мәдениетіндегі ең қастерлі бұйым» деген ескертуді естіпті» деді Дархан Қыдырәлі.

Қоңыр Иштван Мандокидің биылғы 70 жылдығына арнап Халықаралық Түркі академиясы оның бейнесі бедерленген арнаулы медаль шығарды. Ғалымның жары бастаған бірнеше адам сол медальмен марапатталды. Марапатталғандардың арасында Астанада «Тілеп Қобыз сарайын» салдырған Сапар Ысқақов, Алматыдағы №154 мектепке Иштван Қоңыр Мандокидің аты берілуіне еңбек сіңірген, осы мектептің тұңғыш директоры Ернар Мәсәлім де болды.

Жиында Астанада да Қоңырдың атына мектеп пен көше беру туралы қарар қабылданды. Олардан бөлек, қарарға Мандоки еңбектерінің библиографиясын жасау, ғалымның кітапханасын Халықаралық Түркі академиясының есебіне алып, оқырманның игілігіне жарайтын мүмкіндік туғызу, қолжазбаларын зерттеу мен жарыққа шығару, Анкара қаласында Қоңырдың 70 жылдығына байланысты ғылыми конференция өткізіп, кітаптарын түрік тіліне, одан басқа да түркі халықтарының тілдеріне аударып шығару, мажарлардың түркі тарихындағы орнын антропологиялық, мәдени, этнографиялық, тілдік және тарихы тұрғыда қайта қарау, Астанада ескерткішін орнату, Уфа мен Бішкек қаласында да Қоңырға арналған ғылыми жиындар өткізіп, Қырғыз Республикасы астанасында да атына көше беру, жас ғалымдарға Қоңыр атындағы стипендия тағайындау ұсыныстары енгізілді. Антрополог ғалым Оразақ Смағұл Мандокиге Халықаралық Түркі академиясының академигі атағын беру туралы ойын жеткізді. Оған Дархан Қыдырәлі тиісті ереже әзірленіп жатқанын, ол мәселе алдағы уақытта қаралатынын айтты.

 Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − ten =